Telegram арқылы есірткі сатқан мектеп оқушысы 7 жыл 6 айға сотталды
Telegram арқылы есірткі сатқан мектеп оқушысы 7 жыл 6 айға сотталды
Фото: trashbox.ru
261
оқылды
Биыл бес айда Атырау облысының аумағында кәмелет жасқа толмаған 20 оқушы қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Психотроптық заттарды сақтау, тасымалдауға қатысты айыппен  7 жыл 6 ай мерзімге сотталған оқушының қателігі қатарластарына сабақ бола ма, жоқ па?.. Жыл басынан бері ересек өмірге қадам баспағандар тарапынан 13 ауырлығы орташа және 7 ауыр қылмыс жасалған. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Бәкіровтың айтуынша, кәмелет жасқа толмаған оқушы Telegram-да жұмыс тәжірибесі жоқ, жалақысы жоғары жаяу курьер қажет екені туралы хабарландыруды тапқан. «Осы хабарландыруға қызығушылық танытқан жасөспірім курьердің жұмысы деп психотроптық заттарды жасырын орындарға салу, жеңіл жолмен баю мақсатын көздейтінін түсініп, аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар мен соған ұқсас заттарды өткізу мақсатында сақтау, тасымалдау, өткізуге бағытталған электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы көрінген қылмыстық ниеті анықталды. Нәтижесінде оқушы 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Бәкіров. Сайып келгенде есірткі есті алған қоғамда кәмелет жасына жетпеген балалардың сотты болуы, ата-аналар тарапынан қатаң қадағалауды талап етеді.

Атырау облысы