Президент Ұлттық банк төрағасына инфляцияны ұстап тұруға бағытталған бірқатар міндет жүктеді
Президент Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыртқы және ішкі нарықтардағы ахуал, инфляцияға қатысты болжам және оның қарқыны, сондай-ақ алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берілді. Ғалымжан Пірматов Президентке мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы мен ұлттық төлем жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстарын айтты.Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-кредит саясатын тиімді жүзеге асыруға, инфляцияны ұстап тұруға және қор нарығының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.