Жастар мәселесі көтерілді
Жастар мәселесі көтерілді
365
оқылды
«AMANAT» партиясы Шы­ғыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог ала­ңын­да «Жастар және жұ­мыс­сыздық» тақырыбында алғаш­қы отырыс өтті. «TALQYLAU» қоғамдық диа­лог алаңы Шығыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараны партия жастар қана­ты­ның облыстық филиалытөра­ғасы Алмас Айтмұқаш жүргізіп, қоғам­ның басты қозғаушы күші сана­латын жастардың мәселесін та­қырыпқа тұздық етті. Түйткілді мәселелер жайында қоғам белсен­ділері ойларын ашық айтып, оның шешілу жолдарын қарастырды. Қоғам белсенділерінің ойы мен пікірі бір арнада тоғысқан ке­лелі кездесуде жастар мәселесінің шешілу жолдары да жан-жақты талқыланды. Әңгіме қыза келе олардың бәсекелестікке қабілет­тілігі мен мамандық таңдаудағы немқұрайлылығы да айтылды. Сондай-ақ оларға қатысты идео­ло­гиялық жұмыстардың кемшін тұстары сараланды. Жастардың сапалы білім алуы мен тұрақты жұмысқа орналасудағы кедергілер әңгіме өзегіне айналды. «Өңірімізде алғаш рет өткізіліп жатқан «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында жастардың мә­селесі көтерілді. Мұндай алаңдарда қоғамдағы өзекті проблемалар ор­таға салынып, талқылануы өте дұрыс бастама. Себебі біз кез кел­ген түйткілді тек талқылап қана қоймай, оның шешу жолын да бірлесе іздейтін боламыз. Бүгінгі отырысқа қатысушылар тарапы­нан және тікелей эфир арқылы желі қолданушыларынан көптеген сұрақтар келіп түсті. Азаматтардың сұрақтарына барынша жауап беруге тырыстық», – дейді ШҚО мәслихатының депутаты Айбек Нұғұмаров. «TALQYLAU» қоғамдық диа­лог алаңы отырысы партияның облыстық филиалының әлеумет­тік желілеріндегі ресми парақша­ларында тікелей эфир арқылы таратылды. Желі қолданушылары тақырып аясында сұрақтарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.