Балалар тәжірибе нысанына айналды – Мұрат Бақтиярұлы
Балалар тәжірибе нысанына айналды – Мұрат Бақтиярұлы
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бастауыш сыныптарда үш тілді меңгеру қиын екенін айтып, жаңа шешім қабылдады. Министрдің айтуынша, енді қазақ мектептерінде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылмақ. «Әдістеме тұрғысынан алғанда, бұл – дұрыс бағыт» деп отыр министр. Бұған сенатор Мұрат Бақтиярұлы не дейді? Біз сауалымызды сенатордың өзіне қойдық. – Бұған дейін бастауыш сыныптардағы үштілділік мәселесін бірнеше рет көтергеніңізді білеміз. Министрдің бұл жолғы шешіміне қалай қарайсыз? – Бұл туралы жақында вице-премьер Ералы Тоғжановтың да атына депутаттық сауал жолдадым. Онда: «Әлемдік банк зерттеуі бойынша елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінің таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алып жатыр. Әлемдік банктің зерттеуінше, қазір еліміздегі адами капитал индексі бар-жоғы – 63 пайыз. Бұл индекс – бала туғанынан бастап, 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Біздің білім жүйесі осылардың 63 пайызын беріп отыр» деген едім. Одан бөлек, Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір елінде кішкентай баланы үш тілде оқытпайтынын айттым. Негізгі мәселе – үштілділікке қатысты. Әрине, ағылшын тілін білуі – уақыт талабы. Бірақ ойлау мен сана жүйесі әлі толық қалыптаспаған бірінші сыныптағы, балабақшадағы қазақ бүлдіршіндеріне бірден үш тіл оқытуға қандай қажеттілік бар? Министр бірінші сыныптан шет тілін алып тастайтынын айтыпты. Екінші сыныпта орыс тілін, үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін қосамыз деп отыр. Бұл жартыкеш шешілген дүние секілді. Бұлай жауырды жаба тоқуға болмайды. Үштілділікті бастауыш сыныптардан алып тастау қажет. Сонда ғана біз Сағадиев енгізген «сынақты» түзей аламыз. – «Бастауыш сыныпта шет тілін оқытқан дұрыс емес» дейтін пікірлер жиі айтылады. Жалпы, шет тілін қай сыныптан бастаған абзал? – Әлемдегі ең мықты отыз елдің ішінде екі тіл бірінші сыныпта тек екі мемлекетте, екінші сыныпта – бес, ал төртінші сыныпта – тек 12 мемлекетте оқытылады. Шынайы сауаттылық – бұл өмірді білу, таңдаған мамандықты терең меңгеру, өмірлік сұраныстарға жауап бере алатын дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру. Сондықтан ел ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаев шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауы бойынша бесінші сыныптан бастаған дұрыс және тиімді деген пікір білдірді. Ең тиімді шешім – шет тілін оқытуды бесінші сыныптан бастаған абзал. Әрі баланың оқып-үйренуіне де мүмкіндік туады. Мектеп партасына жаңадан отырған әлі әріп білмейтін кішкентай балаға тіл үйретемін деу – бекершілік. – Білім саласына қандай реформа жүргізген дұрыс? – Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсетеді. Атап айт- қанда, 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар 820 колледж, 600 мың студенті бар 120 жоғары оқу орны және жарты миллионнан астам мұғалімдер мен педагогтардың жұмыстарын үйлестіру керек. Бұл – бір министрлікке өте үлкен салмақ. Сондықтан да кеше ғана Президентіміз айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санаймыз. Осы кезге дейін біз еліктемеген ел қалмаған шығар. Олар бізге қажет пе, мүддемізге сай ма, оған бас ауыртпаған секілдіміз. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында еліміздегі көп реформаланған сала – білім беру саласы екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Тек соңғы 5 жылда «Білім туралы» заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ал мемлекеттік білім беру стандарты 2000 жылдан 2017 жылға дейін 7 рет өзгерді. Сонымен қатар бұл өзгерістерден тек кітап баспалары ғана пайда көрген шығар, ал балалар тек тәжірибе нысанына айналды. Бірақ бұл реформалардың нәтижесіне үңілген ешкім жоқ. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатыгездік пен озбырлыққа баруы – мұның бәрінің түп-тамыры білімде жатыр. Сондықтан ел боламыз десек, білімімізді түзейік!

Дайындаған Айым БЕКТҰР