Демографиялық дүмпудің жаңа дәуірі
Демографиялық дүмпудің жаңа дәуірі
© коллаж: Елдар Қаба
441
оқылды
Жаңа Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетуі мүмкін. Статистика мамандары қуанышты хабар айтты. Елдегі беби-бумға, демографиялық дүмпуге пандемия серпін беріпті. Әйтпесе, төтенше жағдай және қатаң ка­рантин, халық тұрмысының төмендеуі, коронавирус­тан басқа ауруға шалдыққан сырқаттарды аурухана­лардың қабылдай алмауы, індеттің өршуі демографияға қатты нұқсан келтіруі ықтимал деген қауіп болған. Енді демографтар «Үйде бол!» ұранымен қазақстан­дық­тардың үйлерінде қамалуы қайта бала тууға тың түрткі болғанын айтады. Жаңа рекордтық көрсеткіш тіркелді. Өрге басқан халықтың басы өседі Демографтар термино­логия­сында «беби-бумерлер» деген ұғым бар, бұл кез келген елде бала туу деңгейі шырқау шегіне жеткен шақта туғандарды біл­діреді. Еуропа, әлемдегі көптеген елдер мұндай құбылысты Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін, 1943-1962 жылдар аралығында бастан өткерген. Қазір онысы көр­ген түстей ұмытылды, ұзақ жылғы демографиялық құлды­рауға душар болды. Батыстың көптеген елі демографиясын тек мигранттар есебінен жақсартып жатыр. Ресейдің мемлекеттік ста­тистиканың федеральды қыз­метінің мәліметінше, елдегі тұрақты тіркеліп, тұрып жатқан тұрғындар саны 2022 жылдың басында 145 млн 478 мыңдай адам­ды құрады. Салыстырсақ, 2021 жылғы 1 қаңтарда 146 млн 171 мың адам болған. Яғни, ре­сейліктер саны тек 1 жылда 700 мың адамға кеміді. Демограф Марина Исаева­ның түсіндіруінше, демогра­фиялық дүмпудің бір ғажайып қыры бар: «Аталған құбылысты әлемдегі түрлі ғалым, ғылыми зерттеу орталықтары бұрыннан зерттеп келеді. Нәтижесінде ор­тақ бір тоқтамға тоқайласты. Оған сәйкес, беби-бумның бас­ты ұстыны – жеңімпаздар пси­хо­ло­гиясы. Екінші жаһандық соғыс­тан кейін әсіресе, жеңіске жеткен елдерде осы көрсеткіштің кере­мет өрістегені тіркелді. Қа­зір ке­дей елдерді айтпағанда, өз алдына үлкен мұраттар қойып, соған қол жеткізе алған елдерде халық саны табиғи түрде өсіп жатыр». Тіл-көзден сақтасын, қазақ­стандық демографиялық «жа­рылыс» 2019 жылы басталды, сол жылы 402 310 бөбек дүние есігін ашқан. Салыстыру үшін айтсақ, 2009 жылы, бір жылда 356 261 сәби өмірге келген. «Пандемияның екі жылы елімізде бала туудың ғаламат өсуіне әсер етті. Беби-бум тір­келген 2020 жылы республикада 426 824 бала туылды. Әйткенмен, келесі 2021 жылы ол рекорд тағы жаңарды: 446 491 нәресте туған. Яғни, 2020 жылғыдан 4,6 па­йызға, ал коронавирус жайла­ғанға дейінгі 2019 жылдан бірден 11 пайызға артты. Ал 2022 жыл­дың үш айында ғана 95,6 мың туу туралы акт тіркелді. Ресми статистикаға жүгінсек, туу коэффициенті жөнінен де халқымыз былтыр жаңа рекорд орнатты. Яғни, әр мың адамға 23-тен астам сәбиден келеді. Мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш бүгінде небәрі 9,71 ғана, яғни солтүстік көрші демографиялық шұңқырға құлдилап барады. Көрші Қытайда бұл көрсеткіш 8 ғана. Ал АҚШ-та – 56,6. Қазақстанның осы көрсеткі­ші қалай жақсарғанын мына саннан байқауға болады: 20 жыл бұрын елде бұл коэффициент бар-жоғы 14,91 болды. Бұйыртса, Қазақ елі жыл са­йын жарты миллионға және одан көпке артып отыратын дәрежеге жетуі мүмкін. Ұлттық статистика бюросы­ның дерегінше, 2022 жылдың басында Қазақстан халқының саны 19 122 423 адамға жетті. 2021 жылдың басында 18 879 552 адамды құраған. Көпбалалы отбасы – ұлттың алтын қоры Демографтар тағы бір ре­корд­ты тіркеді: республикада көп­балалы аналар саны қар­қынды артып келеді. 2020 жылы 384,9 мың көпбалалы отбасы болыпты. Ал 2022 жылғы мамыр­дағы жағдай бойынша 4 және одан көп баласы бар отбасылар саны жарты миллионнан асты. Нәтижесінде, қазір елде 1 әйелге орта есеппен 3 және одан көп баладан келеді (коэф­фи­циент 3,32). Мұндай рекорд­тық көр­­сет­кіш тек соңғы 2 жылда тір­­келген. Салыстырар болсақ, 1999 жылы осы коэффициент 1,8 бо­латын. Тиісінше, ол заманда тіпті екінші баланы туғысы кел­мейтін қазақ­стандық әйел көп еді. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің мә­ліметінше, 2022 жылдың ба­сы­нан көпбалалы отбасылар 110,1 миллиард теңге жәрдемақы алды. Соның ішінде тек сәуірде 503,8 мың отбасыға 27,9 млрд теңге жәрдемақы төленді. Бұл мемлекеттік жәрдемақыдан 4 және одан көп, бірге тұратын, кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар үміттене алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. Көпбалалы от­басылардағы әр балаға 12 525 теңге қарастырылған. 4 балаға – 49 100 теңге, 5 балаға – 61 383 теңге, 6 балаға – 73 666 теңге, 7 балаға – 85 948 теңге, 8 балаға – 98 016 теңге, 9 балаға – 110 268 теңге, 10 балаға – 122 520 теңге, 11 балаға – 134 772 теңге, 12-16 балаға – 147 024 теңгеден 196 032 теңгеге дейін төленеді. Жалпы, әрбір үшінші бала көп­балалы отбасында туады. Атап айтқанда, өткен жылы 125,1 мың бала немесе нәрес­телердің 28%-ы үлкен отбасы­ларда дүниеге келген. Беби-бумерлердің ақшалай сыйлығы қанша? Тұтастай алғанда, биыл ана мен баланы әлеуметтік қолдауға жалпы 1 триллионға жуық (898 млрд теңгеден астам) қаражат қарастырылды. Қазір 1,6 миллион балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәр­демақы алады. Ана мен ба­ланы әлеуметтік қорғау Қазақ­станда көп деңгейлі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асады. Жүйеге бюджеттен төленетін жәрдемақының 5 түрі мен Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемнің 3 түрі кіреді. Биыл республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 537,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда, 13,3%-ға көп (2021 жылы 473,9 млрд теңге). Сондай-ақ МӘСҚ-тен 361,3 миллиард теңге қарас­тырылған. Сонымен, елімізде сәбилі бол­ған аналарға қандай жәр­дема­қылар мен төлемдер қарас­тырылған? Біріншіден, баланы өмірге әкелген аналарға респуб­ликалық бюджеттен біржолғы жәрдемақы төлейді. Оның мөл­шері нәрестенің отбасыда не­шінші бала екеніне қарай 120 840-200 340 теңге аралығында. Биылғы 4 айда 134,1 мың анаға 18,4 млрд теңге берілді. Екіншіден, жұмыс істе­мей­тін әйелдерге 1 жасқа дейінгі ба­ла­ның күтімі бойынша ай са­йынғы жәрдемақы қарас­ты­рылған. Жәр­демақы мөлшері 18 317 тең­геден (бір балаға) бас­талып, 28 302 (төртінші және одан көп балаға) теңгеге жетеді. Биыл жәр­демақының бұл түрін 46,5 мың адам иеленді (4,7 млрд теңге). Үшіншіден, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарында көп­ба­лалы отбасыларға табысына қарамастан ұсынылатын жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгі­зіл­ді. Оның мөлшері бала санына қарай 50 976 теңгеден (4 бала) 203 520 теңгеге (16 бала) дейін жетеді. Өткен 4 айда оны 495 мың­нан астам отбасы алды (110,1 млрд теңге). Төртіншіден, көпбалалы ана­лардың дәрежесін көтеру үшін де жеке мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Ол отбасы табы­сына қарамастан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған барлық анаға аударылады. Жәрдемақы мөлшері – 20 352 теңге. Жыл басынан бері 227,6 мың адамға 17,9 млрд теңге төленді. Бесіншіден, мүгедектігі бар баланың күтіміне кәмелет жасқа жеткенше республикалық бюд­жеттен жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 52 345 теңге. Бұл жәрдемақы 95,5 мың отба­сына жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде берілді. Алтыншыдан, жұмыс беру­шісі МӘСҚ-ке жарна аударған жұмыс істейтін әйелдерге қор соның есебінен әлеуметтік төлем аударады. Мұның сыртында МӘСҚ жәрдемақыларынан басқа, ана­ларға жүктілігіне, босануына және жаңа туған баланы асырап алуына байланысты «табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем» белгіленген. Біржолғы төлем декреттік дема­лыстың барлық күніне төленеді. Оның мөлшері қорға аударылған әлеуметтік жарнаға және ауру­хана парағы берілген күндерге байланысты. Қазір бұл әлеумет­тік төлемнің орташа мөлшері 677,6 мың теңге. Жыл басынан бері бұл төлем 81,8 мың адамға берілді (48,8 млрд теңге). Қызметтегі айымдарға МӘСҚ-тен 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы төлемдер де төленеді. Төлем мөлшері төлем алушының соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ы шамасында. Биыл қаң­тар-сәуір аралығында төлемнің бұл түрін 56,6 млрд теңге со­масында 448 мың адам алды. Қорыта айтқанда, Қазақ­стан­да демографиялық дүмпудің жалғасуына берік негіз қаланып жатыр.