Оңай олжа сан соқтырады
Оңай олжа сан соқтырады
290
оқылды

Кепілді кіріс ұсынатындардың қармағына түскендер көп. Жауапты органдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы ақпаратты таратып, қаржы пирамидаларына қарсы жұмысты күшейтіп-ақ жатыр. Бірақ алаяқтардың арбауына түскендердің саны анағұрлым артып, онлайнда ойындағысын жүзеге асырып жатқандар да көбейіп келеді. Бас проку­ра­тураның дерегінше, соңғы бес жылда интернет алаяқтық саны он есе өскен.

Жақында Экономикалық тергеу қызметі Қазақстандағы 23 қаржы пирамидасына қатысты 55 қылмыстық істі қарап жатқаны мәлім болды. Бұдан басқа, интернет ре­сурс­тардағы 2 мыңға жуық сілтеме бұғатталған. Сондай-ақ былтыр 31 мыңнан астам адам алаяқтардан зардап шексе, биыл олардың қатарына 3 мыңнан аса жәбірленуші қосыл­ған. Қаржы мониторингі агенттігінің берген мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде 34 онлайн қаржы пирамидасы анықталған.

Әдемі жарнаманың әлегі

Әлеуметтік желідегі алаяқтарға тұсау са­лу қиын болып тұр. Жауапты органдар алаяқ­тардың әрекетіне барынша тосқауыл қойғанымен, олар да күн сайын әдіс-тәсілін өзгертіп әлек. Әсіресе, халық көп шоғыр­лан­ған аймақтар Best Road Investment, Finiko, Antares, GAP, Grand life cooperation, Januya, B2B Jewelry сияқты қаржы пирами­даларының ошағына айналыпты. Оның ішін­де Алматы мен Нұр-Cұлтан, Шымкент қа­лалары, БҚО, Қарағанды, Ақтөбе, Ақ­мо­ла, Қостанай облыстарында отырып-ақ алаяқтар аңғал халықты арбауына оп-оңай алдап түсіреді. Оның ішінде қазақстандық банктер, телекоммуникация, мұнай-газ жә­не мыс өндіретін компаниялардың сайт­тарына сілтеме жіберу жиілеген. «Марғұлан Сейсембайдың бизнес тренингіне жазылып үлгеріңіз», «70 000 теңге инвестициялап, ап­та сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қо­сым­ша табыс инвестициялап, 600 000 теңге табыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін тиім­ді акция» деген секілді әдемі жарнамаға алданып, опық жегендер жетерлік. Сенбесе, сенімге ие болу үшін соңғы уақытта алаяқтар әлгіндегідей экономиканың түрлі секто­рында табысқа жеткен кәсіпкерлер мен танымал адамдардың есімін пайдаланады. Кейбірі халықтың көзайымына айналған әншілер мен желіде оқырманы көп танымал вайнерлерді жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға қолданып жатыр. Алайда алаяқтар­дың жарнамасын жасағандар емес, соңында қарапайым халық қана сан соғып қалады. Өйткені қаржы пирамидасы жарнама ар­қылы жәбірленушісін көбейтеді, ал жарнама жасағандар қомақты қаражатын алады. Алаяқтардың схемасы ұқсас. Біріншісі, кредит пен өзге де міндеттемелерді өтеуге көмектесу. Бұл үшін олар қарыз алушыға мә­селені шешу немесе кредит төлеу бо­йынша міндеттемелерді өзіне алатындарын айтып, кредит сомасының бір бөлігін жібе­руге үгіттейді. Шын мәнінде, клиенттің қа­рызы өтелмейді. Керісінше, банк алдын­дағы берешегі өсе береді. Екіншісі, ұтыс қою арқылы пайда табу. Букмекерлік кең­селерде ұтыс арқылы үлкен ақша табуға уәде беретіндер де «маңғыт, аузыңа саңғыт» қылып кетеді. Үшінші, нарықтық құнынан әлдеқайда төмен автокөлік сатып алуға шақыратындар жеке немесе компания аты­нан хабарласып, ақша аударымын жасат­қаннан кейін-ақ ізін суытады. Төртіншісі, смартфонның соңғы моделін арзан бағаға сатып алуға сендіріп, аванс ретінде тиісті ақшаның жартысын алдын ала банк карта­сына аударуды сұрайды. Қалған соманы басқа есепшотқа аударуды талап етіп, мұны аудару кезінде мәселе туды деп түсіндіреді. Артынша алаяқтар әрбір смартфон үшін тағы қосымша ақы төлеу қажеттігін жет­кізе­ді. Қысқасы, соңында смартфон жоқ, алаяқ­тың өзін таппай қаласың. Бесіншісі, құжат­тарды тездетіп алуға «көмектескісі келетін­дер». Олар да әдеттегі схемамен жұмыс іс­тейді. Алтыншысы, нарықтық көрсет­кіш­тер­ден әлдеқайда асып түсетін жоғары кірістілікке уәде ету. Бұл бизнесті қатысу­шының кірісі жаңадан қосылған адамдардың салымы есебінен қалыптасады-мыс. Сон­дай-ақ пандемия кезінде өзге адамның атынан онлайн несие рәсімдеу көбейген еді. Алайда қазір алаяқтықтың мұндай түріне жол бермеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі электронды тәсілмен кредит беруге шектеу қойды.

Алаяқтарға алданбаңыз!

Осындай алаяқтардан сақтану мақса­тында Қаржылық мониторинг агенттігі тұр­ғындар арасында 4 мыңға жуық ақпарат­тық түсіндірме кітапша таратқан. Қоғамдық орындарда қаржы пирамидасының құры­ғына түсіп қалмау үшін бейнероликтер көр­сетіледі. Интернеттегі парақшаларына да күн сайын мониторинг жасалып, жолы ке­сіледі. «Бүгіннің өзінде осындай 2 мыңға жуық интернет кеңістікті анықтадық. Ал­да­ғы уақытта мектептің жоғары сынып­та­рында, орта техникалық және жоғары оқу орындарының 1-2 курстарында қаржылық сауаттылық пәндерін енгізу бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатыр» деп атап өтті Қар­жы­лық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов. Дегенмен бір емес, бірнеше орган бақылауға алғанымен, қаржы пирами­дасының қақпанына түскендер көп. Себебі алаяқтар – техника тілін жақсы меңгерген тіс­қаққан мамандар. Көбі халықтың пси­хо­логиясын әбден зерттеп, қоғамның қажет­тілігіне сәйкес әрекет етеді. «Мысалы, қар­жы алаяқтары білім беретін орталық ретінде құрылады. Әдісі де қарапайым. Алдымен адамды арзан бағада курс оқуға шақырады, жеңілдіктерін көрсетіп, толық сомасын алады. Сосын курсты түгел оқу үшін белгілі бір тауар түрін сатып алуға үгіттейді және артыңыздан бір-екі адамды тіркеуге мін­деттейді. Ақшаңызды төлеп қойғандықтан, ары қарай ақша күйіп кетпеу үшін шартты орындауға тура келеді. Бұдан бөлек, бір күнде баюға шақыратын веби­нар­лар көбейді. Біз­дің айтарымыз, адал биз­нес жүргізіп жатқан ешбір компания 200, 500, 1000 пайыздық өсімге кепілдік бермейді. Ал біздің халық бүгін 100 теңге салса, ертең 1000 теңге болады деп санайды», – дейді Әлібек Әбділов. Қаржылық мониторинг агенттігі 2 243 жәбірленушісі бар 21 қылмыстық істі аяқ­таған. Биыл бірінші тоқсанның өзінде 19 қыл­мыстық іс жүргізу аяқталды. Ол бойын­ша 232 жәбірленуші бар. Ал олардың был­тыр келтірген 3,7 млрд залал сомасы 6,4 млрд, яғни 173,5 пайызға артығымен қай­тар­ған. Сот шешіміне сәйкес, қаржы пира­мидаларының мүлкі сатылымға қойылады. Одан түскен қаражат жәбірленушілерге, қалғаны мемлекетке қайтарылады. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар шекара сыртында болса да жазадан құтылмайды. Өйткені алаяқтардың ошағы белгілі болса, оларға халықаралық іздеу салынады. «Мысалы, Алматыдағы атышулы B2B Jewelry қаржы пирамидасының ұйымдас­ты­рушысы Украина азаматы болған. Интерпол арқылы күдіктінің Батыс Еуропа елдерінде бой тасалап жүргенін білдік. Қазір Қазақ­станға экстрадициялау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдағы уақытта Қазақстанның заңы бойынша жауапқа тартылады. Бүгіннің өзінде біздегі есеппен осындай халықаралық іздеуде жүрген 8 адам бар», – дейді агент­тіктің ресми өкілі. Ал Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Криминалдық по­лиция басқармасының бөлім бастығы Тал­ғат Бөлегеновтің сөзінше, қаржы пирами­дасына қатысты былтыр 6, биыл 2 қыл­мыс­тық іс қаралған. Айтпақшы, қоңырау ша­латындардың арасында «түзеу мекемесінде отыр­ғандар бар» деген қауесет те шындыққа жанасатынын жеткізді. Сондай-ақ Қар­жылық мониторинг агенттігімен бірлесіп 20-22 пайыздық пайданы уәде еткен Investment Consulting Agency, Life is good, «Отбасы мен жастарды қолдау қоры», Mudarabah capital, «Свой дом», TBXCapital, FinCentra, Global Alliance, Finiko-пассивный компа­ниялары да тексеріліп жатыр.

Аңқау елге арамза молда

Заңгер Мұратқожа Әмитов «екі есе қысқа уақытта байып кеткісі келетіндердің түсінігін толығымен жоймай, алаяқтардың құрбаны болғандар азаймайды» деп отыр. Өйткені қаржы пирамидасына алғашқы салым жасайтындар оңай олжа табуы үшін өздерінен кейінгілердің тағдырын ойлап жатпайды. «Алаяққа тап болған бірінші адам салған сомасын екі еселеп алады. Яғни, ол салған ақшасын шығару үшін та­ныстарын алып келеді. Өзі пайда көру үшін өзге біреуді орға жығады. Мұның артында пайдакүнемдік бар. «Мен де салдым, сен де салып көр. Ұтылмайсың» дейді. Ұсыныс басқадан емес, өз танысы болған соң ойла­нып қалады. Жақында ғана Шымкентте осын­дай қылмыстық іске қатыстым. Мың­даған адам бірін-бірі ертіп келген. Пайда­күнемдіктің соңы тойымсыздыққа әкеледі. Сөйтіп, алған ақшасын тағы салады. Со­ңында өзі де сан соғып қалады», – дейді Мұ­ратқожа Шарапханұлы. Әйткенмен, қаржы пирамидаларының қулығына құрық бойламайды. Көзі ашық, көкірегі ояу адам­дардың өзі алаяқтардың алдауына аңдау­сыз­да түсіп қалады. «Жарнама жасауға немесе кіріс беруге уәде ететін ұсыныс келсе, алдын ала тексеріп алу керек. Тіпті болмаса, ха­барласқан адамнан кеңсесінің мекенжайын сұрап, құжаттарын жіберуді сұраңыз. Себебі қазіргі заңнама бойынша, жарнамалағандар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер де жәбірленушілерден түскен ақшаны бөліскені расталса, қылмыстық жазаға тартылады. Сондықтан кез келген салымнан бұрын барлық ақпаратты сыни тұрғыдан қарап, оларға мүмкіндігінше көп сұрақ қою маңызды», – дейді заңгер. Күні кеше Экономикалық тергеу қызме­ті қаржы пирамидаларының белгісі байқал­ған сайттар мен сілтемелерді тексере алатын Telegram-ботты іске қосатындарын айтты. Қоңырау соққан күдікті адамның сөзінен секем алғандарға арналған бағдарлама тиімді боларын алдағы уақыт көрсетеді. Десе де, қазірдің өзінде қомақты кіріс ту­ралы ұсыныс түскен бойда қоңырау соққан адамның қитұрқы әрекетін анықтау қиын емес. Ол үшін қаржы маманы болудың да қажеті шамалы. Қаржыны инвестициялаған кезде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал. Заңды түрде тіркелген инвестициялық ком­пания Қаржы нарығын реттеу агенттігінің сайтында көрсетілген тізімде болуы тиіс. Егер хабарласқан компания осы тізімде жоқ және ешқандай кеңсесі көрсетілмесе, берген ақшаңызды растайтын чек берілмесе, те­лефон арқылы ақша аудартып, карточ­ка­ңыз­дың нөмірін сұрайтын не болмаса өзі­ңізден кейін адамдарды тіркету туралы ұсы­ныс түссе, бұл кәдімгі қаржы пирамидасы.