Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында соңғы жеті-сегіз жылдың көлемінде мыңдаған отбасына қуаныш сыйлаған пәтерлер мен жеке үйлердің көбі заңды берілгеніне қатысты күмән көп. Шаһардың су жаңа басшысы Әсет Масабаев та облыс орталығындағы қордаланған мәселелердің тігісін жатқызуға ниетті. Қала әкімдігі шаһардың тұрғын үй қорындағы жағдайды бағамдап, тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен осы кезге дейін баспаналы болғандардың тізімінде көптеген сәйкессіздікті анықтаған. Қазір қала бойынша тұрғын үй алу кезегінде 16 333 адам тұр. Олардың ішіндегі 6 327 адам бюджеттік мекемелерде қызмет етсе, тағы 10 006 кісі әлеуметтік жағынан қорғалатын санатына жатады. Бұл орайда қала әкімдігі алдағы уақытта тұрғын үй кезегінің әділ әрі ашық болуын қамтамасыз етуді ойластырып, жаңа жүйе енгізілген. Ендігі жерде баспаналы болуға өтініш бергендер өздерінің кезегі туралы мәліметті кез келген уақытта «КЕЗЕКТЕ» порталы арқылы біле алады. Ең бастысы, бұл тәсіл кейінгі он шақты жылда кезекте тұрғандар тарапынан наразылыққа ұшырады. Десе де, бұл жүйенің салада жиі тіркелген сыбайластыққа қатысты деректерімен жемқорлықтың тамырына балта шаппақ. Бұған дейін MS Eхcel форматында жүргізіліп келген тізімдерді электронды кезекпен салыстыру барысында 1 720 сәйкессіздік анықталып, көптеген заңсыздықтың беті ашылыпты. Мәселен, кезекте тұрған 576 адамның жеке сәйкестендіру нөмірі болмай шыққан. Алдағы кезде үйлі боламын деген үмітпен жүрген мүгедектігі барлар және тағы да басқа әлеуметтік осал топтағы жандар өздерін кезектен мүлде таба алмаған. Бұған, керісінше кезекте болмаса да үйлі болғандар саны жетерлік көрінеді. Баспана кезегіне қоюдың өзіндік заңды талаптары бар. Кезекте тұрғандарды тексеру кезінде олардың ішіндегі 2 054 азамат тиісті жеңілдігін дәлелдей алмағандықтан, кезектен шығарылыпты. 1993-2020 жылдар аралығында Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне берілген 3 235 тұрғын үй бар. Алайда 2015 жылдан бергі кезеңде осы үйлердің ішіндегі 1 014 баспананың құжаты жоқ немесе заңдастырылмаған. Жеке пәтерлерді айтпағанда, ешбір құжаты жоқ көпқабатты, көппәтерлі тұтас үйлер бар. Соның салдарынан дәл қазіргі кезде 1 014 отбасы өздері үйіміз деп санап отырған баспанада заңсыз тұрып жатыр. Құжатсыз пәтерлердің 330-ы жеке тұлғаларға және жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге берілген. Алдағы кезде осындай пәтерлерді қызметтік пайдалану мақсатында тиісті құрылымдарға тапсыру ойластырылып жатқан көрінеді. Осындай тағы 684 тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағыларға тиесілі. Қазір тізім бойынша мұрағаттық мәліметтермен салыстыру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 298 тұрғын үй «Береке» коттедж қалашығында, 386 пәтер көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан. Осылайша, бүгінгі күні мыңнан астам отбасы өздері жылдап тұрып келе жатқан үйлерден айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Олардың ішінде 2018 жылы өздері қызмет ететін «Жетісу» және «Огни Алатау» газетінің 100 жылдығына орай үйлі болған жас журналистер де бар. Cолардың бірі журналист – Гүлжан Тұрсынова. 2018 жылы 2 бөлмелі үй алған журналист әлі күнге дейін құжаты реттелмеген баспанасынан айырылып қалам ба деп алаңдайды. «Осыдан жиырма жыл бұрын, қалаға тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Кезекте алғашқы мыңдықта болғаным әлі есімде. Ақыры әбден үміт үзілер кезде 2018 жылы пәтерлі болдым. Содан бері құжаттар әне-міне берілер деп жүрдік. Енді, міне осындай жағдайға тап болдық. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барып, 2002 жылы кезекке тұрғаным тіркелген жайлы мәліметтер сұрасам, «құжаттардың барлығы қаңтарда жанып кеткен» дейді. Мен сияқты жүздеген адам бар. Оларға пәтер жай бекерге беріле салған жоқ. Жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, тұрмыстары зерделеніп барып, шешім қабылданды. бірінші кезекте соны ескеру керек деп ойлаймын», – дейді журналист. Қалай болғанда да, Талдықорғанда тұрғын үй кезегінің сақталуында, пәтерлер беруде заңсыздықтар жайлы бұған дейін болып келген даулы мәселелердің өзегінде шындық жатқаны байқалады. Осыдан біраз жыл бұрын қаладағы пәтер кезегінің сақталмайтыны және пәтерлі болғандар арасында кездейсоқ жандар көптігіне қатысты шағымда айтылғандарды анықтауға құқық қорғау органдары араласып, қалалық әкімдіктегілер мен ешқандай кезексіз, заңсыз үйлі болғысы келетіндер арасында делдалдық еткендер жазаға тартылған. Қала әкімінің бастамасымен жүргізілген тексеру барысында мыңдаған жанның мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерде, үйлерде ешқандай құжатсыз тұрып жатқанының анықталуына қарағанда қаладағы пәтер кезегі мен баспана берудегі сыбайластық әлі күнге жалғасып келеді. Қазіргі кездесуде қаладағы тұрғын үй кезегімен бірге 2015 жылдан бері берілген үйлердің заңдылығына қатысты тексерулер жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй комиссиясы әр пәтерге қатысты жағдайды саралап, шешім шығаруда. Бүгінге дейін 14 үй қайтарылыпты. Олар кезек бойынша тиесілі жандарға беріледі. Тағы 12 пәтерге қатысты іс сотта қаралып жатыр. Қалалық әкімдіктегі жауапты тұлғалар «бірде-бір тұрғынның заңды құқы бұзылмайды, комиссияда қаралады, барлығы заңды болса, құжаттары реттеледі» дейді. Егер заңсыз берілсе, қайтарып алады. Ешкімді бірден күштеп шығармайды. Заңсыз болса, алдын ала ескертіледі. Егер келіспесе, мәселе сот арқылы шешіледі.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы