Шомылу маусымы: қауіп жоқ деме...
Шомылу маусымы: қауіп жоқ деме...
433
оқылды
Жаз келгеннен көпшілік су айдындарына қарай ағылатыны белгілі. Олардың ішінде мас күйінде суға түсіп, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататын деректер аз емес. Сондай-ақ ата-ананың көзін ала бере өзен-көлге тайып тұратын балалардың кейбірі суға кетіп жатады. Оған дәлел былтырғы шомылу маусымында Жамбыл облысында 2 адам суға батып көз жұмса, оның біреуі бала. Ал биыл жаз айы басталмай жатып 1 адам қаза тапты. 86 қауіпті су айдыны бар Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, өңірде 16 шомылуға рұқсат етілген орын болса, шомылу­ға тыйым салынған су айдындарының саны 86 екен. Осыған орай департамент маман­дары шомылу маусымы басталмай жатып 311 рейдтік шара өткізген. Қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 8 570 жадынама таратып, 847 қызметкер түсіндіру жұмыс­тарын жүргізген. Бұл бағыттағы жұмыстарға сондай-ақ 149 ерікті жұмылдырылған. Аса қауіпті су айдындарына 3 мобильді құтқару бекеті қойылып, 4 жасақшы бел­гіленген. Ал жалпы облыс бойын­ша 13 құтқару бекеті ашылған. Су айдындары түбіндегі қауіпті анықтау үшін 9 тексеру жүргізіліп, су қоймаларында 40-тан аса түгендеу болған. Байқап тұрсаңыздар, сала мамандары шомылу маусымына күшейтілген режимде дайындыққа кіріскен. Әрине, бұл қуантады. Алайда жаз айлары басталмай жатып бір адамның суға батып кеткені бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсуге шақырады. Тараздықтар қайда шомылады? Осы тұста баса айтып кетерлігі, биыл Тараз қаласында рұқсат етілген шомылу орны жоқ. «Зер­бұлақ» көлінде күрделі құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан қазір тараздықтар қайда барып суға түсерлерін білмей отыр. Бұл мәселе Тараз қаласы әкімдігінің аппараттық жиынында да көтеріл­ді. Шомылу маусымына қатысты түйткілден хабардар болған шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев жауаптыларға басқа орын дайын­дауды тапсырды. Алайда маусым айы басталып кетсе де, бұл мәселе шешілмей тұр. Сондықтан қала тұрғындары қазір Талас өзенінің бойындағы «Бөбек» орталығының аумағы, «Тектұрмас» көпірінің тұсы, «Гидроторабтың» төменгі ағысы, «Қант зауыты» маңы, «Ав­то­бекет» көпірінің асты, «Шөл­дала» тұрғын алқабындағы суар­малы және тұндырғыш канал­дарын жағалауда. Ал ағысы асау Талас өзені ең қауіпті су айдыны саналады. Онда бала түгілі ересек­тердің суға түсуі қиын. Жақында құтқарушылар осы өзенде суға батып бара жатқан баланы құтқа­рып қалды. «Қант» алқабы маңын­дағы өзен жаға­лауында шомылып жүрген бала­лар­дың бірі суға ағып бара жат­қанын рейдтік шарада жүрген құтқарушылар байқап қалған. 10 жастағы баланың суға кеткенін қасындағы ересектер білмей де қалған. Шомылып жат­қан орын­нан 100 метр қашықтыққа дейін ағыспен ағып кеткен баланы Саят пен Ермек есімді екі құтқару­шы жанкештілікпен судан алып шыққан. Өз өмірлерін тәуекелге тіккен мамандар жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың өмірін де аман алып қалды. Бұл сөз жоқ, көзсіз ерлік. Міне, осы оқи­ға­ның өзі Талас өзенінің қанша­лықты қауіпті екенін айғақтап тұр. Сондықтан Тараз шаһарына бір шомылатын қауіпсіз аймақ керек. Облыс орталығында шомыла­тын қауіпсіз су айдыны болмаған­нан кейін халық жазда бессейн­дерге ағылатыны тағы белгілі. Бүгінде қалада 40 стационарлық және 6 таяз бассейн бар. Облыс әкімдігінің Білім басқармасы олардың 22-сімен келісімшарт жасап, 12 мыңнан аса баланы шомылуға үйретуді жоспарлаған. Әрине, бұл – игі бастама. Алайда жергілікті билік балаларды шомылуға үйретуді емес, олардың қауіпсіздігіне жауап беретін құтқарушыларды бассейндерге қызметке алуды басшыларына міндеттесе екен дейсің. Себебі алдыңғы жылы дәл осы жекемен­шік бассейндерде бірнеше жас­өспірім көз жұмған болатын. Оның ішінде мектеп лагерінің бассейніне түсіп қаза тапқан 9 жастағы бала да бар. Сондықтан бассейн басшыларына құтқарушы­ларды қызметке алуды міндеттеуді бірінші орынға қою қажет. Егер бұл талапты орындамаса демалыс орнының жұмыс істеуіне заңмен тыйым салған жөн. Өйткені еліміздің ең асыл қазынасы адам және оның өмірі екені Ата заңда тайға таңба басқандай көрсетілген. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда жауапты мамандар шо­мылу маусымына аса жауапкер­шілікпен қарағаны жөн. Жоғарыда аталған тараздықтарға қауіпсіз су айдынын жасақтау және бассейн басшыларына құтқарушы маман­ды қызметке алуды міндеттеу сынды мәселелерді жергілікті би­лік назарда ұстайды деп сенеміз.

Жамбыл облысы