«Ғылымға үлес қосқым келеді» – Алина Ахметбек

Алина Ахметбек ғылым

Қазақстандық оқушылар жыл басталғалы шетелдің ең танымал жоғары оқу орындарына топ-топ болып грант жеңіп алып жатыр. Солардың бірі – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі Алина Ахметбек. Ол қазірдің өзінде Канада, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ресей, Аустралия елдерінің үздік университеттеріне шақырту алды. Біз Алинадан шетелге оқуға түсудің жолдары жайлы сұраған едік.

– Ең бірінші әлемдік университеттерге шақырту алған кезде қандай сезімде бол­дыңыз?

– Алғашқы шақыртуымды Оңтүстік Кореядағы университеттердің бірінен алдым. Шақыртуды көргенде қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, не болып жатқанын түсінген жоқпын. Бірақ біраз уақыт өткен соң, менің талпынысымның бекер болмағанын ұқтым. Қысқаша айтқанда, еңбегім ақталды. Бірден ата-анама айттым. Олар да қатты қуанды. Маған осындай мүмкіндіктер берген оқу орындарына алғыс айтамын.

– Шетелге оқуға түсу туралы ой қашан келді?

– Бұл менің бала күнгі арманым емес. Тек 9-сынып оқып жүрген кезде, қай бағытта жұмыс істеп, оқығым келетінін түсініп, таңдау жасадым. Өмірімді физика-математика ғылымымен байланыстырғым келетінін ұқтым. Сол кезден мықты техникалық жоғарғы оқу орындарын қарастыра бастадым. Яғни, мен шетелде оқиды деген атаққа ие болуды немесе сол жаққа көшуді, шекара асуды көздеген жоқпын. Басты мақсатым – әлемнің мықты жоғарғы оқу орнында сапалы білім алу. Оқуға түсу барысында жоғарғы нәтижеге қол жеткізуді мақсат еттім.

– Дайындық барысын баяндап беріңізші? Қандай қиындықтар болды?

– Біріншіден, мен дайындықтың бастапқы айларында не істеу, қандай қадамдар жасау керек екенін түсінбедім. Сол үшін жоғарғы оқу орындарының сайттарына кіріп, олармен таныса бастадым. Шетелде білім алу жайлы сөз қозғайтын блогерлердің парақшасына жазылып, солардың жазба­ларын жиі оқып жүрдім. Кейін маған қандай құжаттар керек екенін түсінген кезде толық­тай дайындыққа кірістім. IELTS, SAT сияқты емтихан­дарымды тапсырдым. Одан өткен­нен кейін моти­вациялық эссе жаздым. Оған көп уақытым кетті. Сонымен қатар мектептен тыс уақытта спортты да қатар алып жүруге тура келді. Бұл жолда көп қиындықтар мен тоқырауды бастан кешірдім. Өте қатты шаршаған күндерім, емтихандарға дайын­далуға, эссе жазуға да үлгермеген кездерім болды. Сол кезде «осы­ның маған керегі бар ма әлде жоқ па?» деген сауал туды. Осындай сәтте ата-анамның үмітін ақтау үшін мақса­тым­нан бас тартпадым.

– Қанша тілде еркін сөйлей аласыз?

– Мен қазақша, орысша және ағылшынша еркін сөйлей аламын. Сонымен қатар кәріс тілін үйренуді бастадым.

– Таңдау жасадыңыз ба? Қай жақта оқитын болдыңыз?

– Иә, таңдау жасадым. Менің таңдауым – Оңтүстік Кореядағы KAIST университеті. Математика мамандығын таңдадым. Менің ойымша, қазір ғылыммен байла­нысты мамандықтардың барлығы сұра­ныс­қа ие. Негізінде, мен мамандық таңдау барысында осыған қатты назар аудардым. Яғни, жаныма жақынын таңдағым келді. Ал математикамен өмір бойы айналысуға дайынмын. Ол менің ең сүйікті пәнім.

– Оқу бітіргеннен кейін Қазақстанға келіп жұмыс істейсіз бе? Әлде шетелде қалғыңыз келе ме?

– Оқу бітіргеннен кейін Қазақстанға қайтып келуді көздеп отырмын. Өйткені еліміздің ғылымына үлес қосқым келеді. Қазақстан – менің Отаным. Бұл елімнің алдындағы менің перзенттік парызым деп білемін. Сондықтан да алдағы уақытта борышымды өтейтініме сенемін.

– Жасөспірімдерге беретін кеңесіңіз?

– Менің ойымша, заманауи елдің жастары арманына адал, алдына қойған мақсатына жете алатын және ең бастысы, адамгершілік қасиетке ие болуы керек. Өйткені жоғарғы амбициясымен, түзу ниеті болған күннің өзінде де, қоғамның және жалпы әлемнің игілігі үшін қызмет ету керек. Яғни, барлық жасөспірімдердің ниеті түзу, мейірімді болғандарын қалаймын. Оқушылар тек бүгінін ойламай, болашақтарына да алаңдауы тиіс. Қазір көптеген жастар миларына шектеу қойып тастайды. Мысалы, мына мақсатқа жете аламын, ал басқасына жету мүмкін емес деген сияқты ойлармен өздерін тежейді. Сондықтан замандастарым әрқашан мүмкін­діктерін жоғары бағаласа деймін. Күн сайын дамуды тоқтатпағандары жөн.

– Арманыңыз қандай?

– Менің 8-сыныптан бастап келе жатқан үлкен арманым бар. Ғалым болып, жаңалық ашуды көздеймін. Бұл тіпті арман да емес, мақсатым немесе парызым деп айтасам да болады. Маған сеніп, қолдау білдірген ата-анама, оқуға түсуіме септігін тигізген ұстаздарым мен жақындарыма алғысым шексіз!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Еркежан ӘУЕСБЕК

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.