Кірпішті цементсіз қалаған
Кірпішті цементсіз қалаған
268
оқылды
Қарағанды облысы былтыр тұрғын үй құрылысының көлемі жөнінен рекорд жасады. Сол жолы кеудені мақтаныш кернеген. Дегенмен бір ғана Жаңарқа ауданында салынып жатқан үй «бір құмалақ бір қарын майды бұзадының» керін келтірді. Бұдан он жыл бұрын да «Бесоба» кешеніндегі тұрғын үй құлағанда осындай күй кешіп, кірерге тесік таппап едік. Қазір көп нәрсені «баға құрық салғызбай тұр» деген сылтауға аудара саламыз. Әйткенмен баспана кезе­гінде тұрған халыққа сапалы да жылы үй керек. Алайда арада он жыл өтсе де «Бесоба» синдромы» елдегі құрылыс алаңдарын кезіп жүргендей. Өткенге оралайық, «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үй 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы жа­ны­на қарай «қисая салған» уақытта тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргіз­ген «Береке-Каб» ЖШС бас дирек­торы Құмар Мұсаев: «Бәрінен бұрын іргетасы болмағанына таңғалдық. Үй қираған жердегі нысандарды фотоға түсірдік, ригельдер қалай қойылғанын, ригельдер мен колон­налар арасындағы тігіс қалай салын­ғанын қарадық. Дәнекерленбеген тігістерді көрдік, бағандар жай ғана ригельдердің үстіне қойыла салған. Оның үстіне, Қарағандыда жерасты суы бар екенін де ескеру керек еді, топырақ дымқылданады. Сол топы­рақ дымқылданатынын ескермей, іргені жерге мықтап бекітпеген» деген еді. Ал ресми қорытынды жұм­сақтау болды: «Үйдің құлауына дым-қыл топырақтан іргетасы шөгіп кетуі себеп болған» дей салды. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, құрылыс жүргізген компания басшысы мил­лион­даған қар-жыны қалтасына басып қашып кетті. Құрылыстың алғашқы кірпіші қаланған күннен барлық үйді бақы­лауда ұстаймыз дегендердің де сөзі құрғақ уәдеге айналды. Әйтсе де «Бесоба» құлағаннан кейін, бұл саладағы жұмыстар қал­пы­на келе қоймады. Кейін осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында тір­келді. «Алғабас» шағынауданын­дағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы айтылды. Қызылордада жаңадан салынып жатқан үй 2015 жылы құлады. Қира­ған құрылыс нысанының іргетасы шытынаған болып шықты. Ақтөбеде де мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап бара жатқаны туралы баспасөз бетінде жазылды, тұрғындар дүрлікті. Ал жақында Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында салынып жатқан сапасыз үйдің құрылысы уақытша тоқтатылды. Әлеуметтік желіні шарлаған бейнежазбадан соң шұғыл тексеріс жүргізген құзырлы органдар осындай шешімге келген. Жергілікті тұрғынның бірі түсірген бейнежазбада үй қабырғасының цементсіз қаланып жатқаны анық көрінеді. Жаңарқа кентіндегі «Жаңа Нұр» шағынауданындағы көпқабат­ты тұрғын үй де мемлекеттік бағдар­лама­мен салынып жатқан. Құры­лысы былтыр басталған, биыл жел­тоқ­сан айында тапсырылуы керек. Бөлінген қаражат 454 миллион тең­­ге­ге жуықтайды. Енді бұл нысан­ның кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Қазір мәселенің мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрыл­ды. – Бұл комиссия бүгін бас мерді­гер­мен және техникалық қадағалау маманымен кездесіп, нысанды то­лық аралап шықты. Бұдан бөлек, арнайы облыстық мемлекеттік Сәу­лет-құрылыс қадағалау басқармасы­ның мамандары келді. Аталған мем­ле­кеттік орган өз тарапынан қо­ры­тынды бере жатар. Дей тұрған­мен біз, арнайы комиссия құрып, осы нысандағы жұмысты күнделікті бақылауға аламыз, – дейді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Айқын Елеусізов. Құрылыс саласындағы сарапшы­лардың пікірінше, бекітілген стан-дарттар мен регламенттерге қара­мас­тан Қазақстанда тұрғын үй құрылысында оның бірі де ескеріл­мейді. Құрылысты әр компания өз білгенінше жүргізеді.Оны бақы­лайтын да ешкім жоқ. «Бесоба» жаңғырығы әлі күнге дейін жалғасып жатқанына қарағанда, жауаптылар өткеннен сабақ алмаған сияқты. Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі Бірыңғай құрылыс порталын әзірлегенін жеткізді. Аталған жүйе бірыңғай цифрлық ортада құрылыс­тың барлық қатысушыларын шоғыр­ландыруға мүмкіндік береді. Сәйке­сін­ше жұмыс сапасын бақылауға ықпал етеді. Бұдан он жыл бұрын «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үй құлағанда да құрылыс сапасы бақы­лау­да болады деп сендірген. Алайда нәтиженің қалай болғаны белгілі.

Қарағанды облысы