Азаттық үшін күрестің символына айналған
Азаттық үшін күрестің символына айналған
429
оқылды
Биыл ел Тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 220 жыл толып отыр. Осыған орай кеше Халықара­лық Түркі акаде­миясы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетімен бірлесіп, «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара ұйымдастырды. Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­те­тінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университе­тінің проректоры Дихан Қамзабек­ұлы, қоғам және мемлкет қай­рат­кері Абай Тасболатов, филология ғы­лым­дарының докторы Серік Неги­мов, сонымен қатар көрнекті мем­ле­кет және қоғам қайрат­кер­лері, ҚР Парламенті депутаттары, ғылыми-зерттеу орталық­та­рының басшы­ла­ры, танымал ға­лым­дар, ЖОО ұс­таз­дары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қа­тыс­ты. Тағылымды іс-ша­раға қа­ты­су­шылар алдымен Нұр-Сұлтан қала­сындағы «Қараөткел» зиратына барып, осында жерленген Кенесары хан сарбаздарының рухына тағзым етті. Бұдан кейін алқалы жиын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасты. Ал­ғашқы болып сөз алған Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Ке­несарының күрескерлік рухы мен отаншыл тұлғасы – қазақ халқы­на ғана емес, сонымен бірге ба­уырлас елдердің баршасына ғиб­ратты өне­ге. Сондықтан тұғыр­лы тұлғаның мерейтойы Түркі ака­демиясының мерекелік күнтізбе­лер тізіміне енгі­зілді, ол туралы жыр-дастандар кітап ретінде жа­рық көріп отыр. – Іс-шараны әуелі Хан Кененің сарбаздарына тағзым етуден бас­тадық. «Кенесары хан» атты кітапқа сонау Нысан абыздан бастап, Жам­был Жабаевтың, Мағжан Жұмабаев­қа дейінгі ақындардың жырлары, ел аузындағы Кенесары жайлы аңыз­дар енгізілген. 1841 жылы барша қа­зақ бас қосып, Ұлық ұлыстың та­рихи ордасы Ұлытаудағы құрыл­тайда Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлағаны белгілі. Жақында Мемлекет басшысы да елімізде құ­рылтай өтетінін айтты. Бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайта түсетіні анық. Ел болып референ­думды да жоғары дәрежеде өткіздік. «Жаңа Қазақстанда» Халықаралық Түркі академиясы алғашқы іс-шарасын Шыңғысханның ұрпағы, Алаштың алдаспаны Хан Кененің 220 жылдығымен бастап отыр,– деді Дархан Қыдырәлі. Келелі басқосу аясында Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» атты кітаптың тұсаукесер рә­сімі жасалды. Жинақты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының аға ғылыми қызметкер­лері Нұржұма Елесбай және Насихат Набиолла құрастырып шығарды. Мәжіліс депутаты Берік Әбді­ғалиұлының айтуынша, Кенесары хан азаттық үшін күрестің симво­лына айналды. Ол атақ үшін хан болған жоқ. – «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында бұған дейін арнайы экспедицияға шығып, Кенесары ханның сарбаздары жатқан жерлерді анықтадық. Соның бәрін киелі жер деп белгіледік. Өйткені азаттық үшін күрес бәріміз үшін қасиетті. Мы­са­лы, Ақмола өңірінде Хан Ке­ненің ба­тырлары жерленген Бесба­тыр де­ген жер бар. Бірақ бес батыр­дың кім екенін ешкім білмейді. Алашор­да­шы­лар да әрқашан Кене­сары хан­ның ерлігіне сүйенген. Сон­дықтан өңірлердегі көше, мек­теп аттарын Кенесарының атымен атау артық емес,– дейді Берік Әбдіғалиұлы. Мәжілісмен азаттықтың сим­волы ретінде Кенесары хан атында арнайы мемлекеттік орден тағайын­дауды ұсынды. Хан Кене ту тіккен Көкшетаудан арнайы келген мемлекет және қо­ғам қайраткері Жабал Ерғалиев жиын­ның маңызына тоқталып, Ха­лық­аралық Түркі академиясына Ақмола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаевтың алғысхатын табыстады. – Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басқанда біздің түгендейтін екі дүниеміз бар. Бірінші – тарихымыз, екінші – тіліміз. Бұл – зиялы қауымның ал­дында тұрған үлкен міндет. 2013 жылы Үкімет құ­рамында жүрген кез­де «Абылай хан» атында жауын­герлік орден шығаруды ұсындым. Не себепті екенін білмеймін, осы ұсынысым ескерусіз қалды, – деді Жабал Ерғалиев. кітап Айта кету керек, ел арасында Кенесары ханның өмір жолын, жо­рықтары мен шайқастарын сурет­тей­тін көптеген жырлар мен аңыз­дар сақталған. Ал Нысанбай жырау­дың Ж.Басығарин жазып алған нұс­қасын Х.Досмұхаммедұлы Таш­кентте 1923 жылы, кейін Н. Төре­құлов 1924 жылы Мәскеуде жеке кітап қылып жариялаған. Ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаштану тақырыбына іргелі зерттеулер жа­сап, жаңа көзқарас қалыптастырған белгілі алашта­ну­шы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев жиынға онлайн қаты­сып, Кенесары ханның идеясы Жаңа Қазақстанның бастауы екенін атап айтты. –Кеңес Одағы кезінде бір ғалым «Кенесары ханның тарихын қазақ тарихына қосуға әлі ерте» деп ұсы­на­ды. Сол кезде Мұхтар Әуезов «Егер де бұл тарихқа Кенесары та­қы­рыбы қосылмаса, ол кітаптың кімге керегі бар?» деген екен. Осы сөзді мен қазіргі жағдайға байла­ныс­ты айтқан болар едім. Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны кезінде бүкіл Қазақстанға тарады. Қазір өкінішке қарай, Нысанбай жыраудан еш белгі жоқ. Мүмкіндігінше біз тарихымыздағы тұлғаларды ұмытпауымыз керек,– деді Мәмбет Қойгелдиев. Қазақтың аяулы ханы азаттық­тың ақ жолында, жаралы жолбарыс­тай арпалысып, қапияда опат бол­ғанымен оның асыл рухы Алашты азаттыққа бастайтын, тар жол тай­ғақ кешуде жебейтін киелі ұранға айналды. Артында қалған халқы аруа­ғына сыйынып, ақын-жырау­лар ел өмірінің түйінді сәттерінде Ке­несарыны жырға қосты. Осы­лай­ша, Кенесары ұраны қазақ поэзия­сында елдік, ерлік, бостандықтың мәңгілік айшықты рәмізіне айналды. Нысанбай жырау, Досқожа, Арыс­тан Тобылбайұлы, Доскей Әлім­байұлы, Жамбыл Жабаев сын­ды көптеген халық ақындары бас­таған ұлы жолды Мағжан Жұмабаев, Қалижан Бекқожин, драмада Мұх­тар Әуезов, прозада Ілияс Есенбер­лин жалғастырды. Абыз жырау Жам­был Кенесарының ұлы Сыздық төрені ауылында қарсы алып, әйгілі сардармен бірге ұлы ханның сүйегін іздеп қырғызға барғаны мәлім.Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл дәстүр жалғасын тауып, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы, Жәркен Бөдешұлы, Әбубәкір Қайран секілді ақындар Кенесары ханға жыр-дастан арнады. Жиында жыраулық поэзияны жаңғыртқан Алмас Алматов өзі жазған «Шыңғыснама» тарихи дастанын орындап берсе, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай мен Ардаби Мәулетбек Кенесары ханға арналған күйлерді шертіп, жиынға қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Іс-шара жайлы арнайы естіп келген Кенесары хан­ның шөбересі Ботагөз Арыстанова батыр ханның рухын насихатта­ған зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты. –Жас ұрпақтың рухын көтеру үшін тарихымызды қайта жаңғыр­туымыз керек. Кенесары атамыздың Ахмет деген баласынан Нартай есімді академик шыққан. Нартай Қаныш Сәтбаевпен дос та болды. Кейін қуғынға ұшыраған кезде Таш­кентке барып, сол жақта акаде­мик атанады. Ойлап қарасам, егер Нар­тай атамыз елімізде болған кезде Қазақстанның дамуына үлес қосып, есімі Қаныш Сәтбаевпен қатар аталып жүрер еді, – деді Ботагөз Арыстанова. Осылайша, Кенесары ханға арналған басқосуда құнды тарихи де­ректер айтылып, Хан Кенені зерт­теу жұмыстарының әлі де өзекті екені белгілі болды. Жиналған қауым бір ауыздан, қазақтың біртуар қолбасшысының 220 жылдығы ел көлемінде жоғары деңгейде атап өтілуі керек деген ұсыныс айтты.