Биыл ел Тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 220 жыл толып отыр. Осыған орай кеше Халықаралық Түркі академиясы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара ұйымдастырды.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам және мемлкет қайраткері Абай Тасболатов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, сонымен қатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, танымал ғалымдар, ЖОО ұстаздары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Тағылымды іс-шараға қатысушылар алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қараөткел» зиратына барып, осында жерленген Кенесары хан сарбаздарының рухына тағзым етті. Бұдан кейін алқалы жиын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасты. Алғашқы болып сөз алған Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Кенесарының күрескерлік рухы мен отаншыл тұлғасы – қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге бауырлас елдердің баршасына ғибратты өнеге. Сондықтан тұғырлы тұлғаның мерейтойы Түркі академиясының мерекелік күнтізбелер тізіміне енгізілді, ол туралы жыр-дастандар кітап ретінде жарық көріп отыр.
– Іс-шараны әуелі Хан Кененің сарбаздарына тағзым етуден бастадық. «Кенесары хан» атты кітапқа сонау Нысан абыздан бастап, Жамбыл Жабаевтың, Мағжан Жұмабаевқа дейінгі ақындардың жырлары, ел аузындағы Кенесары жайлы аңыздар енгізілген. 1841 жылы барша қазақ бас қосып, Ұлық ұлыстың тарихи ордасы Ұлытаудағы құрылтайда Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлағаны белгілі. Жақында Мемлекет басшысы да елімізде құрылтай өтетінін айтты. Бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайта түсетіні анық. Ел болып референдумды да жоғары дәрежеде өткіздік. «Жаңа Қазақстанда» Халықаралық Түркі академиясы алғашқы іс-шарасын Шыңғысханның ұрпағы, Алаштың алдаспаны Хан Кененің 220 жылдығымен бастап отыр,– деді Дархан Қыдырәлі.
Келелі басқосу аясында Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Жинақты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерлері Нұржұма Елесбай және Насихат Набиолла құрастырып шығарды.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Кенесары хан азаттық үшін күрестің символына айналды. Ол атақ үшін хан болған жоқ.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұған дейін арнайы экспедицияға шығып, Кенесары ханның сарбаздары жатқан жерлерді анықтадық. Соның бәрін киелі жер деп белгіледік. Өйткені азаттық үшін күрес бәріміз үшін қасиетті. Мысалы, Ақмола өңірінде Хан Кененің батырлары жерленген Бесбатыр деген жер бар. Бірақ бес батырдың кім екенін ешкім білмейді. Алашордашылар да әрқашан Кенесары ханның ерлігіне сүйенген. Сондықтан өңірлердегі көше, мектеп аттарын Кенесарының атымен атау артық емес,– дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Мәжілісмен азаттықтың символы ретінде Кенесары хан атында арнайы мемлекеттік орден тағайындауды ұсынды.
Хан Кене ту тіккен Көкшетаудан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев жиынның маңызына тоқталып, Халықаралық Түркі академиясына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғысхатын табыстады.
– Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басқанда біздің түгендейтін екі дүниеміз бар. Бірінші – тарихымыз, екінші – тіліміз. Бұл – зиялы қауымның алдында тұрған үлкен міндет. 2013 жылы Үкімет құрамында жүрген кезде «Абылай хан» атында жауынгерлік орден шығаруды ұсындым. Не себепті екенін білмеймін, осы ұсынысым ескерусіз қалды, – деді Жабал Ерғалиев.