23 жас ғалым философия докторы дәрежесіне ие болды
23 жас ғалым философия докторы дәрежесіне ие болды
2019 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторларына жеке үлгідегі дипломдарды табыстайды. Соңғы бес жылда университетте 238 докторлық диссертация қорғалған. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да 23 докторантқа PhD дипломы салтанатты түрде табысталды. Жас ғалымдар еліміздің сегіз жоғары оқу орнында оқуларын аяқтап, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да докторлық диссертация қорғады. Олардың қатарында ЕҰУ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Әлихан Бөкейхан атындағы университет, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің жас ғалымдары бар.
«Жаңа Қазақстан – ғылымның жаңа сапасы. Қазір  біз Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды зерттеу университетіне айналдыру бағдарламасын дайындадық. Осы орайда мен университетіміздің PhD дәрежесіне ие болып жатқан жас ғалымдар үшін өте қуаныштымын. Сіздердің көпшілігіңіз Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі университеттерде докторантураны аяқтап, біздің оқу ордасының қабырғасында диссертация қорғадыңыздар»,  –  деді ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.
Бүгінде ғылым саласын дамытуға баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта арнайы конкурстар ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстарын қаржыландыру деңгейі артқан. Биылғы жылдан бастап 500 қазақстандық ғалым әлемнің әр мемлекетінде орналасқан мықты ғылыми орталықтардан тәжірибе өту мүмкіндігіне ие болды. Олардың ішінде ЕҰУ қызметкерлері де бар.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылыми-зерттеу университеттеріне технопарктер құруға, ғылыми инфрақұрылымды және техникалық базаны жаңғыртуға қаражат бөлінеді. Сондықтан бүгінгі жас PhD докторлардың Қазақстанның ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарына қосылуы өте маңызды. Сіздердің араларыңызда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында жұмыс істеуді жалғастыратын азаматтар бар екенін білемін», –  деп түйіндеді сөзін ректор.
Венера Балмағамбетова Қазақ-Ресей Халықаралық университетінде білім алған. Ал диссертация Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қорғауды ұйғарды. «Мен университеттердің қазақстандық және халықаралық рейтингтерін қадағалап отырамын. ЕҰУ лайықты орынға ие. Құқықтану мамандығында білім берудің сабақтастығы байқалады. Еліміздің астанасындағы ұлттық университеттің дипломын алу мен үшін және менің отбасым үшін үлкен мақтаныш», –  деп атап өтті ол. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да педагогика және психология мамандығы бойынша білім алған Гүлнәр Исмаилова бұған дейін Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университетте білім алған.
«Педагогика және өзін-өзі тану кафедрасында маған үздік оқытушылар сабақ берді. Болашақ жұмысыма пайдалы болатын көптеген білім алдым. ЕҰУ өте үлкен материалдық-техникалық базаға, тамаша кітапханаларға, көптеген электронды ресурсқа ие. Оқу оңай болған жоқ. Бірінші курста бізде наукометрия пәні болды. Мен ғылымды километражбен өлшеуді ұсынар едім, өйткені докторант үнемі әртүрлі жерлерде болады. Мәскеуге, Алматыға, басқа қалаларға бардық. Осы жерден алған білімімді Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университетте жұмысымда қолданамын. Ғылыми қызметімді жалғастырып, стартап жобаларға қатысуды жоспарлап отырмын», –  деді ол.
Айта кету керек, ЕҰУ-да 35 мамандық бойынша 26 диссертациялық кеңес жұмыс істейді.  Өзінің оқуын жалғастыруға ниет білдіргендер университеттің постдокторантурасына түсе алады. ЕҰУ оны өз қаражаты есебінен 2020 жылы ашқан болатын.