Халықтың талап-тілегін орындауға билік институттары бірлесе күш салуы тиіс – Аманжол Әлтаев
Халықтың талап-тілегін орындауға билік институттары бірлесе күш салуы тиіс – Аманжол Әлтаев
Фото: edu.kz
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев референдумға қатысты пікір білдіріп, билік пен халық арасында диалог қалыптастыру маңызды екенін айтты. Бұл туралы Аманжол Әлтаев Facebook-тағы парақшасында жазды. «Жалпыұлттық референдум демократия талаптарына сай, жоғарғы деңгейде өтті. Халқымыз саяси жүйенің өзгеруі үшін Конституциялық реформаның маңыздылығын терең сезініп өз таңдауын жасады. Әділетті қоғам орнату – ортақ мақсатымыз. Халықтың саяси белсенділігі күн сайын артып келеді. Ендігі жерде олардың талап-тілегін, ұсыныстарын орындауға билік институттары бірлесе күш салуы тиіс. Ел тарапынан көрсетілген сенім мен үміт нақты нәтижелер арқылы қанағаттандырылуы керек. Билік пен халық арасында диалог қалыптастыру маңызды. Ата Заңға деген ел құрметі мен сенімі арта түссін. Үкіметтің де, парламенттің де, құқық саласының да бірлесіп атқарар жұмысы көп. Президент ұсынған кешенді реформа нәтижелі орындалуы тиіс. Бірлігімізді, елдігімізді көрсеткен, тағдыршешті маңызға ие референдумның сәтті өтуімен барша отандастарымды құттықтаймын! Мемлекетіміз мерейлі, бірлігіміз бекем болсын! Жаңа Қазақстанның шаңырағы биік, іргесі берік болсын!» – деп жазды Аманжол Әлтаев.