Алматыда балмұздақ өндіретін мекеменің 5 қызметкері аммиактан уланып, ауруханаға түсті

Алматыда балмұздақ өндіретін мекеменің 5 қызметкері аммиактан уланып, ауруханаға түсті 1
Фото: damu.kz

Алматыда балмұздақ өндіретін зауыттың 5 жұмысшысы уланып, ауруханаға түсті, – деп жазады 24.kz.

Дәрігерлердің айтуынша, уланған жұмысшылар ауруханаға кеше таңғы сағат 9-да жеткізілген. Үш науқас жансақтау бөлімінде, біреуі токсикология бөлімінде жатыр. Бесіншісі стационарлық емдеуден бас тартқан.

Компания өкілінің мәлімдеуінше, мұздатқыш цилиндрінің тығыздауышы бүлініп, 500 грамдай аммиак төгілген.  Уланғандардың барлығы – қаптама бөлімінің жұмысшысы. Сол ауысымда өндірілген 2 тонна балмұздақ саудадан алынып, арнайы қоймаға қойылды.

Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Омаров: «Аурудың белгілері науқастар есін білмейді. Құсып, жүрегі айниды. Әлсіздік байқалады. Аммиак – сұйық зат. Ашылған күйде ауаға тарайды да адам содан уланады», – дейді.

«Шин-Лайн» компаниясы маркетинг бөлімінің басшысы Бейбіт Құрманбаев: «Табылғаннан кейін барлық ауысымдағы қызметкерлер эвакуацияланды. Жедел жәрдем шақырылды. Өз жағымыздан емдетеміз. Арнайы өтемақы төленеді», – деді.

Кеше Ақмола облысында бензиннен уланған бала қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.