Білім және ғылым министрлігі Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға түзету енгізгелі жатыр. Ұсыныс 22 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтында жарияланды. Мақсат – жалпыға міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының көзқарастарының бірлігін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына оң көзқарасын қалыптастыру, білім беру ұйымдары мен кеңестер (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті) басшылығының жауапкершілігін арттыру, білім берудің зайырлығын сақтау. Сонымен, мектеп формасына қойылатын талаптар мынадай:
- пиджак, жилет, юбка, шалбар, түймелері немесе құлпы бар тоқылған кардиган (бомбер), классикалық блузка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка). Еркін, кең тұратын, аяқтың тобығын жауып тұратын қыздарға арналған шалбар жатады.
- Мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының ерекше белгілерін (эмблемасын, патчтарын, шеврондарын және т.б.) тағуға рұқсат етіледі.
- Мектеп формасының түсін, стилін және белдемшенің ұзындығын таңдауды орта білім беру ұйымы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті) анықтайды.
- Бұл ретте жеке мектеп формасын өндірушілердің артықшылығына жол берілмейді. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз.
- Бұл ретте облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беру органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына әкімшілік-аумақтық бірлік үшін мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауды ұсынады.
- Мектеп басшысы мектеп формасының сақталуы туралы мәселені кеңеске (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті) қояды.