Таяуда баллонға құйылатын газдың құны арзандауы мүмкін. Себебі жуырда ғана Энергетика министрі Болат Ақшолақов баллонмен сатылатын газдың бағасы төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Осы күні баллонмен сатылатын газдың бағасы литріне шамамен 116 теңгеден басталады. Ал жанар-жағармай құю бекеттерінде дәл осындай газ екі есе арзан бағада сатылып жатыр. Бұл мәселеден хабардар ведомство басшысы көптен талқылау жүргізіп айтқан еді. «Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Шынымен де екі газдың еш айырмашылығы жоқ. Жанар-жағармай стансасы болсын, газ баллонын толтыратын орындар болсын, бәрінде сұйылтылған газ сатылады. Егер баға реттелетін болса, бірдей болады. Тұрмыстық мақсатта қолданылатын газдың бағасы жанар-жағармай стансаларымен бірдей 50-70 теңгенің маңайында болады», – деді Ақшолақов. Дегенмен бұл тұста бірталай проблема бар. Мәселен, газ баллондардың қауіпсіздігіне кепіл жоқ. Кеңес заманынан қолданылып келе жатқан баллондар әлі күнге дейін айналымда жүр. Алдағы уақытта газ баллондарды тексеру талабы енгізілмек. Әрбір баллон тіркеуге алынады және техникалық төлқұжат беріледі. Қазір де халықтың арасында 5 литрден 75 литрге дейінгі газ баллондары сұранысқа ие. Бұны көбінесе көгілдір отынмен қамтылмаған шалғай елді мекендегі тұрғындар қолданады. Егер баллондармен сатылатын газ бағасы төмендейтін болса, халыққа да тиімді болмақ. Қазір газ баллондары нарықта 2000-4000 теңге аралығында сатылады. Баллондағы газ бағасы төмендесе бағасы 50 пайызға дейін арзандауы мүмкін.
Салтанат Асанәліқызы, ЕҰУ-дың 2-курс студенті