Елімізде экологияны зақымдап отырған парникті газ шығындыларын азайтудың бірден бір жолы АЭС қолдану. Бұл туралы Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Балама энергия көздерінің тұрақсыздығы және газ генерация шектеуі біздегі энергия тапшылығын толықтай қамтамасыз ете алмайды. Бұл ретте негізгі тоқтаусыз қуат көзі АЭС салуда Қазақстанның мүмкіндігі зор. Атом энергетикасын Еуроодақ жасыл энергетика қатарына қосқанын айта кеткен жөн. Біздің мемлекет уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында. Қазіргі уақытта біз АЭС салынатын орынды анықтадық. Бұл саланы зерттеп жатырмыз», – деді Президент.Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.