ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мас жүргізушіні тоқтатып, қаншама тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғап қалған Архат Ракишевке Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
«Жасаған ерлігің үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталдың. Сол наградаңды министрдің тапсырмасымен өзіңнің көкірегіңе ілуге келіп отырмын, Архат батыр», – деді вице-министр.Нұр-Сұлтан қаласы ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы өткен жылдың желтоқсан айында асқан ерлік көрсетіп, жол қауіпсіздігін сақтап қалған болатын. Ол елорданың Қошқарбаев көшесінде ережені өрескел бұзып, апатты жағдай тудырып келе жатқан жүк көлігін байқайды. Ер адам тәртіп сақшысының талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырмақ болады. Қайғылы жағдайдың алдын алмақ болған Архат сол сәтте ауыр жарақат алады. Полиция капитанына екі рет ота жасалған. Комада болған жігіт бүгінде есін жиған.
«Мектепті «алтын белгіге» бітірді. Одан кейін Еуразия ұлттық университетіне түсті. Сол университетті де жақсы тәмамдады. Одан кейін академиясын оқыды. Өзінің арманы болатын. Жұмысқа орналасты. Енді сол арманына жетті деп отыр едік… Полиция жұмысы – өте ауыр жұмыс. Елдің амандығын ойлайтын жұмыс қой. Барлығы балаңыз ерлік жасады деп жазып жатыр. Баламның ерлік жасағанына қуанамын. Ел азаматы болғанына қуанамын», – деді Архаттың анасы Алма Ракишева.https://www.youtube.com/watch?v=xFXJ4V2ARq8&feature=emb_title