Мұқтаж жандарға көмектесті
Мұқтаж жандарға көмектесті
286
оқылды
«AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалының ғимаратында партиялықтар халықпен жиі кездесу ұйымдас­тырып тұрады. Кеше қалалық мәслихаттың депутаты Ақиқат Абдуллаев кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға алғашқылардың бірі болып Мұратхан Ілиясов есім­ді азамат келді. Ол 2011 жылы же­кеменшік балабақша ашып, бі­рақ 2012 жылдан бастап қызмет­керлерінің қарызын төлей алма­ғандықтан, істі болып, сотталып келгенін айтты. Ал қазір зейнета­қысының жартысы сол бұрынғы қарызын өтеуге ұсталып жатқан көрінеді. Арызданушы осы мәселе бойынша көмек сұрай келіпті. Де­путат А.Абдуллаев оның арызы­ның заңды-заңсыздығын тексеріп, сол бойынша қабылданған шешім жөнінде өзі хабар беретінін жет­кізді. Ал арыздана келген Дүйсенкүл Барахова І топтағы мүгедектігі бар сіңлісінің бар екенін, оның тұрғы­лықты мекенжай бойынша уақыт­ша басқа жерде тіркеліп тұрғанын, енді өз үйіне тіркете алмай жүр­генін айтып шағымданды. Ақиқат Махмудұлы азаматшаның өтініші бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының маманына хабар­ласып, өтініш иесін қабылдап, мәселесін шешіп беруін сұрады. Мұхтар Құрақбаев есімді аза­мат әйелінің екі көзі көрмейтінін, оған ота жасату үшін қаржылай көмек керек екенін айта келген. Партия өкілі бұл азаматтың мәсе­лесі бойынша демеушілік көмек ұйымдастыруға күш салатынын жеткізді. Үш баланың анасы, күйеуі ІІ топ­тағы мүгедек Зарина Раметова жағ­дайының қиындығына қара­мастан, мемлекеттен атаулы әлеу­меттік көмек алмайтынын айтып шағымданды. Тіпті, азық-түлікке ақша таппай отырғанын тілге тиек еткен. Депутат мұқтаж жанды бір реттік азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал күйеуінен ажырасқан, 3 ба­­ланың анасы Шолпан Оразбай алимент өндіре алмай жүргенін жет­кізді. Ақиқат Абдуллаев арыз­дану­шының әділдікке қол жет­кі­зуіне көмектесетінін айтып сен­дірді. Жайна Алмаханова есімді арыз­данушы ІІІ топтағы мүгедек баласына Нұр-Сұлтан қаласын­дағы емханада қаралу үшін жол­дама алып беруін сұрады. Ақиқат Махмудұлы азаматшаның өтініші бойынша Денсаулық сақтау бас­қар­масымен келісу керегін ескерт­ті. 4 баланың анасы Нилуфар Тай­жанова есепшоттарының бұғат­талуына байланысты еңбека­қысын және балаларына берілетін жәрдемақыны ала алмай жүргеніне шағымданды. Депутат ол бойынша заңгер Мақсат Мырзакәрімовке хабарласып, өтініш иесіне көмек беретінін жеткізді.