Халықаралық нормаларға сай өтті
Халықаралық нормаларға сай өтті
199
оқылды
– Қазақстан референдумды ұйымдастыруға өте жақсы дайындалған. Миссия тарапынан техникалық жағдайға, ережелердің сақталуына, референдумға дайындық пен оны өткізу барысына қатысты ешқандай ескертулер жоқ. Барлығы да заңнама мен халықаралық нормалар аясында өтті. Қазақстанда  миссия басшысы ретінде өз жұмы­сым­ды 1 маусымнан бастап атқардым. Мемлекеттік ор­гандармен, соның ішінде Қазақстан Орталық референдум комиссиясының басшысымен бірқатар қызықты кездесуге қатыстым. Жоғарғы Соттың, Конституциялық Кеңестің, ІІМ, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің басшылығымен де кездестім. Осы уақыт ішінде біз Қазақстан мен ел халқының өміріндегі аса маңызды саяси оқиғаны өткізуге дайындығын жан-жақты бақыладық.

Леонид АНФИМОВ, ТМД байқаушылары миссиясының басшысы

Сайлаушыларда сенім басым

– Референдум кезінде біздер азаматтық ұстанымымызды білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 70 адамдай бас біріктіріп, топ құрап тәуелсіз байқаушы болып бақылау жасадық. Сонда көзім жеткені, референдум учаскелеріне келгендердің қарасы қалың. Тіпті, олардың арасында бейне бір мерекеге келгендей көңіл күймен сәнді киініп, отбасымен жүргендері де көп кездесті. Өз басым осы күні Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданындағы 7 референдум учаскесінде болдым. Солардың барлығында да тарихи оқиғаны сайлаушылардың үлкен сеніммен, қуанышпен қарсы алғанын байқадым. Тіпті, осында жұмыс бабымен басқа қалалардан келгендер де жүрді. Бірақ, әттең-ай олардың көпшілігі үзік талондарын ала келмеген, алдын ала тіркелмеген. Сондықтан да олар дауыс бере алмады. Осы тұста Мемлекет басшысының сайлау процесіне электронды технологияны көптеп тарту керек деген ұсынысы ойға оралды. Егер ортақ база бір болғанда олардың үзік талондарын онлайн жолмен алдыруға болар еді. Осы мәселені болашақта ойластыру қажет. Ал жалпы алғанда, референдум кезінде мен аралаған учаскелерде өрескел заңбұзушылықтар, арандатушылықтар болған жоқ. Тіпті, халықаралық байқаушылардың өздері де «саяси тұрғыда өте сауатты ұйымдастырылған референдум болды» деп баға беріп кетті. Мен де осы бағаға қосыламын.

Шерзат ПУЛАТОВ, тәуелсіз бақылаушы