Триптих-спектакль сахналанады
Триптих-спектакль сахналанады
555
оқылды
Түркістан музыкалық драма театрында «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» триптих-спектаклі сахналанады. Қазақстанда тұңғыш рет 18-19 маусымда Шекспир, Әуезов, Гёте сынды үш жазушының әйгілі туын­дыларының сахналық нұсқасы көрермен назарына ұсынылады. Уақыт өтсе де, бұл шығармалар әлі де өзектілігін жоймаған. «Тағдыр мен тауқымет, махаббат пен ғадауат. Зар еңіреген көшпелі заман, ойы екіге жарылған адамның ақыл азабы, есіле көсіліп шаттанып, егіле жылау – Мұхтар шығарма­ларының ішінде тек «Қаракөздің» маңдайына жазылған сыбаға», – дейді жазушы Тұрсын Жұртбай. Спектакль театрдың актерлік құрамын жаңа қырынан көрсетеді. Ұзақтығы 4,5 сағатқа созылатын қойылымға шығармашылық топ екі айдан астам уақыт дайындалған. Сахналық нұсқасының авторы әрі режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Заманауи театр тіліне аударған – Мирас Әбіл. Әлемдік шығармалар біртұтас режиссерлік көзқарасқа негізделіп, қазақ театр сахнасында сахналанып отыр. «Бірнеше махаббат романын басымнан өткердім де, махаббат дүниедегі ең биік құдірет деп санадым», – дейді Гёте. Драма­тургтың «Фауст» трагедиялық пьесасын триптихтің бір бөлімі ретінде алған шығармашылық ұжым бұл қойылымда махаббат ұғымына басқаша үңіліп, клас­сикалық шығармаларға жаңа көзқараспен қарауға ұмтылғанын айтады.

Асыл ТҰМАР