Әріптесіміз оза шапты
Әріптесіміз оза шапты
299
оқылды
Петропавл қаласында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай өткен «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауда әріптесіміз, Aiqyn газетінің меншікті тілшісі Роза Шәкен 1-орынды иеленді. Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау және қолдану аясын кеңейту мақсатында ұйымдас­тырылған байқау бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл­ғы конкурс қазақ әліпбиінің не­гізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов­тың 150 жылдығына арналған. Байқау «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинацияларынан тұрады. Aiqyn газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Роза Шәкен байқауға бірнеше мақаласын ұсынған. Соның ішінде мемлекеттік тіл мәселесін көтерген «Қазақ мектептеріне қырын қарай ма?» атты  мақаласы үздік деп танылды. Жалпы, байқауға түрлі номи­нациялар бойынша барлығы 15 журналист қатысқан. Жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Ал жарыста оза шапқан үздіктердің еңбектері республикалық кезеңге жолданады.

Еркежан ӘУЕСБЕК, ЕҰУ 2-курс студенті