Елордада ТМД Экономика кеңесінің 94-отырысы өтті
Елордада ТМД Экономика кеңесінің 94-отырысы өтті
617
оқылды
Бүгін, 10 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында ТМД Экономика кеңесінің төрағасы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен ТМД Экономика кеңесінің 94-отырысы өтті. Отырыста көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды. Биыл Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ету мәртебесін қабылдаған болатын. Отырыс барысында қатысушылар туындаған мәселелерді шешудің бірлескен шараларының тізбесін мақұлдады. Сондай-ақ қатысушылар оны әзірлеуді алдағы наурызда өтетін экономикалық кеңестің отырысында талқылауға уағдаласты. тмд Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі экономикалық жағдайдың мониторингі бойынша сарапшылар тобы дайындаған бұл құжат ұлттық экономикадағы сыртқы экономикалық қатерлерді нивелирлеуге, түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.
«Қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда сауда-өнеркәсіп палаталарының ынтымақтастығы сауда және кооперациялық байланыстардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығын болдырмауда, шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қосымша резервтер іздеуде елдегі кәсіпкерлік қоғамдастыққа жәрдемдесуі тиіс», – деді Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ қызмет көрсету және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісімнің жобасын әзірлеу процесі талқыланды. Айта кетейік, бұл –  2011 жылғы тауардың еркін сауда аймағы туралы келісіммен қатар, өзара сауда көлемін одан әрі арттыру үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететін экономикалық саладағы өте маңызды құжат. Отырыс шеңберінде 2019-2021 жылдардағы Кеңес қызметі туралы есеп беру мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары басшылары кеңесінің төрағасы, Түрікменстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Довлатгелді Реджепов сөз сөйледі. Ол ТМД атқарушы комитеті мен Кеңес арасында тығыз ынтымақтастық қалыптасқаны, іскерлік байланыстар орнатылып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды өзара ақпараттандыру мен үйлестіру жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекеттік материалдық резервтерді басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік билік органдары басшыларының консультативтік кеңесінің төрағасы, Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық резервтер департаментінің бастығы Евгений Бондарь 2017-2021 жылдары ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекеттік материалдық резервтерді басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік билік органдары басшыларының консультативтік кеңесінің қызметі туралы ақпарат берді. Іс-шарада консультативтік кеңестің маңызды міндеті табиғи-климаттық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін нығайту мақсатында мемлекеттік материалдық резервтер органдарының өзара іс-қимылын жүзеге асыру екеніне де тоқталды. Баяндамаларды тыңдағаннан кейін қатысушылар 2019-2021 жылдары ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары басшылары кеңесінің қызметін және 2017-2021 жылдары ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекеттік материалдық резервтерді басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік билік органдары басшылары Консультативтік кеңесінің қызметін мақұлдады. Делегация басшылары Экономикалық кеңестің кезекті 95-отырысын 2022 жылғы 23 қыркүйекте Мәскеуде өткізу туралы шешім қабылдады.