Соңғы кездері Қазақстанда АЭС салу идеясы ерекше қызу талқылануда. Ол салынса, 2035 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.
Мәселенің қоғамдағы өзектілігін, бейтарап әрі жан-жақты ақпараттың тапшы екенін түсінген «Бизнес, қоғам және мемлекет қатынастары» қауымдастығы елімізде атом электр станцияларын салу мәселесін республикалық талқылауға бастамашы болып отыр. «Қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар және мемлекет арасында тиімді де жүйелі ынтымақтастық алаңын құрсақ», дейді қауымдастық мүшелері.
9 маусым Еуразия ұлттық университетінде өткен шарада атом электр станциясы құрылысының пайдасы мен тәуекелдері, энергетика саласының жағдайы, әлемнің электр қуатын тұтыну жағдайы және тағы басқа мәселелер қаралды.
«Елімізде атом электр станциясын салудың қажеттілігі туралы пікірлер әртүрлі. Чернобыль мен Фукусима апатын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Кейбір азаматтар ешқандай қауіп жоқ деп есептеп, осылайша елдің энергетикалық дағдарыстан шыға алатынына сенімді», – дейді сарапшылар.
Талқылауға Мәжіліс депутаттары, «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ, «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты» РМК, Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және жоғары технологиялар институты, «Атамекен» АЭС, бірқатар құзырлы министрлік өкілдері, ғалымдар мен экологтар, экономистер мен қоғам қайраткерлері жиналды.