Букмекерлік кеңселер құмар ойындар арасында бірінші орында тұр

Букмекерлік кеңселер құмар ойындар арасында бірінші орында тұр 1

Соңғы бірнеше онжылдықта әлеуметтік желілер халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, инновациялық өнертабыс тек артықшылықтарға ғана емес, сонымен бірге қауіптерге де ие.

 

Лудомания - әлеуметтік желілерге тәуелділік және YouTube видеохостингі мәселелерін талқылау барысында сарапшылар осындай байламға келді. Кездесу Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жастар мен балалар арасында Интернетке және YouTube-ке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы аясында өтті.

 

«Бүгінгі отырысымыз маңызы қоғам үшін маңызды. Оның өзектілігі, біріншіден, интернетті пайдаланушылар мен «ойыншылардың» санының өсуімен анықталады, екіншіден, бұл хобби жеке адамға және тұтастай қоғамға зиянды әсер етеді, үшіншіден, ойынға тәуелділік мәселесі әлі көптеген зерттеуді талап етеді. Бұл тақырып бойынша толық және объективті ақпарат жоқ», - деп атап өтті Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерниязова Айсұлу.

 

Сондай-ақ, отырыста «AMANAT» партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Ахметжанов Серік, психолог Тұрғазы Аида және филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан бұл мәселеге қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

 

«Қазіргі уақытта ғасырдың ең озық жетістігі әрі сырқаты болып саналатын ғаламтордың жастарымызға пайдасы мен зияны қатар тиіп отыр. Шамадан тыс тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Ақпараттық иммунитеттің қалыптаспауынан, ақпараттың дұрысы мен бұрысын сараптай алмайтын жастар көбейді. Осы орайда жастардың арнасын түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми жұмыстарға бағыттау қажет. Егер ынталандыру тетіктерін жетілдірсе, тиімді үйлестірсе жастардың, әсіресе жеткіншектердің желідегі уақыттары азаюына бір септігін тигізер еді», - дейді ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Тұржан Оңайгүл Ізтұрғанқызы.

Букмекерлік кеңселер құмар ойындар арасында бірінші орында тұр

Ал, психолог Тұрғазы Аиданың айтуынша:

«Мәселенің кең таралуын анықтауымыз қажет, себебі оның түбірінде  оған әсер етуші факторлар жиынтығы тұр. Бұл сала мамандарының араласуынсыз шешіле қалатын дүние емес. Себебі отбасылық жағдай, күнделікті өмірдегі мәселелерден бір сәтке алыстау, оны алмастыру сынды фактарлор көп. Сол себепті комплексті жұмысты жетілдіруіміз қажет»,- дейді.

 

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, құмар ойындар тәуелділік болып табылады. Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Ахметжанов Серік Берікқазыұлы айтуынша:

«Жастар үшін әлеуметтік желілер мен интернет тек ойын-сауық құралы немесе жаңалықтар көзі ғана емес, сонымен қатар практикалық нәрселер үшін, яғни сатып алу немесе түрлі қызметтерді алу үшін қызмет етеді.

Қоғамдық саясат институты әр жылдары осы тақырыптарға әлеуметтік зерттеулер жүргізді. Респонденттердің 11%-ы отбасында құмар ойындарға тәуелді адамдар бар екенін атап өтті. Құмар ойын түрлерінің ішінде бірінші орында букмекерлік кеңселер (46,7%), одан әрі ойын автоматтары (35,5%), бейне ойындар үшінші орында (23,3%), төртінші – казино (18,3%) және бесінші –  карта ойындары (17,7%). Респонденттердің 73,8%-ы лудоманияны қоғамның өзекті мәселесі деп санайды»

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында жақын арада бүкіл ел бойынша жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің, құмар ойындар мен кибербуллингтің жоғары деңгейі бар өңірлерді анықтау бойынша топтық талқылаулар жүргізіледі, осы саладағы қазақстандық және шетелдік заңнамалық актілерге талдау, ғаламтор желілеріне  мониторинг жүргізілмек, сондай-ақ құмар ойыны сайттарының тізімі ұсынылады.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.