Пронский – үздік үштікте
Пронский – үздік үштікте
Италияда өткен «Адриатика-Ионика» көпкүндігі мәресіне жетті. «Астана» клубының вело­шабандозы Вадим Пронский аталған жарыста табысты өнер көрсетті. 24 жастағы Нұр-Сұлтан қала­сы­ның тумасы былтыр осы додада үшінші орын алған болатын. Биыл да дәл сол межеден көрінді. Бұл жолы Пронский тек италиялық Филиппо Зана мен эритериялық Натнаэль Тесфационнан ғана қалып қойды. Жалпы, қазақстан­дық спортшының спорттық мансабында елеулі табыстар аз емес. Бастапқыда Вадим жастар арасында Қазақстан мен Азия чемпионы атанып, «Джиро дель Валле-д’Аоста» көпкүндігінде дара шықты. «Эльзас Туры», «Аустрия туры», «Хорватия туры», «Гваделупа туры», «Лангкави туры» секілді бірқатар бәсекеде де жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен ересектер дуына қосылып, бірқатар халықаралық жарыста өзін жақсы қырынан көрсетті.