Халықтың өтініші жерде қалмайды
Халықтың өтініші жерде қалмайды
420
оқылды
Сонымен, референдум жоғары деңгейде өтті. Оны насихаттау жұ­мыстарында қоғамдық ұйым­дар­мен бірге «AMANAT» партиясы да үлкен белсенділік көрсеткені бел­гілі. Осы мақсатта Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу бойынша референдум өткізуді қолдау жөніндегі Республикалық партия штабы құрылған болатын. Фракция депутаттары облыс ор­талықтары ғана емес, сонау шал­ғай жатқан ауыл-аймақтарға дейін барып қайтты.  20 мыңнан астам ұсыныс түскен Таяуда «AMANAT» партиясының Тө­рағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Қоша­нов бейнеконференция байланы­сы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ре­фе­рендум өткізуді қолдау мақсатында құ­рылған республикалық партия шта­бының қорытынды отырысын өткізді. Партия Төрағасы өз сөзінде: «Жалпыұлт­тық референдум жүзеге асты. Азаматтар Мемлекет басшысы ұсынған рефор­маларды қолдап, елде демократиялық сана-сезімнің күшейгенін көрсетті. Пре­зи­­денттің жуырда ғана жарияланған Үн­деуінде атап өтілгендей, азаматтар на­ғыз патриотизмнің үлгісін паш етіп, Қазақстанның қарқынды дамуына зор үлес қосты», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ үгіт-насихат кампаниясы аясында аза­маттардың өтініштері мен талап-тілек­терін жинау бойынша республикалық акция да өткізілген болатын. Барлығы 20 мыңнан астам ұсыныс түсті. Партия Төрағасы қазақстандықтардың барлық ұсыныстары мен көтерген мәселелерін қарастыру жұмысын Үкіметпен бірге атқару керектігін айтты. Жиын соңында Ерлан Қошанов штаб мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді, сондай-ақ елдегі саяси жүйенің алдағы уақытта өзгеруін ескере отырып, пар­тия­ның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының жұмысына қатысты нақты тапсырмалар берді. Ел тілегін арқалап оралды Референдумға дайындық жұмыста­ры аясында Парламент депутаттары, рес­публикалық, облыстық, аудандық штаб мүшелері еліміздің түгелге дерлік ай­мағын, шалғай аудандар мен ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай бір топ Алматы облысына жол тартқан еді. Райымбек ауданының ор­талығы Нарынқолдан бастап, Кеген, Шонжы, Жаркент, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Талғар, Іле өңірлерінде өткен халықпен кездесу түрлі форматта өрбіді. Аудан және селолық окуруг орталық­тарын, Алматы маңындағы тұрғын үй алаптарын қоспағанда ақпараттық-түсіндіру тобы Шырғанақ, Сарыбел, Түрген, Қаратұрық, Қаракемер, Шелек, Қараой, Қайнар, Қарасаз, Көмірші, Сарыжаз, Ұзынбұлақ, Жалаңаш, Тасқарасу, Шарын, Көктал, Ынталы, Жаңашаруа, Малыбай, Достық, Жаңа Қазақстан, Бәйтерек және тағы да басқа ауылдарды адақтап шықты. «Осы жолы жиырма күн бойы ең шалғай аудан орталықтарынан 120-130 шақырым жырақта жатқан селолық округтерге, тіпті олардың да арғы жа­ғын­да жатқан бөлімшелерге дейін ба­рып, халықпен кездесіп, мұң-мұқ­тажын тың­дап қайттық. Шын мәнінде, референ­думға қатысты сапар болға­нымен, ха­лық­тың конституциялық өзге­рістерді қолдауы, оны сезінуі өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын халық бірауыздан қолдап отырғанына көзіміз жетті. Бұл сапар сонымен қатар жергі­лікті әлеуметтік мәселелермен танысып, оны Парламент деңгейінде көтеру үшін үлкен мүмкіндік болды. Әр ауылды ара­лап шықтық деуге болады. Халық ең бі­рін­ші кезекте әлеу­меттік-инфрақұры­лымдық мәселелерді көтерді. Тақтайдай жол, ауызсу, аурухана, білім мәселелерін көбірек айтты. Ау­данға, облысқа шабыл­май мемлекет қар­жы бөлетін игіліктің бәрін жергілікті жер­ден көрсек деген өті­ніштерін біл­дір­ді. Расында да, жол жағдайы қиын, ха­лық­тың арқасына батып отырған мәселе – осы. Содан кейін ауызсу: көптеген бағдарламалар қа­былданып, біраз жұ­мыстар орын­дал­ды, дегенмен де шалғай ауылдарда ше­шімін күтетін әлі де болса біраз мәселелер бар. Мәдениет ошақ­тары, бұқаралық спорт, көпбалалы ана­лар мәселесі, ауыл шаруашылығын­дағы субсидия, жайы­лым жайы да халықтың көкейіндегі дү­ниелер. Талап-тілек өтініштерін жинап алып келдім. Тиісті орындарға бағыттап жатырмын. Ауыл­дық, аудандық дең­гей­дегі проб­лема­ларды өңір басшыларымен сол жерде шешуге тырыстық», – дейді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан. халық өтініш Депутат мектептердің мә­селесі алыс ауылдарды былай қойғанда, аудан ор­талықтарында да өткір тұрғанын айтады. Бір ғана мысал, Кеген ауданы­ның ор­талығында 1967 жылы салынған Өжек Жаңабаев атындағы және 1987 жылғы Кеңес Нұрпейісов атындағы екі мектеп бар. Олар салынғалы бері жөндеу көр­меген, тіпті 55 жыл болған ескі мек­теп қи­раудың аз-ақ алдында тұр. Екі мек­теп­тің де күрделі жөндеуді қажет ететін құ­жаттары әлдеқашан әзірленген. Бұған дейін облысқа үш мәрте жолданған екен, бірақ қаражат тапшылығына байланыс­ты кейінге қалдырылып келеді. Сондық­тан да екі мектептің проблемасы кезек күт­тір­мейді. «Осы сапардан көңіл аудартқым келетін тағы бір мәселе – елімізде ғана емес, дүниежүзіндегі ең сапалы «Рка­ци­телли» жүзім сортын өсіретін Қарадала аймағындағы Бахар ауылдық округінің Шырын бөлімшесіндегі еңбеккерлер жайы. Шаруалар бұрын 588 гектар жүзім алқабын ексе, бұл күнде амал мен тиісті қолдаудың жоқтығынан жүзімдік 350 гектарға дейін қысқарған. Себеп – жан­кештілікпен күтіп, баптап өсіретін жү­зім­нің келісін «Бахус» компаниясы не­бәрі 85 теңгеден ғана алады. Қолдары домбығып кеткен шаруаларға обал ғой! Ал сол арзанға сатып алынатын жүзімнен ең қымбат шараптар мен аққайнарлар әзірленіп, аса қымбат бағада сатылымға шығарылуда. Жүзімі шырынға айналға­нымен, еңбегі пұлға айналмай, сарсаңға түсіп жүрген жұрт жүзімдіктерін жаппай жоңышқа себетін егістіктерге айналды­руда. Халықтың еңбегін арзан бағалап, өнімін қымбатқа сататын «Бахус» секілді компаниялармен аудан әкімдігі, өңірдегі кәсіпкерлік басқармалары, басқа да тиісті орындар келісім жүргізбесе, әлем­ге аты мәшһүр «Ркацелли» жүзімінің тұқымы жойылып қана қоймай, шаруа­лар кәсібінен де, нәсібінен де айрыла­ды», – дейді Жанарбек Әшімжан. Алыс ауылдарға ат басын бұрып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген аманаттық тағы бір депутат Ерлан Саиров қос облыста болып қайтты. Ре­фе­рендум мәселелері бойынша Солтүс­тік және Шығыс Қазақстан облыста­рының 30-дан астам елді мекендеріне барып, 1500-ден астам тұрғынымен кез­десу өткізген ол Заградовка, Новоишим, Привольное, Сарытомар, Көкпекті, Көкжайық, Маңырақ, Ақжар, Қабанбай, Қарасу, Тұғыл, Үштөбе, Қарабұлақ, Дайыр, Марқакөл, Қалжыр және тағы да басқа елді мекендерді аралады. «Халықтың басым көпшілігінің көте­ретін ең бірінші кезектегі мәселесі – ауылдық, аудандық деңгейдегі жол, интернет, әлеуметтік, денсаулық сақтау инфрақұрылымдары. Сонымен бірге аймақтар мемлекеттік тілді дамыту және әйел азаматтардың зейнет жасын төмен­дету мәселесіне назар аудартуда. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы бүкіл саясаттың барлығы адамның игілігіне, адамның мүддесіне қарасты­рылуы керектігін айтып отыр. Осы тұр­ғы­дан келгенде біз жергілікті жерлердегі тұрғындардың айтқан негізгі уәждері мен тілектерін орындауға барлық күш-жі­герімізді саламыз. Үкіметпен бірге жұ­­мыс істеп, консультация жүргізетін бо­­ла­мыз. Жергілікті тұрғындар «AMANAT» пар­тиясы өкілдерінен жайы­лым мәселесі өте өзекті екендігін, оны шешудің жылдам әдістері мен тәсілдерін қарастыруды өтінген болатын. Фракция мүшелері кейбір күйіп тұрған мәселенің жедел шешу амалдарын қарастыратынын жеткізді. Аталған мәселелерді бір апта­ның ішінде қарастырып, нәтижесін жұрт­шылыққа баяндайтын болып келіс­тік. Кездесулер барысында тек саяси реформалар, Конституцияның өзгеріс­тері ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық басқа да өзекті мәселелері талқыланды. Бұл сапарлар­дың біздің депутаттық қызметімізді ұштап, заң шығару процесін жетілдіруде рөлі өте жоғары», – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Ауылдықтардың үлкен белсенділігін реформалық өзгеріске деген зор сенімі­мен байланыстыруға болады. Олар шын ықыластарымен партия өкілдеріне өз­дерінің өтініш-тілектерін жеткізді. Мәселен, Қалжыр ауылының тұрғыны Дүйсен Тәукішов жастардың қалаға үдере көшу үдерісін тоқтатудың маңызы жөнінде әңгіме өрбітсе, марқакөлдік Ақан Тоғысбаев Марқакөл ауданын қайтадан ашу проблемасын, Данияр Оразиманов малды тірідей шетелге өткізу мәселесін, Әбілхан Хамитов ау­дандағы су тапшылығы мен суды тиімді пайдалану жайын көтерді. Дайыр ауылы тұрғыны Жеңісбек Сағатбек Қытаймен тең, әділетті сауда-саттық жәрмеңкесін өткізу, Байлық Мамырбек «Омск-Майқапшағай» тас жолын салуды тезірек бітіру, Бәймөңке Садархан жас­тарды қолдау, әлеуметтік лифтілерді қалыптас­тыру керегіне назар аударды. Қарабұ­лақтық Марат Мақрамов жер, мемле­кеттік тіл, аудан халқын газбен қамта­ма­сыз ету проблемаларын, Мапаш Ілияс аналар жәрдемақысы, бинеске грант ұсыну мәселесін қозғады. Қабанбай ауы­лында Нұхахмет Әлдебеков шекаралық аудандарды дамытуға жаңа серпін қажет екенін баса айтса, ақжарлық Руслан Хамзин төбесінен су ағып, қабырғалары көгеріп тұрған ауыл мектебінің жайын айтты. Көкпектіде Ержан Құттыбаев «Қалбатау-Боғас» арасындағы жолдың жағдайы Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Жарма аудандарының халқының амана­ты болып табылады десе, Солтүстік Қа­зақ­стан облысында депутат Әли Дүйсен­бек шетелге көшіп кеткен азаматтардың жер пайын мемлекетке қайтарудың маңы­зына назар аударды. «Прометей-Агро» шаруашылығының басшысы Юрий Шоль «ауылшаруашылық саласын әртараптандыру маңызды» деп атап өтті. Тізе берсе, ауылдықтар мен олардың ұсыныс тізімін ұзын-сонар жалғастыра беруге болады. Мұның барлығы да «AMANAT» партиясына артылған сенім ғана емес, міндет болса керек.