Арманға айналған аспалы көпір
Арманға айналған аспалы көпір
506
оқылды
Қызылорда облысында көпірлерге қатысты күрмеулі мәселе көп. Жол қатынасын жеңілдету мақсатында салынған өткелдің біріне сын айтылса, енді бір аймақтарда жаңа көпір құрылысын салу қажеттігі сұранып тұр. Күре жолдағы көліктердің қа­лың нөпірін азайту мақсатында кө­пір салу оңтайлы шешім. Әсі­ресе, адам өміріне төнетін қауіптің алдын алуда жол кептелісін азай­татын өт­келдің маңызы ерекше. Дей тұр­ған­мен, Сыр өңірінде өткел салу ісі өзектілігін жояр емес. Жалпы, қала статусындағы ау­дан орталығында 40 мың халық тұ­рады. Жыл санап көлік саны да ар­тып келе жатқаны байқалады. Со­ның салда­рынан жол бо­йында кептеліс кө­бейген. Әсіресе, темір­жол өткелінде арғы беттен бергі жағына қатынап жатқан көліктер жиі кептелісте қаздай тізіліп тұрып қалады. Теміржолдан өтуі азапқа айналған жергілікті жұртшылықтың бір көпір салынса деген тілегі бар. Оның үстіне, теміржолға салынған жалғыз ескі өткел, байырғы шлагбаум бүгінгі күннің та­ла­бын өтемей тұрғаны айтпаса да түсінікті. Сеңдей соқтығысқан көліктердің са­нында есеп жоқ. Тіпті, бұл жерде келеңсіз оқиғалар да жиі болып тұрады. Алайда халық талабының бүгін-ертең орындалар түрі көрінер емес. Осы мәселе төңірегінде Арал аудан­дық тұрғын үй коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөліміне хабарластық. «Теміржол бойына аспалы көпір салу мәселесі назарда тұр. Осы мәселе бойын­ша 2020 жылы аудандық бюджеттен құ­ры­лыстың техника-экономикалық не­гіз­демесін әзірлеуге қаржы бөлініп, мемле­кеттік сараптамадан өткізілді. 2021 жылы жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу қоры­тын­­дысымен «Алматыдорпроект» ЖШС жеңімпаз танылды. Алайда құрылыс заттарының тым қымбаттауына байла­нысты бұл жоба-сметалық қүжаттамада көрсетілген баға техника-экономикалық негіздемесінің құнымен сәйкес келмей қалды. Соған орай бүгінде 2020 жылы есеп­телген ТЭН-ге мердігер тарапынан қай­та есептеу жұмыстары жүргізіліп, мем­лекеттік сараптама жасалып жатыр», – деді бөлім басшысы Амантай Тасқынбаев. Құзырлы орынның берген мәліметіне сәйкес, бұл жұмыстарды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып, қажетті қаржыға салалық басқармалар мен министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылатын болады. Нәтижесінде, кө­пір құрылысын салуды қолға алу көзделіп отырса керек. Негізінен, Аралдағы теміржол бойы­мен тәулігіне 50-ден астам жолаушы және жүк пойызы өтеді. Ал жаз мезгілінде оның саны тіпті артатын көрінеді. Осы­ның салдарынан өткелде 2-2,5 шақы­рымға дейін кептеліс болып отыр. Оған қоса, арғы беттен бергі беттегі мектепке қатынап оқитын оқушылар, түрлі үйірме мен спорттық секцияға қатысатын балғындар теміржолды жағалап өтуге мәжбүр. Осындайда олардың қауіпсіз­дігіне ешкім кепіл болмай тұр. Ал қала іргесіндегі Белкөл кентіндегі ахуал да жергілікті жұртшылықты алаңдатып отыр. Теміржолдың екі жағын жалғап тұрған өткел жүргіншілерге қауіп туғызып тұр. Әсіресе, сабаққа қатынай­тын балаларға қиындық туғызады. Кентте осы мәселеге орай жолаушы­лар көпірін салу жайы бірнеше жылдан бері кө­теріліп келеді. Балаларының қа­уіп­сіз­ді­гіне алаңдаулы күн кешіп отырған тұр­ғын­дардың көпір салынса деген үміті асқақ. «Біздің кентте онсыз да жаяу жүргін­шілер жолы болған емес. Оған теміржол бойындағы түйткіл қосылып, «жығыл­ғанға жұдырық» болып тұр. Аспалы көпір құрылысын салу ісінің көтерілгеніне бірнеше жыл болса да, әлі күнге оңды нәтижесін көре алмай отырмыз. Әсіресе, балаларымыздың өміріне алаңдаулы күй кешіп отырмыз», – деп мұңын шақты кент тұрғыны Жадыра Сыздықова. Жергілікті әкімдіктің мәліметіне сәй­кес, көпір салу жұмыстары енді ғана қол­ға алынған. Құрылыстың бас жобалау­шысы «Проект Сервис» ЖШС. Құрылыс жұмыстарымен мердігер Golgen City DS ЖШС айналысады. Жобаның жалпы құны 225,2 млн теңгені құрап отыр. «Жергілікті жұртшылықтың талабына сәйкес кенттен көпір салу ісі назардан тыс қалған емес. Теміржол бойынан келетін қауіптің алдын алу мақсатында бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Құрылыс жұмыстары жуырда басталды. Осы жылдың қазан, қараша айларында көпірді толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», – деп түсіндірді бұл жайында Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду. Ал жергілікті жұртшылық аспалы көпір құрылысын теміржол бойындағы қауіптің алдын алатын бірегей жоба деп санайды. Сондықтан оның сапалы әрі уақытылы салынуына баса назар ауда­рылуына иек артады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы