Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз қаласында тау тұлғаға ескерткіш орнатып, көше атауын беру бастамасы да көтеріліп жатыр. Билік емес бұқараның талқысына тасталған ұсынысқа қазір әркім әртүрлі ой айтып жүр. Ең қызығы, Тараздан даңқты қаламгердің есімін беретін лайықты көше табылмай тұр. Облыстың зиялы қауым өкілдерімен жүздескен өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Халық жазушысының мерейтойына орай ескерткіш орнату үшін ашық конкурс жарияланғанын, алайда мүсінді орнататын орынды халықтың өзі таңдауы қажет екенін айтқан. Әрине, биліктің бұқараның үніне құлақ түруге ниет танытқаны – қос қолдап қолдайтын шешім. Алайда тұрғындарға таңдау берілгені сол еді, ескерткіш қояр орынды таңдау «көкпарға» айналып кетті. Бір топ ескерткішті «Көне Тараз» кешенінің аумағына қою керек десе, енді бірі Төлеби даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің қиылысына қоюды ұсынды. Тағы бір топ Шерхан Мұртаза есімі берілген облыстық Баспасөз үйінің маңы ескерткіш қоюға лайық деп тапса, қаламгердің мүсіні бұрынғы «Тараз» қонақүйінің алдында қасқайып тұрса деген ұсынысын айтып жатқандар да бар. Десе де, барлығының ойы қаламгердің ескерткіші көне шаһардағы көрнекі орынға қойылса дегенге тоғысады. – Ескерткішке қатысты эскиздерді жақында қарап шықтық. Комиссия мүшелері өз ойы мен ұсынысын айтты. Бәріміздің пікіріміз бір жерден шыққан жоқ. Сондықтан ұсынысымызды енді республикалық комиссия қарайды. Содан кейін барып нақты шешім шығады. Ал ескерткішті қайда қою керек деген дүниеге келер болсақ, мен бұқараның ойына қосыламын. Халық өзі шешсін. Өзім көшеге адам атын беруге қарсымын. Оның орнына мәдениет үйіне, білім ошақтарына Шерхан Мұртазаның есімін берсін. Жуырда бірнеше мектепке Шер-ағаның есімі берілгенін естіп қуандым. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені көшенің аты күнде өзгеріп жатыр, – дейді «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, комиссия мүшесі Елен Әлімжан. Жазушы, журналист Бекет Момынқұлдың да пікірі осыған саяды. Қаламгердің ескерткіш орнату мен атын көшеге беруге қатысты өз ойы бар. – Кезінде Бауыржан Момышұлына ескерткіш қоятын тұста да осындай қиындықтар туған. Ол кезде Тараз қаласының орталығында тұрған Бәйдібек бабаның ескерткіші жоқ еді. Содан Бәукеңнің мүсінін сонда қою туралы ұсыныс болды. Бірақ сол кездегі билік бұған рұқсат бермеді. Одан кейін қазіргі Керей мен Жәнібек ханның ескерткіші қойылған орынға Бауыржан атаның ескерткішін қою ұсынылды. Бәукеңнің жаны жалғыздықты сүйетіндіктен, қала қарбаласынан тысқары орынға, Жуалы жеріне мүсінін орнатайық деп көпшілік шешкен. Алайда ұсынысымызды билік тағы қолдамады. Қазір Шерағаның ескерткішіне қатысты да осындай пікірталас болып жатыр. Мен өзім басында Шерханның ескерткішін Бәйдібек бабаға қарама-қарсы қояйық деп ұсыныс жасағанмын. Алайда кейіннен бұл ойымнан айныдым. Содан облыстық мәслихаттың депутаты, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықовтың ұсынысына құлақ түріп, Шерағаның мүсінін бұрынғы «Тараз» қонақүйі, қазіргі студенттер жатақханасының алдына орнату қажет деген байламға келдім. Себебі ол жер кең. Әрі абаттандырылған. Одан бөлек, жастар көп жүретіндіктен, кейінгі буынға Шерағаның мүсіні де үлгі болып, олардың рухын көтеріп тұрар еді, – дейді Бекет Момынқұл. Жазушы Шерағаға көше атын беруге қатысты да өз ойын ашық білдірді. Қаламгердің сөзіне сүйенсек, қазір ешкімге жалтақтамай, батыл шешім қабылдау қажет екен. – Тараз қаласындағы Ташкентская көшесіне Шерхан Мұртазаның атын беру туралы ұсынысқа өзбек ағайындар қарсы болғанын естідім. Алайда бұл жерде өзге ұлт өкілдерінің өкпелейтін еш себебі жоқ. Өйткені шаһарда Өзбекская, Самарканд сынды көшелер бар. Бір сөзбен айтқанда, өзбек атауларына өңіріміз кенде емес. Сондықтан Ташкентская көшесінің атауын Шерхан Мұртаза есімімен алмастыруды қолдаймын. Ал басқа ұсынылып жатқан тұйық көшелерге Шерхан Мұртазаның есімін беру ұят, – дейді Б.Момынқұл. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мадияр Ералыұлы да Ташкентская көшесі Шераға есімін беруге лайық деп санайды. – Ташкентская көшесінің басы сонау «Көне Тараз» тарихи кешенінен басталып, аяғы ХХ ғасырдағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімімен аталатын көшемен түйіседі. Тіпті, Шерағаның еңселі ескерткішін орнатамыз десе, аталған даңғылда соған лайықты әрі қолайлы, кең аумақты алып жатқан жерлер жетерлік. Тарихқа көз жүгіртсек, Шерхан Мұртаза бала күнінде білім алған интернат-пансионат осы Ташкентская көшесінде орналасқан. Демек, бұл көшенің бойында қарымды қаламгердің табанының талай ізі қалған. Оған қоса, Шерхан Мұртаза мен Әлихан Бөкейхандай тау тұлғалар бір көшенің бойында түйісіп жатса, қандай тамаша болар еді. Қазір Шерағаның есімін көшеге беруге қатысты сан түрлі ұсыныс айтылып жатыр. Мәселен, тұрғындардың бірі «ықшамаудандарды тоғыстырып тұрған Шостакович көшесінің атын өзгертіп, оған Шерхан Мұртазаның есімін берсе» деген ойын жеткізсе, енді бірі қаланың қақ ортасында жатқан бұрынғы Ленин, қазіргі Бейбітшілік көшесіне беруді қалайды. Иә, бұл ұсыныстың бәрі орынды әрі негізсіз емес. Бірақ аталған көшелер тар әрі абаттандыру жұмыстарын жүргізу ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті дәл қазір қай қырынан қарасаң да Ташкентская көшесі Шерхан атамыздың есіміне сұранып тұр, – дейді Мадияр Ералыұлы. Қалай дегенде де, қазір Жамбылда Шераға ескерткіші мен көшесіне қатысты мәселе қызу талқылануда. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза атындағы республикалық театр фестивалін ұйымдастыру, тұлғаның өз дауысы мен ол туралы айтылған пікірлердің аудио-кітабын дайындау, Шерағаң кітабындағы әдеби кейіпкер «Айша ана» есімін ұлықтау сияқты ұсыныстар да айтылып жүр. Жергілікті билік кейінгі бастамалардың барлығын қолдайтынын жеткізді. Алайда көше атауына келгенде аймақтың атқамінерлері бір байламға келе алмай отыр. Шаһардағы ең ұзын көшенің бірі Шер-ағаның атымен атала ма, әлде...
Жамбыл облысы