Кәсіпкер Ақтау әкімін сотта жеңіп кетті
Кәсіпкер Ақтау әкімін сотта жеңіп кетті
Ақтаулық кәсіпкер қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайды сотта жеңіп кетті. Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерге жер телімін жалға беру мерзімін ұзартудан заңсыз бас тартқан. Сот шешімімен Ақтау қаласының әкіміне 153 000 теңге айыппұл салынды. Барлығы кәсіпкердің Ақтау қаласының әкімі мен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімін сотқа беруінен басталған. Сот шенеуніктердің заңсыз әрекет жасағанын анықтап, оларға жер телімін жалға беру мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бір ай мерзімде талапкердің пайдасына тиімді әкімшілік акт қабылдауды тапсырды. Алайда,  осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де  қала әкімі қолайлы әкімшілік акт қабылдауға ешқандай шара қолданбаған. Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оны орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады. Нәтижесінде, сот Ақтау қаласының  әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 153 150 теңге ақшалай өндіріп алу шарасын қабылдады. Сондай-ақ, аталған сот шешімін орындауға қосымша 10 жұмыс күн уақыт берілген. Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек, әйтпесе ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады. Сондай-ақ, заңнамалық актілерде адамды сот актісін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту көзделген.