Түркия 1 шілдеден бастап өзге елдің азаматтарына тұруға рұқсат беруді шектейді
Түркия 1 шілдеден бастап өзге елдің азаматтарына тұруға рұқсат беруді шектейді
332
оқылды
Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Сулейман Сойлу мәлімдеді. Бұдан былай елдің әрбір шағынауданында шетелдіктердің саны жергілікті тұрғындардың жалпы санынан 20 пайыздан аспайды,  – деп хабарлайды «Хабар 24». Бұған дейін бұл көрсеткіш 25 пайыз болған. Ал 1 200 шағынаудан тіптен шеттен келгендер үшін түбегейлі жабылады. Түркияда шамамен 4 миллионға жуық шетелдік өмір сүреді. Әсіресе, бұл көрсеткіш пандемия кезінде едәуір өскен.
"Түркияның белгілі бір аймақтарында шетелдік азаматтардың шоғырлануының алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданды. Жергілікті тұрғындардан шетелдіктердің саны 25 пайыз асып кеткен 54 провинциядағы 781 шағынауданды өзге елдің азаматтарына уақытша және тұрақты тұруға жапқан едік. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап  25 пайыз квотаны 20 пайызға азайттық.  Ал 1 200 шағынауданда шетелдік азаматтардың тұруына рұқсат жоқ",   – деді Түркияның Ішкі істер министрі.
Шетел азаматтарының Түркияда тұруына ықтиярхат квотасы алғаш рет ақпан айында енгізілген болатын. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, мұндай шешім негізінен Дамаскіден қашқан сириялық босқындар ағынының артуына байланысты қабылданған. Ішкі істер министрінің айтуынша, заңсыз көші-қонға қарсы күрес қарқынды жүргізіліп жатыр.