Бүгінгі Малшылар күні неге өз деңгейінде тойланбай жатыр
Бүгінгі Малшылар күні неге өз деңгейінде тойланбай жатыр
348
оқылды
Үкіметтің қаулысына сәйкес, маусым айының екінші жексенбісі Малшылар күні болып бекітілген. Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев "ҚазАқпарат" тілшісіне осы атаулы күннің неге кең ауқымда мерекеленбей жатқаны туралы пікірін айтты.
 –Қазақта жақсы сөз бар. «Әкімі ақынын іздеген ел озады, ақыны әкімін іздеген ел тозады» дейді.  Былтыр Президентке ұсыныс айтып, хат жаздық. Ол кісі қолдап, Малшылар күнін мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне бекіту туралы тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі соны алып, күнтізбеге енгізуге қауқары жетпеді. Сонда Президенттің шешімі бар, Үкіметтің қаулысы бар. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінен бір маман электронды үкімет порталына хабарласып, Үкімет қаулысы бойынша мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне Малшылар күнін қосу керек деп айтуы керек еді. Қарап отырсаңыз, жай бір техникалық мәселе. Соны да жасамаған. Шалағайлықтың салдарынан қазақ шаруаларының осылай ескерусіз қалып жатқаны өкінішті, – дейді Алмасбек Садырбаев.
Оның ойынша, бұл күнде тым болмағанда салаға жауапты басшылардың әлеуметтік желіде шаруаларды құттықтауына болатын еді.
«Облыс әкімдері, Үкімет басшысы, Ауыл шаруашылығы министрі шаруаларды кәсіби мерекесімен құттықтап, тым болмағанда әлеуметтік желіге салса сол да жетер еді. Бірақ олар құттықтамады екен деп, «тонымызды отқа жақпаймыз». Құдайға шүкір, қарапайым ел құттықтап, БАҚ өкілдері іздеп жатыр. Өз атымнан әріптестерімді ортақ мерекемен құттықтаймын. Өрісіміз, қорамыз малға толсын. Үйіміз жанға толсын. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген асыл міндетті абыроймен атқара берейік. Әр қазақ малды, жанды болсын!» – деп түйіндеді.
Осы сұрақты Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне де қойдық. Ондағылар министрдің құттықтауы ведомствоның ресми сайтына сәл кейінірек жарияланатынын айтты. Аталған сайтта 14 мамырда жарияланған ресми дерек бойынша, 2022 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға шамамен 124,6 млрд теңге бағытталады. Бұл салада мемлекеттік қолдау мен субсидиялаудың 30-ға жуық бағыты көзделіп отыр.