Ерлан Қарин ақын Мұхтар Шахановпен кездесті
Ерлан Қарин ақын Мұхтар Шахановпен кездесті
3,832
оқылды
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин белгілі ақын Мұхтар Шахановпен жүздесті. Бұл туралы ол өзінің facebook парақшасында жазды.
"Мұхтар Шаханов ағамызға сәлем беріп, біраз отырып әңгімелесудің реті түсті",– деп жазды Ерлан Қарин.
Мұхтар Шаханов 1984 жылы "Жалын" альманағының бас редакторы болды. 1986 жылы "Жалын" журналының бас редакторы қызметіне кірісті. 1988 жылы республикада тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал мен Балқаш мәселесі жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде қазаққа "ұлтшыл" деп айып таққан КОКП орталық комитеті саяси бюросының қаулысына қарсы бас көтерді. 1988 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен тыйым салынған "Наурыз" мерекесінің 62 жылдан кейін қайта салтанат құруына мұрындық болды. "1988 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге "Наурыз" мерекесіне қатысты хат жаздым. Бюродан мені екі-ақ адам қолдапты, оның бірі – сол кезде министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков", - дейді ақын. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ал 1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1992 жылы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп, "Халық конгресі" партиясын құрды. 1993-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. 2004-2007 жылдары ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды. 2010 жылдан "Тәуелсіздікті қорғау" атты 50-ден астам қоғамдық ұйымның, партия, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық "Жалын" журналының бас редакторы болды. Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды, ал "Бақыт" аталатын тұңғыш жыр жинағы 1966 жылы басылып шықты. Одан кейін 1968 жылы "Балладалар", 1970 жылы "Ай туып келеді", 1974 жылы "Қырандар төбеге қонбайды", 1976 жылы "Сенім патшалығы" кітаптары шықты. Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған. 2002 жылы Эйнштейн атындағы алтын медаль берілді.