Жаңа жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, мейірбикелерге, мәдениет қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушыларына, ғылыми және әлеуметтік қызметкерлерге жеке баспана алу үшін жеңілдетілген заем алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша үміткер жасы 35-тен аспауы керек.
Бағдарламаға қатысушылардың таңдаған саладағы ресми жұмыс өтілі, өтініш берген кезде соңғы бір жылдан кем болмауы тиіс. Табысы да есепке алынады. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (1 КМ – 37 389 теңге). Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт.
Бүгінде Отбасы банкінде 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан астам облыс тұрғындары баспана алу үшін қаражат жинап жатыр. Енді бұл мақсатқа жетер жолда олардың қосымша құралдары болады.
– Қарағанды облысы – жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еліміздегі үшінші өңір. Осылайша, облыс әкімдігі жас мамандарға қолдау көрсетуді жөн көрген. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банк 500 млн теңге бөліп отыр. Аталмыш бағдарлама көмегімен биыл баспаналы боламын деген қарағандылықтар қоныс тойын тойламақ, – дейді «Отбасы банк» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай.Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау 13 маусымда басталып, 24 маусым күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Үміткерлер Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39, Open Qarağandy кеңсесі мекенжайына жолығулары қажет. Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін мемлекеттік және қоғамдық өкілдер мен депутаттардан құралған комиссия мүшелері қатысушыларды іріктеп, тізімді Отбасы банкіне жолдайды. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан қала нысандарынан сатып алуға болады. Тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 20 млн теңгеге дейін заем береді (егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады). Бастапқы жарна – 10%, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%), несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін. Бүгінде Қарағанды облысының әрбір оныншы тұрғыны баспана алу мақсатымен Отбасы банкінде депозит жинап жатыр. Банктегі салымшылар саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе облыстарынан кейін төртінші орында тұр. Мұнда жастарға арналған жаңа бағдарламамен қатар Отбасы банкінің жеке бағдарламалары, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Биыл облыста кеншілер мен металл өңдеушілерді жеңілдетілген несиелендіру жобасы да қолға алынды. Қаржыны жергілікті билік пен Отбасы банк бөліп отыр.