Шымкентте көпбалалы ана 9-қабаттан секірмек болған
Шымкентте көпбалалы ана 9-қабаттан секірмек болған
Фото: nur.kz
Шымкентте 9-қабаттан секірмек болған көпбалалы ананы полиция қызметкерлері құтқарып қалды, – деп хабарлайды OTYRAR сайты. Басылым мәліметі бойынша, қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің шатырында әйел өзіне қол жұмсамақ болған. Оны көргендер дереу полицияға хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары дер кезінде қайғылы оқиғаның алдын алған.
"Ол жерге барып, әйел секірмек болып тұрғанын көрдік. Жігіттермен шатырға шықтық, бізге жақын тұр екен. Басында сөйлесіп көрмекші болдық, бірақ пайда болмады, ол секіруге шақ қалды. Оның көйлегінен ұстап, өзімізге қарай тартып алдық, кейін ол жұлқына бастады", – деді полиция қызметкері Сұңғат Әбілов.
Полицейлердің айтуынша, әйелдің бұл әрекетке баруына күйеуімен жанжалдасып қалуы себеп болған. Әйел күйеуімен ұрысып қалғанын, сондықтан өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан.
"Оны тыныштандырып, дәрігерлерге тапсырдық. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі, біздің міндетіміз – құтқару, адам өмірін сақтап қалу үшін бәрін жасау. Осыдан кейін оны полиция бөліміне апардық, ол бірнеше күннен бері хабар-ошарсыз кеткен екен. Оның күйеуі де полиция бөліміне жеткізілді, қазір тергеушілер барлық мән-жайды анықтап жатыр", –  дейді  Сұңғат Әбілов.