Қызыл кітапқа енген киікті сақтап қалу үшін қазақстандық ғалымдар ірі жобаны қолға алды. «Хабар 24» арнасының мәліметіне қарағанда, қазір мамандар Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы шаруашылықтың бірінде құралай асырап, жан-жақты зерттеп жатыр. Ғалымдар ақбөкендер арасында кездесетін ауруларды анықтап, оның алдын алуға күш салмақ ниетте.
«Киіктің лағын туғаннан кейін небәрі екі сағат ішінде ажыратып алу керек. Себебі уызға тойып, ширап алған құралай қолға ұстатпайды», - дейді мамандар.Қазір онда 60 лақ арнайы жасалған вольерде қамаулы.
«Біріккен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Өзіме де қызық. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде болмаған жағдай десе де болады. Бірнеше гектар жерді қазір қоршауға алып, бұларға үлкен тұратын орын дайындап жатырмыз. Өздерінің жейтін шөбі, өздерінің ішетін суы, бәрі сол жерде бар», - деді шаруа қожалық жетекшісі Мадияр Әлжаппар.Осыдан бірер жыл бұрын Бетпақдалада белгісіз індеттен киіктер қынадай қырылған болатын. Кейін бұл жағдай Батыс өңірінде де қайталанды. Келешекте соған жол бермеу үшін, даланың сәні ақбөкенді аман сақтап қалу үшін осы жоба қолға алынған.
«Олардың көбею қабілеттерін, олардың кейбір инфекциялық ауруларға қалай шалдығатынын немесе шалдықпайтынын, олардың адаптациялық белгілерінің зерттеуі бойынша, сонымен қатар тұқым қуалайтын генетикалық мутациялар бар ма, жоқ па, соны зертеу бойынша жұмыс жүргізуді бастап кеттік», - деді Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшидин.Ғалымдар игі жобаны бастамас бұрын мемлекеттен арнайы рұқсат алған. Осылайша бұған дейін тек зертханада жүргізіліп келген ғылыми жұмыстарды тәжірибемен ұштастырудың мүмкіндігі туды. Бұл мақсатқа 130 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.