Партиялар бәсі: талап жеңілдегенімен, талғам өзгермейді
Партиялар бәсі: талап жеңілдегенімен, талғам өзгермейді
Референдум өтті, халық Конституцияға түзетулерді құптады. Өзгерістер мәнінің бірі партия құруды жеңілдетуге бағытталған. Бұл ретте Қазақстанда жаңа 30-дан астам партия құрылуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, Әділет министрлігіне осынша өтініш түс­кен. Алайда оның қаншасы өмірге жолдама алатыны белгісіз. Оның үстіне, сарапшылар бұл салада санның сапаға көше бер­мей­тініне назар аудартады. Швецияда 768 партия бар. Мықты, бе­делдісі – санаулы. Жалпы, белсенділер партия ашқанда нені көк­сейді? Бұл үрдіс елге не береді? Саяси арена жаңа саяси күштерге ашық Конституциялық кеңес аппара­тының басшысы Бақыт Нұрмұханов­тың дерегінше, жаңа партияларды тіркеу туралы қазірдің өзінде 30-дан аса өтініш келіп түсті. Осының өзі Конс­титуциялық реформа партия­лық жүйені дамытуға тың серпін беруі мүмкін екенін аңғартады. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсекені қамтамасыз етуден бастау алаты­нын жариялады. Осыған байла­ныс­ты мемлекет партияларды инс­титуционалдық және ұйымдас­тырушылық тұрғыдан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Атап айтқанда, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Біріншіден, жаңа партияны тіркету үшін бұрынғыдай 20 мың емес, одан 4 есе аз көлемде, 5 мың мүше жинаса, жеткілікті. Екіншіден, пар­тия ашудағы мықты бір кедер­гі – өңірлердегі филиалдарға қатысты: ондағы өкілдер саны 600-ден кем болмауы тиіс. Әр өңір мен мегаполистерден 600 өкілден жинау күрделі, ұзақ уақыт алады. Алда өңірлердегі өкілдерге қатысты осы талап 200 адамға дейін тө­мендетіледі. Үшіншіден, партия құрушы азаматтардың бастамашыл тобы­ның ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1 мыңнан 700 адамға дейін азаяды. Бұл шектеуді мүлдем алып тастау туралы ұсыныстар болыпты. Бірақ ондай талап дамыған елдерде де бар. Сондай-ақ жеке партияның көшбасшысы болғысы келетін адам артынан 700 адамды ертіп, қол жинай алмаса, партия төрағасы болуға лайық па? Төртіншіден, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт ұлғайтылады. Бұл қадамдар саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандырады. Қорда­ланған проблемаларды сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болуы тиіс. Бүгінде Үкімет, Парламент де­путаттары және сарапшылар заң­намаға тиісті түзетулер енгізу ба­ғытында шұғыл жұмыс істеуде. Яғни, Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында жария етіліп, 5 маусымдағы референдумда халық мақұлдаған бұл өзгерістер әзірге күшіне енген жоқ: ол үшін Парламент тиісті заңдарды қабыл­дауы қажет. Бұл өзгерістер Әділет министрлігі әзірлеген «Кейбір заң­намалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқа заң жобаларында қарас­тырылған. Құжаттар меморган­дардың келісімінен өтіп жатыр. Олар арқылы «Саяси партиялар туралы» қолданыстағы заңға түзе­тулер енгізіледі. «Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Президент өкілеттігі аяқ­талғанша партиядағы мүшелігін тоқтатуға міндетті болады. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынба­сарларына да кез келген партияға мүше болуға тыйым салынады. Қа­сым-Жомарт Тоқаев конститу­циялық реформаларды күтіп отыр­май, өз еркімен партиядан шықты. Заңдар қабылдаған соң әкімдер мен олардың орынбасарлары да партиялардан алшақтауы шарт. Бұл саяси бәсекелестікті күшейтеді. Саяси партияларды құру тәртібі айтарлықтай жеңілдейді. Сон­дық­тан саяси аренада жаңа саяси күш­тер пайда болуы әбден мүмкін», – деді Бақыт Нұрмұханов. Саяси ұйымдардың артында кімдер тұр? Сарапшылардың байламынша, әзірше бастамашыл топтар талап­тарды жұмсартатын заңнамалық түзетулердің қабылданып, күшіне енуін күтіп отыр. Әйтпесе қолда­ныстағы ескі талаптар қиындау. Бұған дейін Әділет министрі Қанат Мусин 10 партияны құру бойынша бастамашыл топтың нақты жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Олар 2019 жылдан бері тіркеуге құжаттарын тапсырумен келеді. «Соның ішінде «Халық дербес­тігі» партиясы ІІ кезеңнен өте ал­ды, партия құру туралы хабар­ла­масы расталды. Ол төл съезін өт­кізді. Қолданыстағы ескі заңнама бойынша ол құрылтайшылық съез­ден кейін 20 мың мүшесінің тізімін ұсынды. Тіркеу мерзімі заң бойынша уақытша тоқтатылды. Партия мүшелері деректерінің заңға сәйкестігі тексеріліп жатыр. Тағы үш партия бойынша жұмыс бірінші кезең сатысында жүргі­зі­леді. Бұл ретте бастамашыл топта­ғылардың саны 1 мың адамнан кем болмауы тиіс. Алайда кейбірінің ЖСН-і дұрыс жазылмаған, аты-жөні сәйкеспейді. Өкінішке қарай дүние салған адамдар да бар. Кей­бірі басқа партиялардың мүшесі болып шықты. Заң бойынша Қа­зақ­стан азаматы тек бір партияның мүшесі бола алады», – деді министр Қ.Мусин. Сондай-ақ жылдың басынан бері Әділет министрлігіне тағы бірнеше бастамашыл топ жүгініпті. Дегенмен, ве­­домствоның мәлім­деуінше, олар­­дың бәрінің партия құру ту­ралы хабарламалары растаусыз кері қайтарылды. Бұған олардың бас­тамашыл топтарына кірген ­аза­маттардың ұсынылған де­рек­терінің «Саяси партиялар туралы» заңы­ның 6 және 8-ші бап­тарында­ғы талап­тарға сәйкес кел­меуі түрт­кі болған. [caption id="attachment_201278" align="alignnone" width="1200"]жаңа партия © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Болашақта құрылуы мүмкін отыз партияның өзге бастама­шы­лары осы рәсімнің жеңілдетілуін күтіп отырғанға ұқсайды. Мысалы, Қазақстан Құрылысшылары ода­ғы – «Еңбек» партиясын, саяси қайраткер және бизнесмен Болат Әбі­лов – Bizdin Tandau партия­сын құруға, ал ақын, жазушы Ол­жас Сүлейменов – 90-шы жылдары бол­ған «Қазақстан Халық конгресі» партиясын қайта қалпына келті­руге ниетін білдірді. Экс-депутат Омархан Өксікбаев та оның ҚХК партиясын құруға бастамашылдар қатарында. Бұл партия жұмыс­шы­лардың, жастардың мүддесін қор­ғауды, жер қойнауындағы қазы­на­дан түсетін табысты қазақстан­дық­тарға бөліп беруді, жұмыссыз­дық­пен күресуді мақсат тұтпақ. Әйтсе де, Әділет министрлігінің хабарлауынша, осы аталған үшеу­дің бастамашыл топтары әзірге тіркеуші органға құжаттарын өт­кізбеген. Партияға идея, көшбасшыға бедел жетіспейді «Байтақ» экологиялық пар­тиясы аты айтып тұрғандай, қор­шаған ортаны қорғау мәселесін Қа­зақстан үшін аса өзекті деп са­найды. Партияның төрағасы ре­тінде эколог Азаматхан Әміртаев бел­гіленген, оның қасынан экс-де­путат Ирак Елекеев, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, түрлі ҮЕҰ және экологиялық қозғалыстар лидер­лері табылмақ. Биылғы ақпанда саясаттанушы, қоғам қайраткері Санжар Боқаев Namys партиясын құратынын мә­лімдеді: «Біздің партия цифрлық форматта жұмыс істейді. Оның қоз­ғаушы күші – жастар болады», – деді ол. Yntymaq партиясы тіркеуге ықтиярын сәуірде жария етті. Бірақ бағыты бұлыңғырлау, бір сарап­шы­лар оны кәсіподақ қозғалысымен, ал басқасы – ұлттар достығымен байланыстырады. Ұйым күшті аза­маттық қоғам қалыптастыру үшін мәдениет, әлеуметтік жүйе, саясат және экономика мәселелерін қам­тымақ. Партияның мәлімделген мақсаттары – бірегей толерантты мәдениет, Еуразиялық өркениетке иек арту, табыс бойынша теңсіздікті жою, заманауи кәсіпкерлік, ха­лықаралық аренадағы экономи­калық егемендік және басқасы. Оның белсенділері қатарында Мар­хаббат Балғабай, Аманжол Ораз­баев, Уалихан Нұржанов, Қуан­дық Рахметов бой көрсетті. «Табиғат» экоқозғалысының көшбасшысы, саясат «патриархы» Мэлс Елеусізов те жаңғыруларға бола, саясатқа оралып, партия құру тілегін жеткізді. «Алаш-Желтоқсан ұлттық пар­тия­сының» бастамашысы Гүл­баһ­рам Жүніс тіркеуге құжаттарды былтыр өткізгенін хабардар етті. Алайда Әділет министрлігі қабыл­дамай, «ұлттық» сөзін не «халыққа», не «демократиялыққа» өзгертуді ұсыныпты. Белсенді бүгінде өңір­лерде қолдаушыларының қолын жинауды жалғастырған. Саясаттанушы Данияр Әшім­баев бірлі-жарымын айтпағанда, жаңа партиялар түгіл, оны құру­шылардың халыққа танымал еме­сін айтады. «Партия құруға үміткерлердің жас генерациясы көңілді жабыр­қатады. Олар сайлаушыларға әсер ете алуы неғайбыл. Тіпті тың ой-бастама­лар­дың мүлдем жоқтығы, хариз­мадан ада болуы, ұйым­дасты­ру­шылық тұрғыдан жоғарғы қа­білет таныта білмеуі, биік бе­лес­терді алардай өршілдіктің бол­мауы олар­ды жарға жығуы мүм­кін. Жаңа пар­тияның аты озуы үшін осының бәрі одан та­былуы қажет. Салда­рынан, қоғам қайтадан Олжас Сүлейменов секілді саясат кеңістігі ардагер­ле­рінің аузына қарауға мәж­бүр», – дейді саясаттанушы. Шетелдік тәжірибеге жүгінсек, дамыған елдерде де партиялар са­ны көп, бірақ оның ішіндегі озық­тары санаулы болып келеді. Мы­салы, Швецияда заң саяси партия­лар құруға қатаң талаптар қой­май­ды. Бұл қаптаған саяси ұйымның пайда болуына әкелді. Елде 768 саяси партия тіркелген. Оның көбі аймақтық, жергілікті деңгейдегі партиялар. Тіпті, бір мәселенің пар­тиялары кездеседі. Айталық, қан­дай да бір қоғамдық не ұлттық маңызды бастаманы жүзеге асыру үшін құрылған партиялар бар. Финляндияда партия ашу үшін дауыс беру құқығына ие 5000 аза­маттың қолын ұсынса және ұйым ішіндегі демократияға кепілдік беретін жарғысы болса, жеткілікті. Алайда бір палаталы Парламентке – Эдускунтқа 2 рет сайлауда бірде бір депутаттық мандатқа ие бола алмаған партия реестрден шыға­ры­лады. Партия қайтадан тіркеуге өтініш беруге құқылы. Қорыта айтқанда, Қазақстан саяси партиялар құрылысы тау өзеніндей буырқана бастады. Ескі жаңғырып, жаңасы жасампаз жол іздейтін заман туды. Тек бірлес­тіктер төл электоралдық ресурсын нығайтып, жаңа қолдаушыларды табу үшін Жаңа Қазақстанды өр­кендетер, халықтың әл-ауқатын көтерер, тәуелсіздік пен тұрақ­ты­лықты нығайтар соны бастама, тың идеялар тапса болғаны. Сонда партиялардың көбейгенінен ел де ұтады. Ал егер әр партия әр жаққа тартып, қоғамды бөле-жарумен ай­налысса, «Болды да партия, Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя, Дауың мен шарыңды» деп һәкім Абайдың аза бойын қаза еткен заман қайта оралуы ғажап емес.