Мемлекет басшысының биылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығына сәйкес «2022 жыл – Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Соған орай, ел Үкіметі Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Республикалық жоспардың мақсаты – балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани, имани дамуына ықпал ететін жағдай жасау жолымен олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету. Елімізде бүгінде 6 млн 300 мың бала бар. Таяуда екіге бөлініп, қайта құрылған Білім және ғылым министрлігі Балалар жылына арналған шаралар кешенінің 5 айлық қорытындысының есебін жариялады. Одан белгілі болғандай, жоспардағы 66 іс-шараның ішінде баланың шығармашылық, спорттық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатына тікелей бағытталғаны – 21 іс-шара. Осы ретте, республикалық жоспардан бөлек, 17 өңірлік, 280 аудандық және қалалық, сондай-ақ білім беру ұйымдарының жоспарлары қабылданған екен. Мемлекеттік әлеуметтік қолдаумен жекелеген санаттағы балалар 100 пайыз қамтылған, олардың ішінде 460 мың аз қамтылған отбасынан шыққан балалар және 22 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Сәуір-мамыр айларында балаларды әртүрлі шығармашылық және спорттық іс-шараларға тарту жандандырылды. Бес айда 17 300 іс-шара өткізіліп, оған 2,5 млн бала немесе оқушылардың жалпы санының 75 пайызы тартылды. Солардың ішінде әлеуметтік экономикалық мәртебесі төмен 719 772 оқушының 566 085-і (78,6 пайызы) қамтылған. – Жыл басынан бері Үкімет көптеген іс-шараны жүзеге асырды. Мәселен, елімізде алғаш рет әл-ауқат индексі әзірленді. Ол Премьер-Министрдің биылғы ақпандағы өкімімен бекітілді. Осы бес айда 34 мың орынды қамтитын 322 балабақшаның 9,4 мың орындық 130-ы ашылды. 300 мың бала үйірмелер мен секциялармен қосымша қамтылуда. Осылайша, қамту көрсеткіші 70,5 пайыздан 75,5 пайызға дейін 5 пайызға артып, 2 732 681 баланы құрады. Елімізде алғаш рет халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100 жеңімпазы мен жүлдегері конкурстан тыс отандық жоғары оқу орындарының гранттарына ие болмақ. Ал беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғаш рет ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. І орын – 4,5 млн тг, ІІ орын – 3 млн тг, ІІІ орын – 1,5 млн тг. Сыйлықтар олардың ұстаздарына да беріледі. Оқу бағдарламасына «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы алғаш рет енгізілді. Білім алушылар арасындағы білім сапасы бойынша алшақтықты азайту мақсатында алғаш рет 500 мың үлгерімі төмен және СЭС-і төмен оқушыларды қолдауға бағытталған «Цифрлық мұғалім» жобасы өз жұмысын бастады. Мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының форматы да өзгерді: әдеттегі ата-ана жиналыстарының орнына педагог-ата-ана консилиумдары өткізіледі. Республиканың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғайтылып, қаржыландыруға қолдау көрсетілген. ЖОО гранттарының саны 15 мыңға арттырылып, 88 214-ке дейін ұлғайтылды. Колледжге алғаш рет оқуға түсушілер үшін белгілі бір жағдайлар жасалған түсу емтихандары алынып тасталды, талапкер 4 колледжді және 4 мамандықты өзі таңдайды, қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді. Балалар жылында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген бастауыш сынып оқушыларының саны 10 пайызға артты (41 пайыз немесе 607 318 бала). «Балаға лайық» республикалық акциясы арқылы мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайы ерекше бақылауға алынды. Атаулы жыл аясында одан да бөлек атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұл айтылғандары соның тек бір парасы ғана. Мәселен, «Қазақстандық балалардың әл-ауқаты институтын», «Балалар игілігі үшін» балалар құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық офистерін, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл институтын құру жоспары мұндағы шаралардың кешенді сипатқа ие екендігін аңғартады. Биылғы мамыр айынан бастап жасөспірімдер арасында депрессиялық мінез-құлық және суицидтік бейімділік белгілері туралы куәландыратын жарияланымдарды әлеуметтік желілерде мониторингтеу үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, суицидтердің алдын алу бойынша «Alem Mental» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жоба Қазақстанның коммуникациялық интернет ортасындағы суицидтік бейімділіктер мен көңіл күйлерді қадағалауға, сондай-ақ алдын алу шараларын әзірлеуге мүмкіндік беретін шешімдердің біріне айналды. «2021 жылмен салыстырғанда шығармашылық үйірмелерде қамту 88 111 балаға ұлғайтылды. Мәдениет және спорт министрлігінің деректері бойынша 7 223 үйірмеде 250 709 бала бар. Республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды, 6400 кітапханашы мен 3,4 млн оқушы тартылды. Республика мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көркем әдебиетке жаңартылды. Мектеп кітапханаларына орташа келушілер саны 10 есеге артты. Балаларды қорғау, оның ішінде мектептерде тәрбие компонентін күшейту мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінің мониторингі жүйелендірілді. Министрліктің Республикалық әдістемелік тобы 10 өңірдің және Нұр-Сұлтан қаласының 378 балалар мекемесінде болды. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы волонтерлік қозғалысқа серпін берді. Үйде оқитын балаларға көмек көрсету бойынша «Мен сенің досыңмын» акциясына 6 мыңнан астам волонтер қатысты. Алғаш рет «Балалар және театр» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 500 мың балаға 6 театрға тегін абонемент ұсынылады. 5 айда 743 дебат клубы ашылып, ел бойынша 120 мың жас дебатерді қамтумен 5 905 клуб құрылды. Одан бөлек, алғаш рет мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылды. Жергілікті атқарушы органдар 515 мектеп автобусын сатып алып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың аппараттық-бағдарламалық кешеніне байланыс желілері арқылы қосылған бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдардың жиынтығы түрінде мөлшерлемелерді есепке алу орталығын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Букмекерлік кеңседе, оның ішінде интернет желісінде ойыншыларды тіркеу (алдын ала тіркеусіз) мүмкін болмайды. Осылайша, құмар ойындарға қатысуды және кәмелетке толмаған адамдардың бәс тігуін шектеу мақсатында ойыншылардың жеке басын верификациялау жүргізіледі. МЕАО құрылып, толыққанды жұмыс істегеннен кейін 21 жасқа толмағандар оған тіркеле алмайды және тиісінше заңды жолмен ұйымдастырылған бәс тігуге қатыса алмайды. Осы ретте 500 мың баланы ақпараттық қамтыған «Жастар мен балалар арасындағы интернет-тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» жобасы бойынша «Jas Otan» жастар қанатының республикалық қоры грант алушы атанғанын атай кету керек. Сонымен қатар наурыз айында жалпы саны 6-дан 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам баланы қамтитын «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аяқталды. Жоба толеранттылыққа тәрбиелеу және көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау арқылы балаларды адамгершілік жағынан дамыту мақсатында өткізілді. БҒМ балаларды жыл бойы сауықтыру және жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігін арттыру, осы саланың кадрлық әлеуетін дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін жақында «Балдәурен» базасында балалар лагерлерінің студенттік және ЖОО мен колледж педотрядтарының 111 мүшесінің қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» педагогикалық отрядтарының республикалық слеті өткізілді. «Әжемнің ертегілері» жобасы аясында Ұлттық академиялық кітапхана ақпан, наурыз, сәуір айларында 4-8 сыныптардың 50 оқушысына «Үлкен өнеге», «Тәрбие – тал бесіктен» танымдық сағаттарын, «Ертегілер елінде» бейне-оқылым өткізді. danabala.kz балалар әдебиетінің «Дана бала» сайты 100 кітаппен толықтырылды. Сәуір айында Инновациялық психологиялық-педагогикалық идеяларды қолдану бойынша әртүрлі елдердің ғалымдары мен практиктерінің күш-жігерін біріктіру мақсатында Алматы қаласында «Қазақстан Республикасындағы білім беру процесіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету бойынша Инновациялық технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Республикалық жоспар шеңберіндегі және одан тыс аядағы маңызды жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек. Мәселен, қоғамдық бастамамен Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің кеңесшісі, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары қызметтерін енгізу, интернет-ресурстар арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаның қамтамасыз етілуіне қоғамдық бақылау тетігін орнату және мектептегі тамақтану сапасын, асханалар мен санитариялық тораптардың жай-күйін бағалау бойынша «Балаға LIKE» республикалық акциясын іске асыру, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың баламалы нысаны ретінде кәсіптік қабылдау отбасын енгізу, білім беру ұйымдарында бітімгерлік (медиация) қызметтерді енгізу және басқа да көптеген шаралар жоспарланған. Балалар жылын жүзеге асыру Үкіметтің ерекше бақылауында. Барлық ақпарат министрліктің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланады.