Қант қат дүниеге айналғанда...
Қант қат дүниеге айналғанда...
Жамбылда да қант қат дүниеге айналды. Қос бір­дей қант зауыты бар және шаруалары жыл сайын 6-7 мың гектарға тәтті түбір егетін аймақта қанттың бір келісі 630-690 теңгеден саудаланып жатыр. Әлеу­мет­т­ік дүкенге төмен бағамен жеткізілген қантқа екінің бірі­нің қолы жете бермейді. Тараздықтар құны арт­қан тауарға таң қылаң бере кезекке тұрады. Кейде еңбегі еш болып, бір келі де қантқа қол жеткізе алмай құр қол қайтатындар да бар. Өткен аптада кезекте соңын­да тұрып, керегін сатып ала алмағандар әлеу­меттік дүкенге басып кіріп, сатушыларды соққыға жықты.

1 келі қант үшін қол көтерді

Абырой болғанда Тараздағы «Арай-2» шағынауданындағы әлеуметтік дүкенде болған жағдайға қатысты жәбірле­нуші­лер шағымбағандықтан қылмыстық іс қозғалған жоқ. Алайда екі бірдей сатушы жеңіл дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Бірақ олар «мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес» деп өз қыз­меттерінен бас тартқан. Тұрғындар мен сатушылар ара­сын­дағы түсініспеушілік дүкенде қант тау­сылған шақта басталыпты. Күні ұзақ ке­зекте тұрып, қалауына қол жеткізе ал­маған халық дүкенге баса-көктеп кі­ріп, сатушыларды «қантты тығып отыр­сыңдар» деп қыспаққа алған. Алайда дер кезінде жеткен тәртіп сақшыларының арқасында жағдай одан әрі ушықпады. Қазір полиция қызметкерлері әлеуметтік дүкендерді бақылауына алған. – Біз әлеуметтік дүкенге келген қант­ты ғана өткіземіз. Ол біткен соң басқа жақтан алдыра алмаймыз. Соны кезекте тұрғандарға түсіндіруге тырыстық. Бірақ 70-ке жуық адам сөзімізге сенбей дү­кен­ге басып кірді. Бірімізді құлатып, екін­ші­міздің қолымыздан қысып қорқыта бас­тады, – дейді сатушы Динара Шалабаева. Айта кетейік, бұл әлеуметтік дүкенге жасалып отырған бірінші шабуыл емес.

Арзан қант бәріне жетпейді

Облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев қант қымбатшылығы қолдан жасалмағанын айтады. – 18 мамырдан бастап әлеуметтік дүкендерде 1 келі қант 330 теңгеге қым­баттады. Қант бағасының өсуі өндіруші зауыттардың сату бағасына және им­порт­талатын шикізат – қант қамысының құнының өсуіне байланысты болып отыр. 1 келі қанттың нарықтағы орташа бағасы – 450 теңге. Бұған соңғы кездегі көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуал да әсер етіп отыр. Бізде қант өндіруге қажетті шикізат – қант құрағы шет мемлекеттерден әкелі­неді. Бұл қант бағасына әсер ететіні анық. Жергілікті билік қазір әлеуметтік маңызды тауарға жататын қант құнының өспеуіне қажетті шараның барлығын жасап жатыр. Тараз қаласындағы SMALL, «Алма», «Дәмді себет», «Магнум» және «Нұрис­лам» секілді ірі сауда дүкендеріне тұрақ­тандыру қорынан қант апта сайын 1 тоннадан жеткізіліп, әр келісі 349 тең­геден саудаланып жатыр. Әлеуметтік дүкендерге де аптасына 1 тонна қант жеткізіледі. Мұндағы баға 330 теңге. Алайда өнімнен тұтынушылардың пайызы көп болған­дықтан тауар жетпей, кикілжің туындатып жатыр, – дейді Аспандияр Сейсебаев. [caption id="attachment_201284" align="aligncenter" width="1200"] width= © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының мамандары арзандатылған бағамен тауар барлық тұрғындарға бірдей жет­пей­тінін халық түсінуі керек деп отыр. – Кейінгі кезде «Тараз» қант зауы­ты­нан шығатын қант бағасы көтеріліп кетті. Зауыттан қанттың келісі сауда ор­та­лық­тарына 440-460 теңгеден жеткі­зіледі. Аталған зауыттың қанты бізге қымбат түс­кендіктен, қазір тауарды Солтүстік Қа­зақстан облысы мен Ал­маты қала­сы­нан арзан бағамен алдырып отырмыз. Әлеуметтік дүкендерге қажетті қант уақытылы жеткізіліп тұр. Дәл қазір қорда 208,9 тонна қант бар. Аптасына үш күн әлеуметтік дүкендерге 18-20 тон­на қант жібереміз. Ал бізбен байланыста жұмыс істеп жатқан ірі сауда орталық­тарына 9 тоннадан қант үлестіріледі. Бұл шамамен 4 айға жетсе, одан кейін жаңа өнімді дайындаймыз. Бірақ біз уақыт келгенін күтіп отырмай, 1000 тонна құм­шекерге келіссөздер жүргізіп, қордағы қант қо­рын толтырып қоюды жоспарлап отыр­мыз. Алайда халық әлеуметтік дү­кен бар­лық тұрғынға бірдей төменде­тіл­ген бағамен тауар ұсына алмайтынын түсінуі керек. Оның көлемі шектеулі, – дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясы» акционерлік қоғамының тұ­рақ­тандыру қорының директоры Арман Түймебаев.

Шикізат та шеттен келеді

Өз кезегінде қант зауытының бас­шылығы бағаның қымбаттауы қалыпты құбылыс екенін айтады. «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің менеджері Александр Шпе­гельдің айтуынша, бүгінде зауыт қа­лыпты жағдайда жұмыс істеп тұр екен. «Биыл бағаның өсуіне бірнеше фак­тор әсер етті. Ең бірінші доллар бағамы көтерілді. Нәтижесінде шығын мате­риал­дары 10 пайызға қымбаттады. Ресей шекарасының жабылуы да бағаға әсер етіп, дүрбелең тудырды. Дәл қазір елі­міздің солтүстігінде орналасқан сауда орындары қанттың келісін 800 теңгеден алуға дайын екенін естіп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі нарықтық заманда зауыт өнімі қымбат деп ойламаймын, – дейді Александр Шпегель. Облыс әкімдігінің Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәліметінше, биыл жамбылдық шаруалар 6 100 гектар­ға қант қызылшасын еккен. Былтыр 5 596 гектарға тәтті түбір егілген. Тәтті түбірді «Тараз» бен «Меркі» қант за­уыт­тары қабылдап алып, өндіргенімен өнім бағасы арзандаудың орнына қымбат­та­ған. Оған қоса қант зауытының менед­же­рі қантқа қажетті шикізатты сырттан тасымалдау да бағаның шарықтауының бірден-бір себебі екенін айтып отыр. – Облыста қант қызылшасы алқа­бын ұлғайту жұмыстары 2015 жылдан бастап жүйелі жүргізіліп келеді. Нәти­жесінде соңғы жылдары қант қызыл­шасы егілген алқаптың көлемі 13,4 есе­ге, жалпы жинау көлемі 10 есеге ұл­ғай­ды. Қант қызылшасының орташа өнімділігі 185-тен 350 центнерге дейін өсті, – дейді облыс әкімдігі Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының баспасөз хат­шысы Тұңғыш Жанұзақов.

Көп зауыт сұранысты толық өтей ме?

Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда өз өніміміз бола тұра өзгенің шикізатына тәуелді болуымыздың себебі түсініксіз. Демек, өңірде өсіріліп жатқан қант қы­зылшасының сапасы төмен. Немесе қант зауыты мен шаруалар арасында өнім өткізу жөнінде нақты жүйе құ­рыл­маған. Қызылшаның әрбір гектарына субсидия төленетінін де ұмытпағанымыз жөн. Өткен жылы қожалықтар «Меркі» қант зауытынан 1 миллиард теңгеден астам қарыз ақшасын ала алмай жүрген болатын. Шаруалар мен кәсіпорын ара­сындағы түсінбеушіліктің туындауына осы жағдай себеп болған секілді. Дәл қазір «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында тағы бір қант зауытының құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта облыстағы үшін­ші ірі зауыт болмақ. Алайда бұл кә­сіпорындар жергілікті шаруаның өнімін алмай шикізатты сырттан тасып, қант бағасын еселеп өсіретін болса, оның қажеті қанша? Екі зауыттың өзі өңірді қантпен қамти алмай отырғанда үшін­шісі «сұлу» статиска үшін ғана қажет пе? Бір сөзбен айтқанда, бұқара облыста өндірілетін қанттың қолжетімді болға­нын қалайды. Демек, жауаптылар ба­ға­ны тұрақтандырудың кешенді шара­ла­рын уақыт оздырмай қолға алғаны жөн.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы

 

Қорда бар, сөреде жоқ

Жақында Сауда және интеграция министрлігі еліміздегі қант қоры (67 мың тонна) жеткілікті екенін айтты. Алайда бүгінгі таңда еліміздің бірқатар өңірінде дүкендерде қант сатылымда жоқ. Ал 80 жылдық тарихы бар «Рахат» фабрикасы қант тапшылығынан кейбір тәттілерін өндіре алмай отыр және Шымкенттегі филиалы жұмысын тоқтатты. Алматыдағы Magnum желісіндегі сауда нүктелерінде төрт күннен бері қант жоқ, Шымкенттегі ірі маркеттерде де жағдай осы, ал үй жанындағы дүкендерде құмшекер бағасы – 800 теңге. Нұр-Сұлтандағы Magnum желісінде қанттың келісі – 470 теңге, ал тұрғын үйлердің жанындағы кішігірім дүкендерде шекер бағасы – 510-580 теңгенің арасында. Бұдан өзге, Жамбыл, Алматы облыстарында да қант тапшылығы бар.

«Рахаттың» жабылғаны рас па?

БАҚ өткен аптада қант тапшылығына бай­ланысты «Рахат» фабрикасы ирис және «Бар­ба­рис» карамелін өндіре алмай отырғанын, сон­­дай-ақ осы се­бептен компанияның Шым­кент­тегі фабрикасы жұмысын тоқтатқанын жазды. «Лотте Рахат» фабрикасының басқарма төра­ғасы Константин Федорецтің айтуынша, құрамында қант мөлшері жоғары барлық тағам өндірістен алынған, өйткені қант жоқ. Сондай-ақ кәсіпорынның Шымкенттегі фабрикасы жұмысын шілдеге дейін тоқтатқан. – Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығын­дағы зауыттардың барлығынан қант сатып алды, бірақ оның өзі жеткіліксіз. ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдерден қант әкелу қымбатқа түседі. Жеткізулерге акциз салынады, әр тон­насы 35 пайызға қымбаттады. Қазақстан көп жылдар бойы бажсыз ресейлік қантпен отыр. Ал Ресей «есігін жапқанда» Қазақстан қантты қайдан аларын білмей қалды. Қазір біз қантты Қазақстандағы барлық зауыттардан алып қана қоймай, Бельгиядан да үнді қантын әкеліп жатырмыз. Үкімет бізге қажетті 20 000 тоннаның 1600 тоннасын бажсыз әкелуге квота берді. Соған қарамастан, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп квотаны көбейтіп жатырмыз, олар бұл мәселені шешуге уәде берді, – деп түсіндірді К.Федорец. «Лотте Рахат» фабрикасының Қоғаммен байланыс бөліміне хабарласқанымызда, айтар­лықтай қант тапшылығы жоқ екенін айтты. Кәсіпорынның Шымкенттегі филиалының жабылуын жоспарланған жөндеу жұмысымен байланыстырды. «Бізге маусымның ортасында қант жеткізіледі. Соған дейінгі уақытты ұтымды пайдаланып, шілдеге жоспарланған жөндеу жұмысын ертерек бастап кеттік. Осы айдың соңына дейін аяқтап, шілде айында өндіріске қайта кірісеміз», – деді Қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі. Сонымен қатар фабрика ирис және «Бар­барис» карамелінің өндірісі белгілі бір мөлшерге ғана азайғанын айтты. қант жоқ Әйтсе де, кәсіпорын өкілі қант тапшылығы зауыт өнімдерінің бағасына қатты әсер ететінін жасырмады. – Әлемдегі геосаяси жағдай еліміздің нары­ғына шикізатты жеткізу жұмысына әсер етпей қоймады. Шетелдік валютада сатып алатын компоненттердің (соның ішінде сырттан сатып алатын қант) бағасы айтарлықтай қымбаттады. Бұл шығынның басым бөлігін өз пайдамыздың есебінен жауып, бағаны қолымыздан келгенше тұрақты ұстауға тырысып жатырмыз, – дейді кәсіпорын өкілі.

Ішкі қажеттілікті өтей аламыз

Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнер­кәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Нау­рызғалиева «Рахат» фабрикасының Шым­кенттегі филиалына қант жеткізіліп жатқанын айтты. – «Рахат» фабрикасы баспасөз конферен­циясын өткізген күні Шымкенттегі қоймасында төрт вагон қант болды. Еліміздің өңірлеріне де күнделікті қант жеткізіліп жатыр. Тапшылық жоқ. БАҚ жағдайды ушықтырып жазады, «Ра­хат» фабрикасының жабылуына қатысты ақпа­раттан кейін жұрт дүрлігіп, жаппай қант сатып алып жатыр», – дейді қауымдастық басшысы. – Бүгінгі таңда үш қант зауыты (Тараз және Көксу, Мерке қант зауыты) жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне 300-ден 720 тоннаға дейін ши­кізат өндіре алады. Үш қант зауыты маусымда 45 мың тонна шекер өндіруді жоспарлап отыр, шілде-тамызға белгіленген жоспар да осындай. Квота бойынша әкелінетін ақ қантты есепке алғанда еліміздегі құмшекер қажеттілігін өтей аламыз. Тамыз айында «Ақсу» қант зауыты іске қо­сыл­мақ, ол да шикізат өндіреді. Биылдың күзінен бастап Көксу және Мерке қант зауыт­тары қызылша шикізатынан қант өндіруді бастайды. Бұдан 40 мың тонна құмшекер алуды жоспарлап отырмыз. Бұл екі кәсіпорын қант құрағымен де жұмыс істейді, – дейді Айжан Наурызғалиева. Сауда және интеграция министрлігі ЕЭК аясында қосымша 100 мың тонна шикі қантқа квота алынғанын айтқан болатын. Бұл көлем үш қант зауытын толығымен қамтамасыз етеді, олар күн сайын халыққа қажетті көлемде қант жеткізеді делінді. Сондай-ақ аталмыш ведом­ство кейбір сауда желілері мен нысандарда жеткізу процесі аздап кешігуі мүмкін екенін айтты. Алайда бұл қант қорының тапшылығын білдірмейді. Айта кетейік, Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліме­тінше, еліміздегі қант нарығының көлемі 500 мың тоннадан асады. Нарықты тек қызылша қантымен қамтамасыз ету үшін 4 млн тоннадан астам қант қызылшасы қажет. Ал ол қазіргі жағдайда мүмкін емес. Сондықтан аталмыш қауымдастық қант құрағынан құмшекер алу керегін айтты. Егер жоғарыда аталған төрт зауыт шикізатты үздіксіз өндіретін болса, ішкі нарықты қантпен толық қамтамасыз етуге болады. Қызылша жинау науқаны басталғанға дейін зауыттар қант құрағынан 500 тоннадан астам шекер өндіре алады. Ресми мә­ліметтерге сүйенсек, 2022 жылы қант қы­зылшасының егіс алқабы 12,3 гектар, бұл 55 мыңнан астам шекер өндіруге мүмкіндік береді. Егер қант құрағы мен қызылшасынан аталған көлемде құмше­кер өндіретін болсақ, импортқа тәуелділіктен арыламыз.

Айдана НҰРМҰХАН