Докторлыққа әркімнің бар таласы...

Докторлыққа әркімнің бар таласы...

Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанда 14 447 адам докторантура бағ­дарламасына қабыл­дан­са, 8 740 адам оны сәтті бі­тіріп шыққан. Демек, бұл – шамамен әрбір екінші док­то­рант PhD дәрежесін сол күйі қорғамайды деген сөз. Ал ғылыми атақты уақытылы, яғни үш жылдық оқу бағ­дар­ламасы біте салысымен қор­ғау – өз алдына бөлек әңгіме. Олай дейтініміз – оқу аяқтал­ған соң жылдап жүріп, «док­тор» атағын әупіріммен ала­тындар да жоқ емес. Осын­дай­да ел арасында жүрген «Қазақстанда докторлық атақ­ты қорғау шетелдегіден қиын» деген пікірдің жөні бар екеніне көзің жеткендей болады.

Мақала шығару меселін қайтарады

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қыз­меткері Нұрбол Құдайберген 2015-2018 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әде­биеттану» мамандығы бойынша док­торантура бағдарламасында оқыған. Ал PhD дәрежесін тек екі жарым жыл­­дан соң, 2020 жылы қорғаған. Бұған ол док­торанттан талап етілетін үш мақа­ланың соңғысын жария­лай­мын деп жүріп, уақыт жоғалтып алға­ны себеп болғанын айтады. «Мақаланы Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқитын әріптестеріммен бірігіп жазған едім, ол журнал ми­нистрлік талабындағы Scopus база­сында бар. Бірақ мен оқыған уни­вер­ситет мақаланы журналдың арнаулы емес, негізгі нөміріне (ал менің ма­қалам арнаулы нөміріне шыққан) жариялау керек деген желеумен оны қабылдамай қойды», – дейді Нұрлан Құдайберген. Сондай-ақ ол журналға ғылыми мақала шығарудың өзі қиын екенін де қосты. Өйткені кейбір аясы тар та­қырыптарға шетелдік ғылыми қа­уымдастық қызықпауы да мүмкін. «Scopus базасындағы журналға мақала шығару біз үшін қиын болды. Қазіргі қазақ прозасына шетелдік ғылыми қауымдастық соншалықты қызыға қояды деп айта алмаймын. Әрине, Орталық Азияны зерттейтін орталықтар мен журналдар бар. Бірақ оған мақала шығару да оңай емес», – дейді зерттеуші.

Ортақ талап ойды бөледі

Қазақстандық докторанттарда зерттеу жұмысын жазу, оны қорғауға шығару барысында кедергілер барын ұлттық университет оқытушылары да айтып отыр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Салықжановтың пікірінше, тым күрделі талаптар ғы­лыми зерттеулердің сапасын күшей­туден гөрі кадрлар даярлауды тұсап тұр. «Мамандыққа, ғылымның даму деңгейіне қарамай, бәріне бірдей та­лаптар қою Кеңес заманынан қалған. Халықаралық журналдарда мақала жариялау, оның бір емес, бірнешеу болуы деген секілді тым күрделі та­лаптар қойып, ғылыми зерттеулердің сапасын күшейтеміз деп ойлаймыз. Бірақ бұл – шын мәнінде ғылыми кадрлар даярлауды тұсап тұрған жайттардың бірі. Докторант тұ­шым­ды, шетелдік журналдар қызыға­тындай мақала жазу үшін уақытын сарп етеді, бірақ оған диссертацияның мәтінін де жазу керек қой. Ал тек диссертациясына көңіл бөлейін десе, мақала қалып барады», – дейді ол. Бұған қоса, доцент докторант­тар­дың таңдаған диссертация тақырыбы да зерттеудің өнімді жүруіне әсер ететінін айтады. «Біздің тақырыптардың көбі – ұсақ, көбіне науқаншылықпен байла­нысты тақырыптар. Мысалы, қайбір жылдары «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасына қатысты тақырыптар қап­тап кетті. Бұған қандай зерттеу жа­сауға болады? Сондықтан мейлінше ұзақмерзімді тақырыптар таңдау қажет», – дейді Рамазан Салықжанов.   Еуразия ұлттық университетінің тағы бір оқытушысы, Қазақстанда ғана емес, шетелдерде білім беру тә­жірибесі бар британиялық мұғалім, профессор Гарет Дьюктің тұжырым­дауынша, докторанттарды зерттеу жұ­мысынан алаңдататын ең үлкен фак­тор – оларды журналдарға ғы­лы­ми мақала жариялауға мәжбүрлеу. «Ғылыми мақала жариялау – құптарлық іс, бірақ оны барлық док­торантқа міндетті, ең аяғы, «доктор» дәрежесін алуға қажетті ең басты талап ретінде бекіту дұрыс емес. Мы­салы, оқуға түскен докторанттар 1-курс­та әуелі зерттеу тақырыбын асықпай таңдап, толық түсініп, соны жан-жақты зерттеуге тиіс. Ал олар болса, тақырыпты асығыс таңдай сала мақала жазуға кіріседі. «Мен нені зерт­теймін?» деген сұрақтан гөрі «Қанша мақала жариялауым керек?» деген мәселеге бас қатырады», – дейді ол.

Тақырыпқа тереңнен үңіледі

Сөз басында «Қазақстандағыдан гөрі, шетелде докторлық дәреже алу оңай» деген пікірді келтірген едік. Мұндай тұжырымның шығуына ондағы академиялық бағдарламаның біздегіден бөлекше талаптары әсер еткенге ұқсайды. Эдинбург универ­ситетінің түлегі, «Менеджмент» ма­мандығы бойынша философия док­торы, «Болашақ» түлегі Сымбат Мол­дабекова Ұлыбританияда докто­ранттарға шектен тыс салмақ са­лын­байтынын, ғылыми журналдарға мақала жариялауға асықтырмайты­нын айтады. «Мұнда PhD – ғылыми зерттеуші болып қалыптасудың алғашқы саты­сы деп қарастырады. Оқуға алғаш түскенде, бізге жетекшілеріміз «Өз тақырыбыңды сол саланың сарап­шыларымен көбірек талдауға, ға­лымдармен нетуоркинг құруға, ше­берлік сыныптарын ұйымдастыруға, ғылыми конференцияларға қатысуға көңіл бөл» деп кеңес берді. Ал импакт-факторы жоғары журналдарға мақала жариялау олардың талаптарында жоқ. Өйткені журнал іздеп, оған мақала жазып, жариялаудың өзі кемінде 6-7 ай уақытты алады, бұған көбіне PhD бітірген соң келуге болатынын ай­тады», – дейді ол. Тағы бір «Болашақ» түлегі, Абер­дин университінің Инженерия мек­тебінде оқыған Әлия Темірхан бри­таниялық оқу жүйесінде докторант­тарға академиялық қолдаудың жет­кілікті болуынан «PhD сапарын» сәтті аяқтай алмайтындар көп емес­тігін айтады. «Британияда кез келген докто­рант қай курста да өз тақырыбына керекті курсты тегін оқи алады. Мысалы, сенің зерттеуіңе қажетті бір курс магистранттарға оқытылатын болса, сен оған да барып қатыса бе­руіңе болады. Диссертацияға дейін 1 және 2-курс соңында екі жазба жұ­мы­сын өткізесің. Бірінші жылы өз зерт­теуіңе қатысты ғылыми әдебиеттерге шолу жазасың. Оны оқып отырып, емтихан қабылдаушылар сенің та­қырыпты қаншалықты дұрыс түсін­геніңді бағалайды. Екінші жылдың соңында зерттеуіңнің нәтижелерін, эксперимент деректерін өткізесің. Оған қарап отырып, комиссия сенің зерттеуді жалғастыратын-жалғас­тырмайтыныңды шешеді. Үшінші жылы жұмысыңды аяқтайсың. Яғни, мұның бәрі диссертация қорғауға аз-ақ қалғанда жұмысыңның жарамсыз болып қалуынан сақтайды», – деп бөлісті өз тәжірибесін ол.  
ТҮЙІН: Күні кеше Білім және ғылым ми­нистрлігі Оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінгенін білеміз. Саясат Нұрбек тіз­гі­нін ұстаған су жаңа ведомство – Жо­ғары білім министрлігінің алғашқы қа­дамдары отандық докторантура бағ­дар­ламасының осындай мәселелерін тү­зе­туден басталса бір ғанибет болғалы тұр.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ