Қазақстандықтар үшінші дүниежүзілік соғыстың қашан басталатынын талқылап жатыр
Қазақстандықтар үшінші дүниежүзілік соғыстың қашан басталатынын талқылап жатыр
Фото: naked-science.ru
18,307
оқылды
Әлеуметтік желілерде алдағы уақытта не болатыны айтылған видео тарады. Онда Алекса дауыстық көмекшіден үшінші дүниежүзілік соғыс қашан басталады деп сұрағаны естіледі. Жасанды интеллект оған нақты күнін айтады: 23 қараша 2023 жыл, тіпті уақыты да белгілі: 18:05-те. Бұл жалған ақпарат, - деп хабарлады stopfake.kz. Алекса дауыстық көмекшісін Amazon компаниясы жасаған және ол АҚШ-та танымал. Алексаның адамдардың сұрақтарына тапқыр, кейде қорқынышты жауаптарының видеолары желіде жиі тарайды. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында Алекса 2025 жылы Майамиде оны жер бетінен жойып жіберетін жойқын дауыл мен су тасқыны болатыны болжаған видео жарияланды. Бір қызығы, Алексаның 2025 жылғы оқиғаларға қатысты жауабының форматы үшінші әлем туралы сұраққа берілген жауаппен бірдей. Дауыстық көмекші оқиғаның басталу күнін, айы мен жылын айтады. Содан кейін нақты басталатын уақытын айтып, негізгі себептері мен салдарларына қысқаша тоқталады. Snopes порталының фактчекерлері Алексаның дауыл туралы вирустық видеода ғана осылай жауап бергенін анықтады. Ал шындығында дауыстық көмекшіден 2025 жылы Майамиде не болады деп сұраса, жасанды интеллект осы уақытқа Флорида штатында болуы ықтимал кадрлар тапшылығы туралы айтады. Айта кетейік, кадрлар тапшылығы жайлы 2021 жылы айтылған болатын және бұл болжам емес. Фактчекерлердің пайымдауынша, дауыл туралы жауап әдейі алаңдатарлық видео түсіру үшін Алексаның жадына енгізілген. Мұны Alexa Blueprint қызметінің көмегімен жасау оңай. Бұл дауыстық көмекшінің жадына әртүрлі сұрақтарға дайын жауаптар енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, оның көмегімен келіп кететін күтушіге нұсқаулар қалдыруға немесе балалардың сабақ кестесін енгізуге болады, оны Aлекса команда болса, оқып береді. Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталу күні туралы сұраққа жауап дәл осылай жазылған болар. Демек, мұндай видеоларды болжам деп қабылдауға болмайды. Олар сұрақтарға қажетті жауаптарды жазуға арналған баршаға қолжетімді қызметтің көмегімен жасалған.