Жерасты суы да жоғала ма?
Жерасты суы да жоғала ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
«Судың да сұрауы бар» дегенді көп айтқанымызбен, мәселенің түпкі мәніне әлі жетпедік. Су тапшылығы бойынша еліміз Азияда Бангладеш, Үндістан, Қытай жә­не басқа елдерден кейін 8-орында. Бұл тапшылық қа­­зірдің өзінде орталық облыстарда, Сырдария, Жайық, Іле, Шу, Талас өзендерінде байқалып отыр. Тап­­шылық жайы сөз болғанда жауаптылар ел аумағында же­расты суының көптігіне иек артып, ақталғысы ке­летіндей. Бірақ сол суды қалай пайдаланып отырмыз? Кеннің кесірі тиді Қазақстанда су шаруашы­лы­ғында қордаланған мәселе көп. Су ресурстарын басқаруда кемшілік жетерлік. Айталық, елімізде суды пайдаланудың тиімділігі өте тө­мен деңгейде. Суға қойылған та­риф шы­­ғынды өтемейді. Инвес­тиция кө­лемі аз, су инфрақұ­ры­лымы да ескірген. Бұл мәселелер мінбер­лер­де айтыл­ды да. Кезінде Сенат де­путаты Ақыл­бек Кү­ріш­баев елде 2 200-ден астам иесіз, өздігінен аға­тын скважина барын айтқан. Ал суармалы егіс­тік­тің тек 16 пайы­зын­да ғана тамшы­латып суару техноло­гиясы мен жаң­­бырлатқыш қондыр­ғылар пай­да­ланылады. Де­путат келтірген мә­ліметке қара­ған­да, ел­дегі су тап­шылығы 8 жылдан ке­йін жылы­на шамамен 12-15 тек­ше шақы­рым, яғни 15 пайызды құрайды екен. Экономикада су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі бұрын-соң­ды болған емес. Иә, былтырғыны айтпағанда, еліміз әлі су тапшы­лығын сезінген жоқ. Жыл басында Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев кен орындарын игеруді белсенді түрде кеңейту су тапшылығының артуына әкелетінін айтқан. Соның бір мысалы – республикадағы жер қойнауын пайдаланушылар жерас­ты суларының маңынан кен орын­дарына барлау жүргізіп, ұңғымалар қазып жатыр. Салдарынан жерасты сулары мұнаймен араласып, лас­тан­ған. Мысалы, Ақтөбе облысын­дағы Көкжиде, Қызылорда облы­сын­дағы Мыңбұлақ жерасты су­лары кен орындарының кесірінен ластанып кетті. Осылардың бар­лығы шөл даланың көбеюіне әкел­ді. Енді халық тұтынатын ауызсуды да жеткізе алмай әлек бола бас­тай­тын тәріздіміз. Маман ресми деректің жалған екенін айтады Саладағы алаңдатарлық ахуал мұнымен шектелмейді. Ең қорқы­ныштысы – еліміздегі жерасты сулары көлемі туралы нақты ақ­параттың жоқ екені. Кейбір де­рек­көздерде Қазақстанның жалпы тұ­щы су қоры 429 текше шақырым деп бағаланған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің өткен жыл соңындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда тұщы судың үлкен қоры бар, 3,5 мың­нан астам жерасты көздері анық­талған екен. Олардың жалпы кө­лемі алдын ала мәліметтер бо­йын­ша 100 текше шақырымнан аса­ды. Оның 58 пайызы Алматы, Жам­был және Қызылорда облы­с­тарына тиесілі. Дегенмен инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесованың айтуынша, бұл ақпарат нақты емес. – Елімізде тұщы су қоры қанша екенін ешкім білмейді. Оған қоса, 3,5 мыңнан астам жерасты су көзі бар дегенімізбен, жер-жерде табиғи су көздері, бұлақтар тартылып қа­лып жатыр. Халықтың 93 пайызы таза ауызсумен қамтылған деп ай­тып жүрсек те, ауызсу мәселесі көп­­­­теген өңірде өзекті болып отыр­ғаны жасырын емес. Жалпы, тұщы су қорымыз 2025 жылға қарай 75 тек­ше шақырымға, ал 2050 жылға де­йін 50 пайызға азаяды деген бол­жам бар, – дейді Анар Тілеулесова. Суға қатысты заңның олқылығы көп Бір қызығы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексінен жерасты сулары мүлдем алынып тасталған. Сондай-ақ су шаруашылығына жауапты меке­мелерді министрліктерге, облыс әкімдіктеріне, комитеттерге бөліп тас­таған. Анар Тілеулесова су тап­шы­лығына да су ресурстарын бас­қарудың осы тиімсіздігі себеп бо­лып отыр деген пікірде. Ойлап қарасақ, бүгінде еліміздегі су мәсе­лесімен алты министрлік, жергілікті атқарушы органдар мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы айна­лысады екен. Сондықтан ешкімде тікелей жауапкершілік жоқ. Яғни, мойнында жүктің жоғын біліп, әркім өз білгенін істей береді. – Ең алдымен мәселенің заңна­малық жағы қолға алынғаны дұрыс. Себебі бір-біріне қайшы заң көп. Әділет министрлігі оларды бір жү­йе­ге келтірмесе, жер қойнауын пай­даланушылардың әрекеттерін заң аясында шектеу де қиынға со­ғады. Сондай-ақ барлық су ре­сурсы бір қолда болуы, бір мекемеге біріктірілуі керек. Сонда ғана жауапкершілік болады. Содан ке­йін жан-жақта жүрген маманда­рымызды жинап, жұмысын жүйелі үйлестіру керек, – дейді сарапшы. Маман суды пайдалануды ба­қылау схемасы жасалуы керек екенін ай­­­тады. Елімізде қанша мекеме қан­­дай мөлшерде су алатынын есеп­теу қажет. Әйтпесе, суды үнем­деу керек деп жүргенімізбен, қуаты тәулігіне 50 текше метрге дейінгі су скважи­на­ларын бұрғылау үшін қазір ар­на­йы рұқсат алудың қажеті жоқ. Ойлап қарасаңыз, 1 текше метр – мың литр су. Яғни, тәулігіне 50 мың литр су алатын мұндай объектілерді кез келген адам сала береді деген сөз. – Егер, расымен суды үнемде­гіміз келсе, салаға жаңа техноло­гиялар енгізілуі керек. Ал қазір он­дай технологияның енгізілгенін де көріп отырған жоқпыз. Суды көп мөлшерде пайдаланатын меке­ме­лерде, кәсіпорындарда, жылу-электр орталықтарында суды қайта пайдалану технологиясын енгізу қажет. Бүгінде тұщы су қорының қанша екенін болжаудың өзі де қиын. Себебі оны білу үшін ең әуелі аймақтарда гидрологиялық посттар болуы керек. Қазір бізде ондай пост­тар жоқ. Жерасты сулары қо­рына мониторинг те Кеңес үкіметі кезінде жүргізілген, – дейді Анар Тілеулесова. Гидролог жерасты суы күрт төмендегенін көрген Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясын ұзақ жыл бойы басқарған маманның бұл пікірін ин­женер-гидролог Мәлікайдар Мұрат та растайды. Ол Кеңес үкі­меті кезінде Қызылорда облысының жерасты суларына мониторинг жүргізумен айналысқан. Сондағы көпке беймәлім, бірақ мамандар көзімен көрген «сұмдықты» есті­генде мәселенің күрделеніп бара жатқанын байқадық. – Ленинград гидрометеорология институтын бітірген соң Қарақал­пақстан Республикасымен шека­ра­лас бұрынғы Жаңақала совхозы тұ­сында метерологиялық стансада жұ­мыс істедім. Кеңес үкіметі ке­зін­де еліміздің барлық аймағында гид­рогеологиялық экспедициялар бол­ған. Қызылорда қаласының тү­бінде геологтар поселкесі болды. Сол уа­қытта халық қоныстанбаған жерлер, жайылымдар үнемі тексе­рі­ліп, жер­ас­ты суларының деңгейін, сапасын анықтау жұмыстары жүр­гізілетін. Облыстың жерасты сула­ры­ның кар­тасын жасаған «Қазгид­рогеология» атты мекеме болды. Сква­жина­лар­дың, табиғи су көз­дерінің қысы­мы қадағаланатын. Скаважиналардың барлығы бел­гіленген карта да бол­ды, – деп еске алады ол. Бұрын осындай жүйелі жұмыс­тың нәтижесінде жерасты сула­рының деңгейі болжанып отырған. Зейнеттегі гидролог Қызылқұм өңірінің қазіргі жағдайына қатты алаңдаулы. – «Қазгидрогеологияда» жұмыс істеген кезімде он күн сайын жерасты суларының деңгейін өл­шеп тұратынбыз. Ол уақытта су бір деңгейде болды. Жауын-шашын кез­дері ғана аздап көтерілетін. Ке­йін Байқоңыр ғарыш айлағы үшін су тарту қондырғысы салынды. Айлаққа көп мөлшерде жерас­ты суын ала бастаған кезде Қызыл­құм­ның жерасты суларының дең­гейі күрт түсіп кеткен еді. Содан кей­бір табиғи скважиналар тар­тылып та қалды, – дейді Мәлікайдар Мұрат. Кеңес Одағы ыдырауының ал­дында болған бұл жағдай тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында на­зардан тыс қалды. Сол кезде «Қаз­гидрогеология» мекемесі жа­бы­­лып, мал шаруашылығы сала­сы да тоқырауға түскен. Сала ардаге­рі әлі күнге дейін бұл мәселеге ла­йықты мән берілмей отырғанына алаңдаулы. Тәжірибе неге ескерілмейді? У.Ахметсафин атындағы Гидро­геология және геоэкология инсти­тутының директоры Мәліс Әбса­метов те қазіргі Су кодексінде де жерасты сулары туралы сөз жоқ еке­ніне күйінеді. Бұған қоса, Қа­зақ­станда су негізінен транс­шека­ралық көздерге тиесілі. – Дегенмен республикада жер­асты су көзі көп. Олардың ең ірі­ле­рінің бірі Қызылорданың сол­түс­тік-шығысында, тағы бірі Атырау облысында орналасқан. Балқаш көлінің аумағында да термо­ми­не­ралды жерасты суларының үлкен қоры бар. Құндылығы жағынан бұ­лардан кем түспейтін өзге де су көзі көп. Осыншама су ресурсын сақ­тау мәселесін Экология ми­­нистр­лігінің Геология комитеті дең­гейінде көтердік те. Бүгінде су құ­дықтарының қайда апаратынын, қалай жұмыс істейтінін, қанша су айдайтынын анықтап, есепке алу­мен айналысып жатырмыз. Бірақ бұл бағытта да мәселе көп. Үйлердің аулаларында да қазылған иесіз, қа­раусыз ұңғымаларды көп кездес­ті­реміз, – дейді Мәліс Әбсаметов. Ғалым жерасты суларын сақтау принциптері оны ұтымды пайда­ла­нудан тұруы керек деп санайды. Екін­шіден, тасқын мен еріген су­ларды жинау, тау жоталарында су қой­маларын құру қолға алынуы ке­рек. Бұл ретте ол су мәселесін сәт­ті шеше білген Израиль, Аус­тра­лия, Кипр, Ұлыбритания сияқты елдердің тәжірибесіне назар аудар­ған жөн деген пікірде. Дәл жаңағы айтқанымыздай, тасқын суынан бас­тап, жауын суын да тиімді пай­далануды аталған елдер әлдеқашан қолға алған. Қорыта айтқанда, республи­ка­дағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпараттың жоғы біраз проблемаға себеп болып отыр. Мысалы, көптеген ауылды ауыз­сумен қамту үшін қыруар қар­жы бөлініп, скважиналар бұрғы­ла­нып, блок-модульдерді орнатыл­ға­ны­мен, онда бекітілген жерасты су қорларының жеткіліксіздігі бай­қалады. Жерасты су қорының мониторингі жүргізілмейтіні өз ал­дына, бірқатар су қоймасында, тіпті гидрологиялық бекеттерде, тұщы су көздерінде гидрологиялық посттар жоқ. Соның салдарынан салада білікті мамандар да азайып барады. Қалай болғанда да, Қа­зақ­стандағы тұщы жерасты су­ла­ры­ның бірегей кен орындарының қо­рын қайта бағалау өте өзекті мә­селе болып отыр.

Биболат СӘТЖАН