ҰБТ-ға бардың ба, ұпайыңды алдың ба?
ҰБТ-ға бардың ба, ұпайыңды алдың ба?
833
оқылды
Бұрын ҰБТ ата-ана мен түлек үшін біркүндік үлкен төңкеріс болса, қазір жағдай өзгерген. Былтырдан бастап еліміздегі барлық мектеп бітірушілер электронды форматта тес­тілеуден өтіп жатыр. Осылайша, ҰБТ тапсыру әділдік пен тәртіпке бір­табан жақындай түсіпті. Сынақ тапсырушылардың жағдайын білу үшін елордадағы тестілеу пункті орналасқан Тәуелсіздік сарайына ба­рып қайттық. Ұлттық бірыңғай тестілеудің ат­мосферасы алыстан аңғарылады. Есік алдына жиылған түлектер мен ара­сын­дағы санаулы ата-ананың бейнесі де анадайдан менмұндалап көзге кө­рін­ді. Түлектердің бірі тесті ойдағыдай тап­сырып, қуанып шықса, енді бірінің жа­­нары жасқа шыланған. Иә, 11 жыл оқы­­ған біліміңді қорытындылап, үл­кен өмірге жолдама алу кім-кімге де оңай емес. Бірақ былтырғы жаңа өз­геріс­тер­ден кейін ҰБТ тапсырудың өзін­дік мә­дениеті қалыптасқандай. То­пырлаған ата-ана мен артық адам­дар­дың қарасы азайған. Тесті мектеп бо­лып тапсырып жатқандар жоқ. Әр тү­лек жеке-дара таңдау жасап, өздеріне ың­ғайлы күнді таңдап алыпты. Бірін­ші болып пікір білдірген №55 мек­теп­тің түлегі Дәурен Өміржанұлының айтуынша, іште ба­қы­лау қатал. Бір емес, екі камера тест тап­сыру­шы­лар­дың әр қимылын қада­ғалап тұр. Сон­дықтан «шпаргалкадан» кө­шіру де, те­лефон қолдану да мүмкін емес. – Мен шығармашылық емти­хан­ға дайындалып жүрмін. Сол үшін тек Қазақстан тарихы мен оқу са­уат­тылығынан тест тапсырдым. Бар­лы­ғы 35 сұрақтың 24 балына дұрыс жа­уап беріппін. Дайындалған сұ­рақ­тарым келген жоқ. Болашақта де­не­шынықтыру пәнінің мұғалімі бол­ғым келеді. Шығармашылық ем­ти­хан тапсыратындарға 1 сағат қана уа­қыт берді,– дейді Дәурен Өміржанұлы. Қазір мемлекеттік гранттың конкурсына қатысу үшін түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Қай­сысында балы жоғары болса, кон­курс­қа сол балды ұсынады. №82 «Да­рын» мамандандырылған лице­йінің түлегі Тәңірберген Жақсылық бірінші мүмкіндігінен 83 балл жи­нады. Енді маусым айының аяғында екінші мүмкіндігін тапсырып, бұдан да жақсы ұпай алуды ойлап отыр. – Физика-математика пәнін таңдадым. Сұрақтар қиындау бол­ды. Бірақ мен дайындалған жоқпын. Білетінімді белгілеп шықтым. Ақ­па­раттық жүйелер мамандығын таң­дағандықтан, грантқа жетіп қала­­тын шығармын деп үміттенемін. Бақылаушылар барлығын тексеріп кіргізді. Жан-жағымызда камера. Сондықтан көшіремін деу мүмкін емес,– дейді Тәңірберген Жақсылық. Ресми мәлімет бойынша, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырған. Оның ішінде түлектердің 74,7%-ы – қазақ тілінде, 25,2%-ы – орыс ті­лінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті бал­ды 67%-ға жуық талапкер жи­на­ған. Ал орташа ұпай 65 балды құрап отыр. Біз тілдескен түлектердің көп­шілігі физика, математика пән­дерін таң­дапты. Бұл елімізде тех­ни­калық мамандықтарға деген сұ­ра­ныс­тың артқанын дәлелдегендей. Де­генмен ҰБТ тапсырып, жоғары балл жинап қиналғанша, яғни миллиондап ақ­ша төлеп ақылы оқығанша шетелде оқиын дейтін жастар да кездесті. Со­лардың бірі – №37 мектептің тү­легі Береке Асанов. Оның ай­туын­ша, ҰБТ өмірдің соңы емес. – ҰБТ ойдағыдай өтті деп айта алмаймын. Бірақ көңіл күйім кере­мет. Физика-математика пәнін таң­дап 65 балл алдым. Берілген уа­қытты толық пайдаланбадым. Бар-жоғы бір жарым сағат тапсырдым. Қазір Поль­шаға оқуға тапсырып жатыр­мын. Ол жақта оқу біздің ел­дегі оқуға қарағанда әлдеқайда ар­зан. Ком­пьютерлік инженерия ма­ман­дығын таңдадым,– дейді Береке Асанов. ҰБТ графика Бір жылдары ҰБТ-ның сұрақ­тарына қатысты ата-аналар мен тү­лектердің арыз-шағымы көп бол­ған еді. Абылай ханның шапанының қанша түймесі бар екенін, Роза Рым­баеваның концертте киген көй­легі­нің түсі қандай болғанын сұ­ра­ған жағдайлар кездескен. Биыл мұн­дай мәселе туындамапты. Де­ген­мен тү­лектердің айтуынша, кей­бір пән­дерден келетін сұрақтардың базасы жаңарып кеткен. Айта ке­те­йік, талапкерлер тестілеу аяқтал­ған­нан кейін 30 минут ішінде апел­ля­ция­ға бере алады. Сертификат апел­ляция туралы шешім қабыл­дан­ғаннан ке­йін тест тапсырушының жеке каби­нетінде қолжетімді болады. –Биылғы түлектер келетін сұ­рақ­тың мазмұнын да білмей тапсы­рып жатыр. Себебі тест орталы­ғын­дағы ақылы тесттер базасы жаңар­тылмады. Тек нақты тапсыратын тест жаңартылған. Қанша дайын­далса да, көп түлек негізгі тесттен тө­мен нәтиже алуда, – дейді елор­далық мұғалім Әсем Алматова. Мұны тест тапсырушылардың ата-аналары да растап отыр. Үйде көңілі жай таппай, қызымен бірге тестілеу пунктінің алдына келген Ләззат Төлеубаеваның айтуынша, ҰБТ-ның жаңа форматы көңілінен шықпаған. Себебі бала психоло­гия­лық тұрғыда бақылау қиындаған сайын тез сынып қалады. – Шығып жатқан түлектердің барлығы сұрақтардың қиында­ға­нын, базаның өзгеріп кеткенін ай­тып жатыр. Қызым химия, биология пәнін таңдады. Қазір ата-аналардың ҰБТ тапсырып жатқан жерге келуі­не тыйым салынған. Бірақ мен қы­зыма және оның құрбыларына қол­дау білдірейін деп жандарына келдім, – дейді Ләззат Төлеубаева. Бағына емес, бабына байланысты Тест тапсыру қиындады, бақы­лау күшейді десе де, айласын асыр­мақшы болған талапкерлер де кез­десіп жатыр. Айталық, бүгінде 119 талапкер смартфон, «шпаргалка» және басқа да тыйым салынған зат­тарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айы­рыл­ған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәти­же­сі жойылыпты. Былтыр талап­кер­лердің атын жамылып, тестілеуге кір­мекші болған бөгде адамдар анық­талған еді. Соған байланысты биыл ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылуда: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Яғни, тестілеу «1 компьютер – 2 ка­мера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтіп жатыр. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компью­тердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, ен­ді тестіленушінің жеке басын сәй­кестендіруге және бөгде адам­дар­дың кіруіне жол бермеуге мүм­кін­дік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған. – Былтыр Face ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан 18 жағдай анықталды. Биыл біз алғаш рет бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан бір ғана фактіні тіркедік. ҰБТ-ның үшінші аптасында қа­ты­сушы өзінің орнына басқа тұлғаны жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиіс­ті іс-шаралар қабылданды, тес­ті­ле­нуші мен тестілеуге кіруге тал­пынған бөгде тұлға бойынша дерек құқық қорғау органдарына жібері­леді, – дейді Ұлттық тестілеу орта­лы­­ғының директоры Руслан Емелбаев. Сондай-ақ биыл алғаш рет ака­демиялық адалдықты сақтау мақ­са­тында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни, ҰБТ-ның әрбір қатысушысына жеке тест нұсқасы беріледі. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлт­тық тестілеу орталығы ереже бұзу­шы­ларды анықтап, олардың нәти­же­сін жояды. Руслан Емелбаевтың айтуынша, наурыз айында 9 оқушы тест сұрақтарын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген. ҰБТ тест – Шыны керек, тестілеуді оңай тапсыру үшін кейбір тестіленушілер әртүрлі қулыққа баруға дайын. Бі­рақ біздің жүйені ешкім алдай ал­майды. Наурыз айында 9 тестіленуші тест сұрақтарын суретке түсіріп, олар­ды Telegram арналарға таратқан. Бұл мәселені 2 ай бойы толығымен зерттеп, қызметтік тексеріс жүргіз­дік,– дейді Руслан Емелбаев. Ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылған. Ал негізгі ҰБТ-да мұндай жағдай әлі болмапты. Ұлттық тестілеу орталы­ғы­ның директоры WhatsApp нөмірін ашық жариялағаннан бері халықпен тығыз байланыс орнатқан. Кейбір ереже бұзу туралы ақпаратты тесті­ле­нушілердің өздері хабарлап оты­рады екен. Сондай-ақ егер тест тап­сырушы бірінші мүмкіндігінде ты­йым салынған затпен кіруге тал­пынса немесе тестілеуде ұсталатын болса, онда ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды. Ал дәл осы жағ­дай екінші мүмкіндікте болса, онда бірінші мүмкіндігінің нәти­желері жойылып, грант конкурсына қатыса алмайды. Яғни, екі мүмкіндікті пай­даланудың да өзінің ережелері бар. 140 балл алған талапкер жоқ Жалпы, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Ал ҰБТ бас­талғалы бері 140 балл жинаған түлек жоқ. Әзірге 139 балл жинаған екі та­­лапкер ғана тіркелді. Дәл қазір Ұлт­тық тестілеу орталығы 100-ден асқан, яғни жоғары балл жинаған талап­керлердің бейнежазбасын қосымша тексерістен өткізіп жатыр. Ереже бұзған жағдайлар тіркелсе, түлек­тердің барлық нәтижесі жойылады. Биыл ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тест тап­сырушылар саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тес­тілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 бала қатысты. Естеріңізге сала кетейік, мем­лекеттік білім беру грантын таға­йын­дау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жыл­ғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдайды.