Қараусыз қалған қорымдар
Қараусыз қалған қорымдар
507
оқылды
Бұл өмірде төрт құбыласы тең, айнала туысы түгел адам жоқ. Уақыты келген жақынын жер қойнына тапсыру сияқты сынақ әрқайсымыздың басымызда бар. Мұны қазақ: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп берген. Марқұмның ақырғы аманатын орындағаннан кейін басын қарайтып, реті келгенде қабіріне барып, құран бағыштап қайту – бәріміздің парызымыз. Басқа діндегілер мен ұлттағылар туралы кесіп айта қою қиын. Біздер – қазақтар марқұмдардың соңғы әрі мәңгілік үйінің күтіміне, жалпы қорымның жағдайына көп мән бере бермейміз. Оған санамыздағы «өлгендер мекенін жаңғыртуға болмайды» деген түсінік кері әсер ете ме, әлде өзіміздің мойнымыз жар бермей ме? Ешкім дәл солай деп үзілді-кесілді айта алмасы анық. Тек кейінгі жылдары ауылды жерлерде ел-жұрт ақша жинап, мал кезіп кететін қорымдарды қоршауға кірісті. Қалалы жерде барлығы бас­қа­ша. Туған-туыстары жиі бара­тын­дықтан, зираттар мен оның ма­ңын­да біршама жинақылық бар. Со­ны­мен бірге қабірлердің орна­ла­суын­да реттілік сақталады. Де­ген­мен көзге оғаш көріністер де байқалады. Ескерткіш тақталарды қирату, қор­шауларды бұзу сияқты вандализм әрекеттері кездеседі. Жерлеу ісін ұйымдастыруда түрлі түсінбестіктер болып жатады. Со­нымен бірге белгілі мекен-тұрағы жоқ жандарды жер қойнына тап­сыруда қиын­дық­тар туындайды. Осы ойлардың же­тегімен кейінгі жылдары Тал­­дықорған қаласына қа­расты Еңбек және Еркін ауылда­рын­дағы екі қо­рым­да қайтыс бол­ғандарды ақ­тық мекеніне жөнелту және олар­дың мәңгілік мекенінде тазалық пен рет­тілік сақталуына қатысты проб­лемаларды шешудің басы-қасында жүрген, кәсіпкер-журна­лист Сан­дуғаш Дүйсенованы әң­гімеге тар­тып, сыр суыртпақтаған едік. Осыдан біраз жыл бұрын оның жұмыс орнына Виктор Иванов де­ген азамат іздеп келеді. Қарсы ал­дындағы орындыққа тізе бүгіп, ұзақ үнсіздіктен кейін әңгімесін бастап: «Ата-бабаны еске сақтау, өзің­ді олар­дың алдында қарыздар се­зінбеу үшін оларға мәңгіге қо­ныс бол­ған қорымдарды тәртіпке кел­тіру, қабірлерінің маңын таза­лау қа­жет. Марқұмдардың соңғы ме­ке­нінің жағдайына қарап, айна­ладағы адамдар жайлы ой түюге болады. Бірінші кезекте Екінші дүниежү­зілік соғыс батырларының зират­тарын ретте­сек. Олардың туыстары кө­шіп не­месе бұл дү­ние­ден өтіп кет­ті. Қазір ешкім қара­мағандықтан, мүлде тозып тұр» деп­ті күтпеген қонағы. Үлкен кісінің күйзелісі жанын тебіренткен журналист ертеңінде-ақ бастама көтеріп, ұсынысын құп­таған достарымен, әріптес­те­рімен бірлесіп, Талдықорғандағы Екінші дүниежү­зілік соғысқа қа­тыс­қандар мен тағы да басқа ба­тыр­лардың қабірлерін қоқыстан тазартты, қор­шауларын түзетеді. Одан кейін Балпық би ауылында, Текелі қала­сында, Үштөбеде, Са­рыөзекте осын­дай қайырымдылық жұмыс­тарын жүзеге асырады. Осы­дан соң-ақ, бұл шарапатты шара жыл сайынғы дәстүрге айналған. Еріктілер өздерінің игілікті істері жайлы әлеуметтік желілерде жариялай бастаған. Кезінде Тал­дықорғанда туып, осында тұрған, кейіннен тірліктің қамымен, түрлі себептермен шет елдерге қоныс аударып кеткендер де хабарласып, туыстары мен жақындарының қа­бірлеріне көз қырын салуды сұрап, хат жазады. Адамдардың өтінішін орындау барысында мар­құмдар мекендерінің қараусыз, қамқор­лықсыз қалғанына көзі әбден же­теді. Православтар қорымда­рында реттілік, тазалық бар деуге болады. Әсіресе, ата-аналар күнінде адам қаптап келіп, жылына бір мәрте болса да қабірлердің маңын таза­лап, қоршауларын реттеп кетеді. Өкінішке қарай, мұсылман қо­рым­дарында ешқандай әрекет жоқ, мүлгіген тыныштық. Қорым­дар аумағы тазаланбайды, қураған ағаш-бұталар қырқылмайды, қаулаған шөп оталмайды. Желмен ұшып келген қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Бүлінген ескерткіш тақталар, қисайған қоршаулар. Жүрек ауыртады. «2018 жыл-ау деймін, менің мүмкіндігімше істеп жүрген қайы­рымды қарекетімді көрген сол кездегі қала әкімі Дастан Шалта­баев әкімдік пен екі арада ынты­мақ­тастық орнатып, ресми түрде жұмыс істеу туралы ұсыныс жа­сады. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға сәйкес, 500 АЕК кө­леміне дейінгі тапсырысты тен­дер­сіз беруге болатын. Біз ресми түрде келісімшарт жасап, іске кірістік. Ол уақытта облыс бойынша 957 қараусыз-иесіз қорым бар бола­тын. Солардың ішіндегі жергілікті биліктің қарамағындағы отыз қо­рымның бірі Еңбек ауылының жа­нында орналасқан еді. Жұмысты содан бастадық. Тендердің ақша­сына өз қаражатымды қосып, біраз шаруа тындырдық. Ол кезде де, қазір де зират­тар­дың жағдайы оңып тұр деу қиын. Облыстағы зираттардың 95 пайы­зы қараусыз. Жылдап адам аяғы­ның ізі түспеген қабірлер бар. Ең­­бек­тегі зираттың аумағынан ал­ғашқы кез­де-ақ 25 КамАЗ қоқыс шығар­дық. Зираттар орналасқан аумақтарға ит те, құс та кіре береді. Мал жайы­лады. Адамдар құрылыс үшін сары топырақ алады. Қо­қысты әкеліп осында тастайтындар да кездесе­ді», – дейді Сан­дуғаш Елубайқызы. Оның айтуынша, ұрлық та жиі тіркеледі. Зираттар аумағындағы қаулаған шөпті шабуға арналған мотоблок түскі асқа кеткенінде қол­ды болыпты. Шлагбаумдар ор­натса, біреуін қиратып, екіншісін ұрлап әкетіпті. Жерлеуге, қабір­лерге тағзым етуге келушілер, қор­шау тұрғызушылар мен ес­керт­кіш орнатушылар қажет бола қал­са, су іздеп жүрмесін деп үш тон­налық бөшке сатып әкеліп ор­­натқан еді. Оны да алып кетіпті. Электр желілерін қиып әкету де жиі кездеседі. Бұрын «өлгендерді соңғы са­парға аттандыру, жерлеу сала­сы­ның өз мафиясы бар» дегенге сен­беген кейіпкеріміз оның ақиқат екендігіне осы салада тендерді ұтып алғанда бірден көз жеткізіпті. – Конкурстың ертеңінде теле­фонға белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Бейтаныс жан кездесіп, бір проб­леманы реттеу қажеттігін айт­ты. Кешкісін қаладағы кафелердің бірінде жолықтық. Бейтаныс жас жігіт күтіп алды. Созбақтамастан, бірден әңгімеге көшіп, Талды­қор­ған қаласына қарасты Еңбектегі және Еркіндегі қорымдарға бір­неше жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқанын айта келе, иесіз мәйіттерді жерлеу әйелдің ісі емес екенін емеурінмен білдірді. «Сон­дықтан біз көмектесеміз. Оларды (иесіз мәйіттерді) жерлеуге бөлін­ген 800 мың теңгені де өзіңе қал­дыр, оған қоса ай сайын 100 мың теңге беріп тұрамыз» дегенде төбе шашым тік тұрды. Келіспедім, қорқытты, үркітті. Ақыры қойды. Еркін қорымындағы кезінде кү­зетшілерге салынған үйлерде тұрып жатқандарды шығару да біраз мәселе туындатты. Оны да реттегендей болдық. Жылдар бой­ғы журналистік қызмет барысында құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста болғаным көп көмектесті,– дейді әріптес. Алайда Еркіндегі екі үйге қа­тысты проблема әлі де шешімін таппапты. Іздетіп жүріп үйлердің ресми қожайындарын тапқан. Сол кезде барып, күзетшілер баспанасы тұрған жерімен бірге жекеменшікке өтіп кеткенін біледі. Мемлекетке тиесілі, жалпыға ортақ пайдалануға арналған жердің қалайша жеке­меншікке өтіп кеткені түсініксіз. Артынан анықталғандай, 2011 жылы қалалық әкімдік ұйымдас­тырған аукционда жерді және екі үйді «Жигули» ЖШС сатып алып­ты. Қазір зиратқа қызмет көр­се­тетіндер сол серіктестікке жалдау ақысы ретінде ай сайын 30 мың теңге төлеп тұрады. Көпшілікке ортақ пайдалануға арналған мемлекетке тиесілі жердің белгілі бір бөлігінің жекеменшікке саты­лып кетуі заңсыз екені жайлы бар­лық құзырлы органдарға жа­зылған шағымдар аяқсыз қалған. Қалалық әкімдік қана үйлер орна­ласқан жерді қайтара алады. Бірақ ондағылар қозғалар емес. Сандуғаш басында адамдарға көмектесу үшін осынау істі бас­тағанымен, кейіннен журналис­ті­гіне қоса қорымдарды күтіп ұстау, жақынын жоғалтқандарға мар­құм­дарды жөнелту қызметтерін көр­сетуге бел шешіп кірісіп кетеді. Үйі-күйі жоқ, жақын-туыстардан айырылған жандардың ақтық са­парға аттануын да тиісті жорал­ғыларға сай атқаруды ұйымдас­тырады. Осынау күрделі рәсімдерді жұрт көңілінен шығатындай, заң талаптарына сай жүзеге асыру үшін «Алматы қаласындағы рә­сімдік қызметтер көрсету жөнін­дегі мамандандырылған комибнат» ЖШС директоры Мэлс Толыс­паев­ты арнайы іздеп барып, ақыл-кеңесін алыпты. Қорымдарға қыз­мет көрсету жұмыстарын жаңа деңгейге көтерген, осы саланың білгірлерінің бірі болып саналатын азамат басқаратын кәсіпорын Ал­маты қаласының бюджетінен қар­жыландырылады және қала ау­мағындағы және оның маңындағы барлық зираттарды қадағалап оты­рады. Сонымен бірге қабір қа­зушылардың, зембілмен алып жүр­ушілердің қызметін ұйым­дас­тырады, рәсімдік автотехника бе­реді, жерлеуге қажетті тауарларды сатады. Қысқаша айтқанда, мә­йітті қабылдап алудан бастап, жер қойнына тапсырғанға дейінгі жұмыстың бәрін атқарады. Түскен қаржы қаланың қазынасына құйылады. Өзінің 500 мың теңге қаржысы мен мемлекеттің 1 250 мың теңге ақшасына Еңбектегі қорымның жаңа форматын жасауға кіріс­кен­нен бері тек түсінбестікке тап бо­лып келеді. Адамдардың қайғы­сы­нан ақша жасап қалғысы келетін­дер көп екен. Олар жерлеу ісінде қыз­мет көрсету құқын иелену үшін кейде түрлі қулықтарға, заңсыз­дықтарға дейін баратын көрінеді. Мәселен, Еркіндегі қорым ресми түрде жабық болғанымен, кейде онда бұрыннан бар қабірдің жаны­на адам жерлеуге жол беріліп келген. Басқа да былық-шылық бар екен. Біздің елде де барлық өрке­ниетті мемлекеттердегі сияқты жерлеуге қатысты заң қабылдап, онда барлығын егжей-тегжейлі жа­зу керек. Талдықорған қаласын­дағы барлық зираттар бойын­ша құжаттандыру жүргізу қажет. Қазір бірде-бір құжат жоқ. Облыс бо­йынша 971 қорымның 10 пайы­зы ғана заңдастырылған. Қал­ған­дары иесіз, қараусыз қалған. Олар­дың 20-сы Талдықорған қа­ласына қарасты. Іс жүзінде жұмыс істеп, өлілерді қабылдап отырған зи­рат­тар картада жоқ. Тек жерге алынған мемлекеттік акті бар. Мәселен, 2011 жылы Еркіндегі қо­рым құ­рылысына 64 миллион теңге жұм­салыпты. Сол тендердің техни­ка­лық шарттары табыл­мап­ты. Екі үй тұрғызылып, бірнеше метр қоршау орнатылған. Ал 2011 жылы 64 миллионға қыруар жұмыс атқаруға болатын еді. «Әзірге Талды­қор­ған қаласы маңындағы зи­раттардың бітіп болмас пробле­малары тек мені ғана мазалайтын сыңайлы», – деп қынжылады кә­сіп­кер-журналист.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы