Сол жағалауға серпін керек
Сол жағалауға серпін керек
516
оқылды
Бүгінде Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын мекен етіп жатқан халықтың қарасы аз емес. Жаңа қаланы дамыту мақсатында өркенді істер қолға алынған күннен бері бұл аймақтан қайнаған тіршіліктің лебі сезіледі. Сол жағалауды тотықұсша таранып, жаңаша кейіпке енгізу қыруар қаржыны қажет ететіні белгілі. Табанды шешімнің ар­­қасында аталмыш аумаққа бөлінген қар­жыны тиімді игеруде тұрғын үй, әкім­шілік және кәсіпкерлік мақсаттағы ғи­мараттар, жол, инженерлік-инфрақұры­лым жүйелері салынып, жайлы өмір орнатуға жасауға бетбұрыс жасалды. Әкім­шілік, оқу ғима­рат­тары, жастар орталығы жаңа қала­ның көркін ашатын әсем ғи­мараттарға ай­налды. Десе де, атқарылған жұмыстан атқа­рылар істің көптігі әлі де аңғарылады. Бүгінде сол жағалауға серпін беретін тың жобалардың тұралап қалғанын бай­қауға бо­лады. Оған әлемді шарпыған қа­уіпті індеттің салқыны тигені белгілі. Оның үсті­не, қымбатшылық қысқан ке­зеңде құрылыс заттары бағасының шарық­тап кеткені көп­теген жұмысқа қолбайлау болып тұрғаны түсінікті. Дей тұрғанмен, сол жағалау жұрт­шылығы бардың өзін баптай алмай тұрға­нымызды айтып, ашынып отыр. Сәті түсіп сол жағалаудағы жаңа қалаға бара қалсаңыз, алдымен тұрғылықты ха­лық тарапынан интернет желісінің қиын­дық туғызып отырғанын естисіз. Ұялы бай­ланыс операторларының интернет қызметі де көңілдегідей емес. Үй интернеті мен ұялы бай­ланыс қызметі талапқа сай болмай тұр­ға­нын айтқан өңір халқы құ­зырлы орындар та­рапынан бұл түйткіл түйі­нін таппай отыр­ғанына ашынады. Интернет пен ұялы бай­ланыс қызметінің сапасын көтеру үшін ар­найы мұнаралар қондырылуы қажет еке­нін алға тартады. Сол жағалаудағы жол сапасы да көңілден шықпайды. Әсіресе, тұрғын үйлер ауласын­дағы жол тарлық етіп тұр. Жалғыз аяқжол айналуға келмейді. Нақты айтқанда, бұл жолмен жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігінің жүруі қиындық туғызып тұр. Осылай деп мұңын шаққан тұрғы­лықты халық бұл жол салуда жіберілген өрескел қателік екенін алға тартады. Сол жағалауда бой көтеріп жатқан жаңа қаланың келбеті көз сүйсінтеді деп әлі де айту ерте сияқты. Бүгінде қалада бой түзеген бірнеше зәулім ғимаратты айт­пағанда құла­зыған дала, ұйытқып соққан құмды дауыл­дан көз ашпай отырған тұрғындардың жан­ай­қайы бекер емес. Аймақта көркейту мәселесі кенжелеп тұрғанын аңғаруға болады. Сол аумақ тұрғындарының айтуынша, есік алдын өз күштерімен көшеттер отыр­ғызып, гүл егіп, көркейтуге ниетті. Алайда аяқсу мәселесі қолға тұсау болып тұрғанын алға тартып отыр. Өздері тұрып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердегі арықтарға бір тамшы су тамбай, кеуіп қалған. Ал есік алдына еккен талдарға үйлерінен шелектеп су тасып құюға мәжбүр екен. Жоғары қабат тұрғындары тіптен ауызсуды сорғымен тартып ішіп отырғанын, судың қы­сымы аз екенін мәлімдеді. Әу бастан жаңа қаланы салу ісі қолға алынған тұста жоспарға сәйкес иесіз жат­қан иен дала түрленіп, өзгеше күйге ене­ті­ні ай­тылған. Көркейту-көгалдандыру жұ­мыста­рының нәтижесінде жасыл же­лек­ті аймаққа айналады деп күтілді. Ал­ғашқы жобаға сәйкес бұл аймақтан «Гүл бульвары» жобасы жүзеге асырылатыны айтылды. Жаңалық көпшілікке жария болған алғашқы кезде оның нобайын комиссия анықтап, келісім бергені мәлім болған еді. Содан бері біраз жыл өтсе де, әлі күнге сең қозғалар емес. Жалпы жоспарға сәйкес, бульвардың жалпы аумағы 12 гектарды құрайды деп жоспарланған. Оның айналасына субұр­қақ, балалар алаңы, көлік тұрағы және кіші архитектуралық фигуралар бой тү­зейтіні айтылып қалды. Бұл сол жағалауға алдағы уақытта салынады деп жоспар­ла­нып отыр­ған 9-12 қабатты тұрғын үйлердің ортасы осы ғажайып көрініспен әрленіп, ерекше сән беретін көрікті орынға айна­латынына нық сенім болды. Алайда ел күткен ерекше орын әзірге тек сөз күйінде қалып тұр. Бір кездері Қызылорда облысы әкімі қызметін атқарған тұста Қырымбек Кө­шер­баев сол жағалаудағы жаңа қаланы шы­ғыс­тық сәулет үлгісі негізінде дамыту көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл аумақ­та 11 шағынаудан, 3 саябақ, индус­триалды ай­мақ, әлеуметтік ны­сан­дар мен бизнес ор­­та­лықтары және сауда орын­дары салы­на­тыны жоспарланды. Сондай-ақ білім, емдеу мекемелері, театр, мұражай, стадион секілді әсем ғимарат­тармен қатар демалыс орын­дары ашылады деп күтілді. Бір сөзбен айт­қанда, 1 500 гектардан астам аумақты алып жатқан жерге демалыс орын­дары, әлеуметтік және кеңсе ғима­раттары, сауда орындары салынып, құла­зыған да­ла­ны көрікті ме­кенге айналдыру көзделді. Бұған 88 млрд теңге тар­тылатыны да тілге тиек болды. Содан бері бірнеше әкім ауыс­ты. Ал ат­қарылған жұмыс­тар әзір­ге кө­ңілден шық­пай тұр. Есесіне қол­да бар­дың өзіне күтім жасалмай, тозып бара жат­қаны сол аумақ халқын ашындырып отыр. Ал осы аумақтан тұрғын үй кезегіне тұрғанымен, бір баспанаға қол жеткізе алмай, қиналып жүрген жандар да аз емес. «Негізінен, Қызылорда қаласының сол жағалауын кешенді дамыту мақсатында жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл тұрғыда тұрғын үй кешенін салу, ха­лықты арендалық тұрғын үймен қамту ісі жоспарға сай атқарылуда. Мәселен, сол жағалаудағы №4 квартал №7,8,9 учаскедегі инженерлік инфрақұрылымын жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 710,8 млн теңге қаржы бөлінген. Соның негі­зінде осы орамда са­лынған 10 көпқабатты тұрғын үй­дің аулаара­лық жұмыстары атқарылып, алдағы уақыт­та 680 пәтердің кілті өз ие­леріне табыс­та­латын болады. Жалпы, атал­мыш аумақта осын­дай жұмыстар рет-ре­ті­мен жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді бізге Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі. Жалпы алғанда, қалың ел жағалай қо­ныстанған сол жағалауды дамытуда әлі та­лай серпінді жобалар атқарылуы қажет екені аңғарылады. Құлазыған даланы жа­сыл же­лекті аймаққа айналдыру үшін мін­детті жұмыстарды межелі уақытында са­па­лы жүргізу қажеттігі өздігінен сұранып тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы