Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды
Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды
© azh.kz
690
оқылды
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы кейін өтетін болды.
"Судьяның өзге қылмыстық іс бойынша кеңесу бөлмесіне кетуіне байланысты Бақытгүл Хаменоваға қатысты істі қарау кейінге шегерілді", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Бақытгүл Хаменованың ісі Атырау қаласының №2 сотында қаралады. Биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына  Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке,  Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігімен "Б" ЖШС-ның директорына қатысты қылмыстық іс түскен. Еске сала кетсек, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсанда қамауға алынған. Онымен бірге Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алу күдігіне ілінген. Күдіктілерге Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Кейін ол тергеу изоляторына қамалды. Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс  Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен тергелді. Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқаруға 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалған.