Барлығы 4 ай ішінде партиялықтар 578 ауылдық елді мекенді аралап, 5 мыңға жуық азаматты қабылдады.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Партия мүшелері Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 160-тан астам азамат келіп, 12 шалғай елді мекен қамтылды.
Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті.
Аманаттықтар Маңғыстау облысына қарасты Бостан, Оңды, Тұщыбек, Жыңғылды, Дәулет, Атамекен және Жетібай сияқты барлығы 7 ауылға барды.
«Бүгінде біз үшін электр тогы күшінің әлсіздігі күрделі мәселе болып тұр. Әсіресе жаз мезгілінде көп қиындық туғызады. «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ қарамағындағы үйлерде вольт күші төмендейді. Қосымша трансформаторлық қосалқы станса орналастырса жақсы болар еді», – деді ауыл тұрғыны Нұрлан Сағындықов.Ауыл тұрғындарының бірі Руслан Шамкелов интернет байланысының сапасына шағым айтты.
«Интернет байланысын пайдалану қиындық туғызады, өйткені жылдамдық айтарлықтай төмен. Қазақтелекомнан бізге байланыс желісі тіректерін орнатуын сұраймыз», – деді ол.Ал Маңғыстау ауданына қарасты Оңды ауылында азаматтар мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін көтерді. Жергілікті тұрғын Тілек Нұртілеуов білім беретін мектебі жоқ көрші Бекі ауылының мәселесін көтерді. Бұл партия бақылауына алынып, оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлінген. Осы күні «AMANAT» мобильді бригадалары Батыс Қазақстан облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Долинское, Жарсуат, Қарауылтөбе, Ақбұлақ және Макарово ауылдарында болды.
«Неліктен ауа райының құбылмалығына тәуелді болып, жел сымдарды үзіп кететін-кетпейтінін өзіміз болжап білуіміз керек? Біз электр беру желілері мен тірек бағаналарын ауыстыруды көптен бері сұрап келеміз. Өйткені қазір барлығы жартылай орындалып, жартылай аяқсыз қалады», – деді ауыл тұрғыны Марат Садықов.«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановты мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті.
«Біз еліміздің 14 өңірін қамтыдық. Партияның облыстық не аудандық филиалына бара алмайтын шалғай ауылдарға ерекше назар аудардық. Небәрі 4 ай ішінде біз 578 ауылда 4 717 азаматты қабылдадық», – деді Азамат Біржанов.«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 65 мыңнан астам адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 13 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 36 мың адам қабылданды. Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:
- Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
- WhatsАpp: 8 700 800 4441
- E-mail: komek@amanatpartiasy.kz