Пойыз билетін жеңілдікпен сатып алуға болады
Пойыз билетін жеңілдікпен сатып алуға болады
755
оқылды
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы пойызбен жиі жүретіндер үшін 25 проценттік жеңілдік жасалатынын мәлімдеді. Ол үшін арнайы дисконттық картаны сатып алу қажет. Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жеңілдік бүгіннен басталады.
«Күміс» дисконттық картаның құны – 7 999 теңге. Оның жарамдылық мерзімі – іске қосылған сәттен бастап бір жыл. Дисконттық картаны билет кассаларынан сатып алуға болады. Ол дербес болып табылады және 16 жастан асқан жолаушыларға арналған» делінген ресми хабарламада.
Билеттерді офлайн және онлайн сатып алу кезінде картаны пайдалануға болады. Әзірше бұл – пилоттық жоба. Сондықтан карталар саны шектеулі.
«Жол жүру құжаты (билет) тек бір жеңілдік тарифтік шарты бойынша сатылады және басқа жеңілдікті тарифтік шарттармен жинақталмайды. Жеңілдігі бар жолаушыларды теміржол билеттерін ресімдеу және сатып алу кезінде мұқият болуды және «жеңілдіктер» немесе «төмен бағалар» санатын дұрыс таңдауды сұраймыз», – дейді компания мамандары.
Айта кетейік, бүгінде әлеуметтік маңызы бар бағыттарға 38 маршрут кіреді.