Отандық компаниялар шетелдік маманға неге құмар?

922
0
Бөлісу:
Қазақстандық компаниялар шетелдік мамандарды шақырып, соларға жұмыс беруге неліктен құмар?

 «Optimum Recruitment&Executive Search» рекрутингтік агенттіктің директоры Дина Әбілхожина ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген дәл осы сұраққа жауап берді.

«Егерде экспаттар (шетелдік мамандарға арналған сленг атау) Қазақстанға жұмыс істеуге келер болса, онда олар жоғары топ бос жұмыс орындарын иеленеді. Ол маркетинг жөніндегі директор немесе компаниялардың, қаржы институттары өкілдіктерінің, кеңселерінің басшылары болуы мүмкін. Негізінен бизнесті қалыптастыратын стратегиялық позицияларға экспаттар шақырылады. Ал төмен қызметтерге оларды тартудың еш қажеттігі де жоқ», – деді Әбілхожина.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қазақстандық компаниялар әртүрлі елдердің мамандарын қызметке шақырады. Дегенмен, олар орыс тіліне жетік Украина мен Ресей мамандарына көбіне басымдық бергенімен алыс шет елдерден келетін экспаттар бар.

«Негізінен олар ІТ саласының мамандары. Яғни, олар белгілі бір жүйенің түрлі модульдеріне қатысты кеңесшілері болуы ықтимал. Ал оларға басымдық берілуінің басты себебі шетелде бұл нарық өте жақсы дамыған әрі белгілі бір компанияның, халықаралық кеңсенің жұмысы дұрыс жолға қойылған. Сол себепті олардың мамандарының бізге қарағанда шетелдік тәжірибе алуға мүмкіншіліктері мол. Мәселен, ол Ресейде жұмыс істеп, кейіннен Германияға және одан ары халықаралық тағайындаумен ілгерілеуі мүмкін. Яғни, адам бір компанияның құрылымында түрлі елдерде жұмыс жасай алады», – деп түсіндірді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстанда мұндай мүмкіншілік ұсынатын компаниялар тым аз.

«Ал шетелде бұл ынталандырудың маңызды қозғаушы күші саналады. Сол себепті білімі мықты «болашақтық» болса да, тілді керемет меңгерсе де тек Қазақстанда ғана жұмыс істеген адамның халықаралық жұмыс тәжірибесі кемшін түседі. Дегенмен, біздің мамандар шетелдіктерден кем емес. Тіпті, олардан асып түсетіндері де бар», – деді Әбілхожина.

Сонымен қатар ол бүгінгі күні еліміздегі экспаттардың саны кеміп келе жатқандығын айтты.

 

ҚазАқпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*